Bugin

Атыраудағы дала өрті ауыл тұрғындарының үйіне дейін жеткен

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Атырау облысында үш тәуліктен аса уақыт бойы Каспий теңізі жағалауындағы жанған қамысты сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, Атырау облысындағы дала өрті ауыл тұрғындарының үйіне дейін жеткен. Өңірде Төтенше жағдайлар қызметі өкілдері 3 күн бойы қызыл жалынмен күресіп жатыр. Осы уақытқа дейін 80 гектардан аса өрт сөндірілді. Қызыл жалын 90 гектар жерге жайылып үлгерген.

Жергілікті жердің сулы-батпақты болуына байланысты өрт сөндіру техникасы өрт ошағына жете алмағандықтан, сөндіру жұмыстары жаяу тәртіппен хлопушкалардың, аспалы өрт сөндіргіштердің көмегімен жүргізіліп жатыр. Жолы бар басқа учаскелерде тиісті өрт сөндіру техникасы жұмылдырылып жатыр, - деді ТЖМ баспасөз қызметі өкілі.

Өрт сөндіруге "Қазавиақұтқару" АҚ-ның су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы шыққан. Әуеден 14 рет су бүркілген. Барлығы 70-тен аса адам және 20-ға жуық әртүрлі техника жұмылдырылған.

"Ақ Жайық" басылымы мәліметінше, қамыстың өртенуінен ауыл шетіндегі 20 шақты отбасы зардап шеккен. Құрсай ауылында қоралар мен бірнеше үй, жылыжайлар да жанып кеткен.

Менің ауламдағы үлкен жылыжай өртеніп кетті. Ол сапалы, қымбат салынған. Сонымен қатар, біз аулада жинаған құрылыс материалдары, барлық жабдығы бар пеш жанып кетті. Өртсөндірушілер келгенге дейін көршілерімізбен бірге су сорғыларымен сөндіруге тырыстық, тек тұрғын үйді сақтап қалдық. Өртсөндірушілерді бір сағат күттік. Егер олар ертерек келгенде бәрін сақтап қалар едік. Егер өрт түнде шыққанда не болар еді? Ойлау қорқынышты, - деді Құрсай ауылының тұрғыны Мөлдір Дүйсекенова.

Тұрғындар Перетаска су арнасы бойындағы аймақ жыл сайын өрттен зардап шегетінін айтады. Құрсай ауылы ұзақ уақыт бойы қалаға тиесілі болғанына қарамастан, өртті уақтылы жою үшін жағдай жасалмаған. Арнайы техникалар өрт болған жерге жете алмайды.

Жыл сайын біз өрттің үйлерімізге жетуінен қорқып, түтінге тұншығып қаламыз. Осындағы халықтан "үйде құжаттар мен қажет заттар бар салынған чемодан бар ма?" деп сұрасаңыз "иә" деп жауап береді. Бұлай өмір сүру дұрыс емес. Біз шаршадық. Қатты желмен бірге өрт біздің аулаға жетіп, дүние-мүлкіміз өртеніп кетті. Әкімдік су арнасының айналасында қамыс өсіп жатқанын жақсы біледі және бұл әрдайым қауіпті. Қамыс дер кезінде шабылмайды, өрт сөндіру техникасына арналған жол да салынбайды. Біз, осы көшенің тұрғындары, өзімізді билік ұмытып кеткендей сезінеміз. Айта кету керек, мұнда тіпті жарық бағаналары жоқ, балалар ойын алаңдары жоқ. Айналамыз қамыс, біз ешкімге керек емеспіз, - деді Құрсай ауылының тұрғыны.