Bugin

Ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі көшеге беріледі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Астанада көшелердің біріне өртсөндіруші Асқар Забикулиннің есімі беріледі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2022 жылғы 1 желтоқсандағы Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында (Үркер ТМ) орналасқан Е-583 көшесінде адамдарды құтқарған және өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды» делінген хабарламада.

Сондай-ақ Асқар Забикулиннің есімін батыр қызмет еткен №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне беру, мекеме алдына бюст орнату ұсынылған. Сонымен қатар Асқар Забикулиннің естелік суретін Астана қаласының Пушкин көшесінде орналасқан "Құтқарушылар саябағындағы" ақпараттық тақтаға орналастыру туралы шешім қабылданғаны айтылды. Бұл саябақта бұрын қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат орналастырылған.

«Қаланың ономастикалық комиссиясының отырысында қаралған ұсыныстар қарау үшін Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауларына, Астана қоғамдық кеңесінің қарауына жіберіледі» делінген хабарламада.

Еске салайық, 20 қарашада өртсөндіруші Асқар Забикулин ауруханада жан тапсырғаны белгілі болды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы құтқарушының өмірі үшін күресті. Асқар Забикулинді Көкшетау қаласында жақындары соңғы сапарға шығарып салды.

Бұған дейін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған еді.