ДЕНСАУЛЫҚ

"Шаш түсу, тырнақ сыну": Авитаминоздың қалай алдын алуға болады?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Көктем келе ағзамыз тез шаршап, әлсіздік танытып жатамыз. Ұйықтағымыз келеді, күйзеліске де бой алдырамыз. Тіпті кей жағдайда денсаулығымыз да сыр береді. Мұның барлығы авитаминоздың белгілері. Осы орайда Bugin.kz порталы ағзаға дәрумен жетіспеудің қалай алдын алуға болатыны жайлы деректер ұсынады.

Пайда болуы. Авитаминоз – белгілі бір дәруменнің ағзаға жетіспеушілігінен туындайтын ауру. Бұл жағдайға бей-жай қарап жүре берсе, денсаулық айтарлықтай нашарлай түседі. Сол себепті ағзаңыздағы әрбір өзгеріске зер салыңыз.  

Ағзаңызда витамин тапшы болса, тәбетіңіз төмендеп, жиі шаршайсыз. Ұйқыңыз қанбай, жүрегіңіз айниды. Үнемі әлсіреп, ештеңеге зауқыңыз соқпайды. Яғни, денсаулығыңызда болып жатқан әр өзгерістің себебі бар және оған мән беру керек. Мәселен, егер ұйқыңыз қашып, тәбетіңіз жоғалса, басыңыз ауыра бастаса, ағзаға В1 мен В9 дәрумендері жетіспейді деген сөз.

Фото:  NORWEGIAN Fish Oil

Фото: NORWEGIAN Fish Oil

Тырнақ. Көктемде витамин жетіспеушілігінен тырнақ жиі сынғыш болады. Мұндай жағдайда, ағзада С, Д дәрумендері жеткіліксіз дегенді білдіреді. Сондай-ақ B дәрумені, йод, темір жетіспесе де, тырнақ жұқарып кетеді.

Тырнақты тез өсіру үшін А дәрумені бар сәбіз бен асқабақты мәзіріңізге қосқан жөн. Ал қатайту үшін жұмыртқа, орамжапырақты көбірек жеңіз, өйткені бұл өнімдер құрамында В дәрумені көп. Сондай-ақ тырнақтың түсін жақсартқыңыз келсе, С дәруменіне бай жеміс-жидектерді жиі тұтыныңыз.

Фото: urosvit.com

Фото: urosvit.com

Көру қабілетінің төмендеуі. Катаракта, глаукома дерті егде жастағы адамдарда жиі кездеседі. Алайда бұл аурулар тым ерте пайда болмау үшін А дәрумені бар тағамдарды көбірек жеу керек. Сәбіздегі А дәруменін ағзаға сіңіру үшін оны өсімдік майымен (май, майонез, қаймақ) араластырып жеуге кеңес береміз.

Шаш. Авитаминоздың тағы бір белгісі – шаштың жиі түсуі. Қарсы шара қолданбас бұрын себебін біліп алған жөн. Өйткені жоғарыда атап өткендей, дәрумен жетіспеушілігі басты себеп болуы әбден мүмкін.

Шаштың түсуін тоқтатамын десеңіз, ет, жаңғақ, картоп, банан, сүт, қырыққабатты көбірек тұтынуға тырысыңыз.

Грек жаңғағы мен бадам жаңғағы F дәруменіне өте бай, ол шаштың түрін, сапасын жақсартады. Е дәрумені сары май мен бұршақтың құрамында кездеседі. Бұл А дәруменімен және маймен бірге жақсы сіңіріледі.

Авитаминоздың алдын алу үшін ағзаңызды қажетті дәрумендермен толықтырыңыз. Көктемде деніңіз сау, көңіліңіз жай болсын