Қоғам

«Баламды әскерге мүгедек болсын деп жібермедім»: Астанада сарбаз өз анасын танымай қалған

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Астанадағы Ұлттық ұлан әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаз анасын танымай қалған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, әскерге сау кеткен ұлы енді өзін танымай қалған.

«Ол мені мүлде танымай қалған, маған сенбейді де. Ашылып сөйлесе де алмаймыз. Тұйықталып, сөйлемей қалған. Мен баламды ауырып, мүгедек болсын, ауруханаға жатсын деп әскерге жібермедім», - дейді анасы Дина Жүсіпова

Сарбазды жексенбі күні кешке ауруханаға жеткізген, ата-анасы сол күні баласының жағдайын білген. Дина Жүсіпова таңертең ерте келгенімен, ұлын кешке ғана көрген. Оның айтуынша, дәрігерлердің ешқайсысы жігітке не болғанын білмейді екен. 

Анасы түсірген видеода ұлына сұрақ қойғанымен, ол жауап бермейді.

«Ернар, сені біреу ұрды ма? Сержант ұрды ма? Айтшы, мен саған көмектесемін. Міне, бар реакциясы осындай», - дейді анасы бейнежазбада.

Әскери бөлімдегілердің айтуынша, сарбаз асханада кешкі астан кейін баспалдақпен көтеріліп келе жатып, есінен танып қалған. Ешқандай ұрып-соғу болмағанын айтады. Қатардағы жауынгер ауырып қалғаннан кейін жедел жәрдем шақырған. Бөлім командирінің орынбасары дәрігерлер «талма синдромын» қойғанын айтады.

«Денесін тексерді, жарақат анықталған жоқ. Біз сынама, МРТ, КТ жасадық – барлығы жақсы. Бұл жағдай туралы сарбаздың ата-анасы мен құзырлы органдарға дереу хабарын айттық. Қазір бөлім ішінде сарбаздың диагнозы бойынша тексеріс пен тергеу жүргізіліп жатыр, соған байланысты нәтижелер белгілі болады», – деді Ұлттық ұлан №5575 әскери бөлімі командирінің орынбасары Айдарбек Жүсіпбеков.