Bugin

Өзінің жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, 6 миллион теңге жымқырған жігітке үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бұрынғы жұмыс орнынан 6 млн теңге жымқырған Жетісай тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

2022 жылдың тамыз айында Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Онда арызданушы жергілікті тұрғын өзінің сусындар тұратын қоймасына белгісіз біреу кіріп, кассадан 6 млн теңге ұрлап кеткенін көрсеткен. 

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің (Ұрлық) бабы бойынша тіркеп, қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды.

Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталып, ұсталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.

Полицейлердің тергеу әрекеттері барысында күдікті бұрын сол жерде жүк тасушы болып жұмыс істегені анықталды. Ол ұрлық жасамас бұрын сол күні қойма ішіне кіріп, жұмысшылардың үйіне қайтқанын күтіп, 5 сағаттай жасырынып отырған. Жұмыс уақыты аяқталып, қоймадағылар үйлеріне тарқаған сәтте ешкімнің қалмағанына көз жеткізіп, арам ойын іске асырған. Яғни, қойманың терезесінен кассаға өтіп, 6 млн теңгені сөмкесіне салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Одан айғақты зат ретінде 1,5 млн теңге алынып, иесіне қайтарылған.

Осы іс бойынша жан-жақты тексеру шараларын атқарып, дәлелдемелерді жинақтаған полицейлер іс құжаттарын айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде сот үкімімен 23 жастағы жас жігіт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған қатысты 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.