ДАМУ

Бомбасы бар қылмыскерді денесімен жауып қаза тапқан қазақ батыры кім?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақ қоғамында ел үшін жанын беріп, ерлікпен қаза тапқан ұландар аз емес. Кейінгі отыз жылдағы батырлар туралы бірі білсе, бірі білмейді. Сондай батырдың бірі 2011 жылы Тараз қаласында болған терракт кезінде ерлікпен қаза тапқан - Ғазиз Байтасов.

2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында радикалды діни ағым өкілдері бас көтерді. Бейбіт күннің тыныштығын бұзған сол әрекеттің салдарынан жеті адам қайтыс болды. Ел назарын аударған ерлік те сол сәтте болды.

Қанды оқиғаның нақты хронологиясы

Сағат 11:53-те сатушы 102 нөміріне хабарласып, Қазыбек би көшесінде орналасқан "Маке" дүкеніне полиция жіберуді өтінеді. Оқиға орнына "Бүркіт-1" жедел әрекет ету тобы жіберілді. 2 минуттан кейін дүкенде бірнеше адамның денесі бар екенін анықталады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілді.

Сағат 11-ден 56 минут кеткенде полицияға Пырманов көшесіндегі "У дяди Вити" дүкеніне қарулы адам кіргені туралы екі хабарлама түскен. Ол оқ жаудырып, ВАЗ-21099 ұрлап кетеді.

11:59 минутта оқиға орнына ең жақын деген "Бүркіт-3" жасағы жіберілді. 3 минутта жеткен олар жәбірленуші алып, оның берген айғақтармен сол аймақты торуылдайды. Ұрланған автокөліктің нөмірін және қайда кеткенін анықтайды.

12:17-де "Бүркіт-3" экипажының аға сержанты Мырзалиев рация арқылы байланысқа шығып, экипажқа шабуыл жасалғанын және екі адамның қаза тапқанын хабарлайды.

Сағат 12-ден 17 минут кеткенде  "Сирена" жоспары енгізілді. Оқиға орнына жақын маңдағы нарядтар мен КЖТТ жіберілді. Жамбыл облысы полициясының жеке құрамы да тартылды.

Сағат 12:33-те "Триумф" сауда үйінің жанындағы Төле би көшесінде өтіп бара жатқан автокөліктерге оқ атып жатқан күдіктілер байқалды.

Сағат 12: 38-де Қариев есімді қаскөй ат патрульіне оқ жаудырып, Абай-Қазыбек би көшелерінің бағытына қарай қашқан.

12:51-де бейнебақылау қызметкерлері қарулы қылмыскерді Қазыбек би көшесінде екенін анықтап, жақын маңдағы экипаждарға қылмыскердің орналасқан жері туралы ақпарат береді.

Сағат 12:52-де Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов  аталған жерге бірінші болып келген. Қылмыскермен атысып, қолында гранатасы барын көріп оның өзіне қарсы жүгіреді. Денесімен жауып қалып, басқа адамдардың жапа шегуіне жол бермей, ерлікпен қаза тапты.

vesti.kz

vesti.kz
vesti.kz

Батыр Ғазиз Байтасов кім?

Ғазиз Байтасов 1971 жылы Жамбыл қаласында дүниеге келген. Кейіннен Жамбыл облысына қарасты Свердлов ауданының Түймекент ауылына қоныс аударады. 1988 жылы мектепті сол аулда тәмамдайды.

ашық дереккөзден

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден

Марқұмның сыныптасы әрі досы Шайзат Әліпбаев:

Ғазизді мектепте барлығы - мұғалімдер де, оқушылар да жақсы көретін. Оқу барысының өзінде көшбасшылық, принципке беріктік және ашықтық сияқты қасиеттері анық байқалатын. Ол барлық істерде - спорттық, мәдени-бұқаралық шараларда көшбасшы болды. Біз сыныптастармен осы күні жиі жиналамыз, сынып жетекшісі Айзада апайға барамыз, сол жылдарды жылылықпен еске аламыз. Біз Ғазизді мақтан тұтамыз. Уақыт айналып келсе де, ол бәрібір осындай ерлік жолын таңдайтын еді, - деп еске алады.

Әскери борышын өтеген соң, 1992 жылы Жезқазған политехникалық университетінің Қаратау филиалының сырттай бөліміне «автокөлік шаруашылығы» факультетіне оқуға түсті.

Ал полициядағы еңбек жолы 1993 жылы басталды. Жамбыл облыстық ІІБ уақытша ұстау изоляторының айдауыл қызметінде жұмыс істейді. Жол полициясының инспекторы қызметіне 1996 жылы орналасады. 2010 жылы Жамбыл облысы ІІД ІІББ 1-взвод командирі болып тағайындалды.

Ашық дереккөзден

Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Батырдың отбасына мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетіліп тұрады. 2021 жылы Тараз қаласында Байтасовтың құрметіне ескерткіш қойылды.

egemen.kz

egemen.kz
egemen.kz