МӘДЕНИЕТ

Наурыз мейрамына арналған ерекше құттықтаулар мен тілектер

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

21-23 Наурыз - Ұлыстың ұлы күні. Осыған орай bugin.kz порталы ашық дереккөздерде жарияланған ең ерекше құттықтауларды ұсынады.

Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі; Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі; Наурыз - әрбір шаңыраққа шыраққа шырақ жағылып, «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі; Наурыз – жеті дәмнен Наурызкөже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын Ынтымақ-бірлік мерекесі; Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.

.......................................................

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.

Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз - көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол - өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.

Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

.......................................................

Шын жүректен Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Көктемгі күндер Сіздерге денсаулық, табыс, қуаныш, береке алып келсін! Әрбір арайлап атқан таң шапағат нұрын сыйласын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
 
Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Күн – Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

.......................................................

Сіздерді келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең», әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен, ән-жырымен қарсы алыңыздар. Жастарыңыз ұзақ, көңілдерініз көтеріңкі, аспандарыңыз ашық болсын.

.......................................................

Наурыз – бұл ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыруы. Осы бір табиғат ана көгілдір көктемнің жып-жылы шапағатымен жайнап тұрған сәтте сіз де зор қуаныштарға бөленгейсіз! Жаныңыз күн нұрындай жарқырап, ал көңіліңіз мейірімділік пен махаббат сезімдеріне тола берсін!

.......................................................

Шығыс халықтарыңа ортақ үлкен мейрам Наурыз — бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, баққыттың мерекесі саналады. Олай болса құрметті қауым, барлықтарыңызға татулық, береке - бірлік тілеймін. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

.......................................................

Бай қылсын,

Төрт түлік сай қылсын,

Кетпес дәулет берсін,

Отауыңа сәулет берсін.

Бастарыңа бақыт қонсын,

Қастарыңа нөкер толсын.

Дұшпандарың жоқ болсын.

Көре алмаған қаскөйдің,

Іші күйіп шоқ болсын.

Ризық, нәсібің тасып,

Көңілдерің тоқ болсын.

Туған балаларың ер жетіп,

Өсіп үлкен ел болсын,

Бақталасың кем болсын.

Дәулетің шалқып, сел болсын,

Дастарқаның кең болсын!