МӘДЕНИЕТ

"Толық қалпына келмеген": Жүрсін Ерман айтысқа қайта оралды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Денсаулығына байланысты ем алып жүрген Жүрсін Ерман Алматыда өткен айтыста қазылар алқасы қатарынан көрінді. Бұл туралы кәсіпкер Дулат Тастекеев facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

"Жанкештілік емей немене? 72 жасында сынақ қып берген сырқатты сырғытып артқа тастаса да, ұзақ алған ем-домнан кейін толық қалпына келіп үлгермеген Жүрсін ағамыз айтыс алаңына келіп, жарқ етіп, жастарға жалын бергендей болды. Ол кісіні көрген кез келген құлыншақтың көсіліп шауып, Жүрсіннің жүйріктері қатарынан орын алғысы келері анық.

Айтысқа деген шынайы да нағыз көңілі болмаса, осындай батырлықты Жүрсін ағамыздың істемесі анық. Әркімге шыбын жаны тәтті ғой. Ақылдылығымен абызға айналған ағамыздың бүгінгі бұл қадамын мен ешқандай аңғалдық емес, саф өнерлеріміздің маржаны айтысқа деген махаббатының дәлелі деп танимын.

Сөйлеген сөзімде “Соңғы 50 жылға жуық жасаған қызметі үшін Жүрсін ағамызға айтыс та, яғни қазақ та қарыздар” дедім. Артық кеттім деп ойламаймын. Қолдарсыздар. Ағамыздың денсаулығы да әлі толыққанды тәуір емес. Дегенмен жігері жұқалмаған.

Айтыстың қара нары - Жүрсін Ерманға бақытты да аман-сау ұзақ ғұмыр тілеп қойыңыздаршы. Көп тілегі көл болып, періштелер әумин деп, жаратқан жарылқасын!" - деп жазды кәсіпкер.