ДЕНСАУЛЫҚ

"О дүниеге бірнеше рет барып келді": Астанада науқас әйелдің басынан ерекше оқиға өтті

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Елордадағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың дәрігерлері науқастың өмірі үшін 35 күн бойы күрескен. Бір тәулік ішінде оның жүрегі 53 мәрте тоқтап, қайта соға бастаған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Науқас 6 қаңтар күні миокард инфарктісі бойынша жедел жәрдем көлігімен өте ауыр жағдайда көпбейінді ауруханаға шұғыл түрде жеткізілді. Түскен сәттен кейін 10 минут ішінде оған ота (каронарография және стенттеу) жасалды.

Қан айналымы үнемі тоқтап тұрды. Дәрігерлер күні-түні науқастың жүрегін қалпына келтірумен айналысты. Жүрек қағысы бір күнде 53 рет тоқтады. Жасанды жүрек пен өкпе қызметін атқаратын ЭКMO (экстракорпоральды мембраналық оттегімен қанықтыру) қосуға тура келді.

Дәрігерлер 35 күн бойы пациенттің жанынан кетпеді, тұрақты бақылау жүргізілді. Осы уақыт ішінде қан кету болды, содан кейін қабыну реакциясы, сепсис және жүйелік көп мүшелік жеткіліксіздік пайда болды.

"Науқасты о дүниеден бірнеше рет қайтарып алу, оны аяққа тұрғызып қана қоймай, дененің барлық қызметін сақтау мүмкін болды. Мұндай операцияларды тіпті бірнеше рет жасаған тәжірибелі реаниматологтар "медициналық ғажайып" деп атайды", - деді кардиобит бөлімінің меңгерушісі Расул Сағынаев.