Психология

Психологиялық курстардың не пайдасы бар? - Маман жауабы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазіргі таңда қыз-келіншектер арасында "Әйел энергиясы", "Есті (осознанная) болу", "Әйел бақытына жету жолы", "Өзіңді табу", "Әйелдік қасиетті арттыру", т.б. түрлі тақырыптар белсенді талқыланады. Сондай-ақ курстар мен вебинарларға қатысып, отбасындағы қарым-қатынастың дұрысталғанын, күйеуімен арасындағы сезімнің арта түскенін, өзін бағалай бастағанын, әке-шешесіне деген өкпе-ренішті жібергенін айтады.

Осы нәтижеге жетуге көмектесетін тренер, мотиватор, коуч пен психологтар әлеуметтік желілерде блог жүргізіп жүр. Алайда бұл тақырып аясында халықтың пікірі екіге бөлінеді. Бірі мұны жай уақытша дүние десе, енді бірі адамдардың осылай ізденгенін дұрыс деп санайды. Bugin.kz тілшісі "Біздің қоғамда әйелдер мотивацияны өзгеден іздегені дұрыс па?" деген сұрақ төңірегінде психолог-психосомат Айнұр Мұхамеджановамен сұхбаттасты.

"Өзіңді алға жетелейтін, мақсатқа ұмтылдыратын жігерді табу оңай емес. Алайда мотивацияны сырттан, басқа адамнан күту әрдайым нәтиже бермейді. Мұндай курстарға барған кезде сол уақытта жігерленіп, іштей бір күш пен алға ұмтылу пайда болғанын сеземіз. Бірақ шамалы уақыттан кейін тағы сол баяғы күйге түсесіз. Мұның себебі: сіз курстар мен вебинарларда мотивацияны басқадан іздейсіз. Сыртқы мотивацияның әсері, әрі кетсе, 1 аптаға жетеді. Сондықтан өзіңізге деген сенім тұрақты, қалауыңыз анық болуы керек. Яғни, мотивацияны өзгеден емес, өзіңізден іздеңіз", -  дейді психолог.   

Айнұр Мұхамеджанова әрбір адам өзіне не керек екенін біледі деп санайды.

"Сол үшін әйелдер ішкі жан дүниесіне де жиі үңілуге тиіс, білімін арттырып, пайдалы курстарға қатысу керек. Сапалы семинарлар мен пайдалы коучтардан құр қалмауға тырысу керек. Көбінесе ондай жерге өзін жақсы тарапқа өзгерткісі келіп, дұрыс өмірге қадам басқан жандар барады", - дейді психолог-психосомат.

Фото: жеке архив

Фото: жеке архив

Маманның айтуынша, қыз-келіншектер күйзелістің алдын алу үшін өзін дамыта беру керек.

"Қыз-келіншектер өміріне не керек екенін, өзінің не қалайтынын зерттегені жөн. Адамдар бір біріне міндетті емес, әр адам өзіне қалай ыңғайлы, сол өмірді таңдауы маңызды. Ең басты нәрсе адамдар өзін-өзі бағалап, жан дүниесіне үңілсе, бұл проблемалар шешімін табар еді.

Егер адам өзгерісті қаласа, бастау керек. Көпшілігі басын тасқа да, тауға да соғып шаршап, көмек сұрап жатады. Мәселесіне жауап іздеп, түрлі сабаққа, вебинарға қатысып, бірақ ешбірі көңілден шықпағанын айтып жатады. Соңында бәрінің айтатыны бір: "Неден бастарымды білмеймін...". Есіңізде болсын, біреу сіздің өміріңізді әп-сәтте өзгертіп бермейді. Өзгеріске де ниет, уақыт пен күш-жігер қажет", – дейді психолог-психосомат маман Айнұр Мұхамеджанова.          

Сағыныш Нұрахметова