ДАМУ

ҰБТ тапсыратын оқушыға психологиялық көмек керек пе?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Оқушы өміріндегі үлкен сынақтың бірі – ҰБТ. Он бір жыл оқыған білімнің нәтижесін таразыға салып, анықтап беретін емтихан. Осы орайда тест тапсыратын түлекке психологиялық тұрғыдан да дайындалған жөн.

Bugin.kz тілшісі психолог Назгүл Аблахатқызымен сөйлесті.

Түлектерге психологиялық дайындық не үшін керек?

ҰБТ әр оқушы үшін өте маңызды сынақ. Алдымен психологиялық дайындық не үшін керек деген сауалға тоқталайын. Бұл дайындық зейінді жақсартады, стрессті жеңуге көмектеседі. Бәріне белгілі, ондай жерде стресс өте қатты болады. Ал оны жеңілдетсе, тестті де оңай тапсырады. Стресс басым болса, күнделікті оқып жүрген ақпараттарды да ұмытып қалуы мүмкін.

Дайындығы бар бала қатты күйзеліске түспейді. Сынақ тесттерінде қандай бал алса, шешуші кезеңде де сол шамада жинайды. Тестке кірмей тұрып, арнайы жоспар құру керек. Әр сабаққа қанша уақыт жұмсайтынын шешіп алған жөн. Сол кезде мидағы күйзеліс азайып, оқушы өзінің қандай қадам жасайтынын біліп отырады. Ең бастысы - күйзеліске ұшырамау.

Тест тапсыратын баланың ата-анасы нені ескеруі керек?

Баланың миы компьютер емес, барлық ақпаратты білуге тиісті де емес. Мұғалім мен ата-ана осыны біліп алуы керек. Қай пәнге махаббаты бар, сол сабақ бойынша қосымша үйірмелерге берген дұрыс. Ал күткен нәтиже болмаған жағдайда, оқушыны кінәләудың керегі жоқ. Керісінше, тағы қандай мүмкіндік барын анықтап, шыдам танытып, одан әрі дамуына үлес қосқан абзал.

Кейбір отбасыларда мектеп бітіруші түлек жақсы балл алмаса баланы кінәлап жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

Ата-анамен бала арасында ашық әңгіме өрбу керек. Қандай да бір мәселенің шешімі жанжал емес. «Сен неге дайындалмадың, осы уақытқа дейін не үйрендің, ұятқа қалдырдың» деген секілді сөздерді қолдану қате. Осы тұста ата-ана бұл сұрақты өзіне қойса. Мәселен, «Мен бірінші сыныптан оқуын қадағаладым ба?», «Үшінші-төртінші сыныпта қосымша үйірмелерге апардым ба?» деген сынды сауалдарды өзіне қойып, содан кейін шешім шығарса, тіпті жақсы. Ал соның өзінде бала жақсы нәтиже көрсетпесе, одан әрі төзімді болған дұрыс. «Енді мен не істей аламын?», «қандай көмек бере аламын?» деген сұраққа жауап іздеу керек.

Десек те балаға да көп нәрсе қатысты секілді...

Иә, дұрыс айтасыз. «Бізге мұғалім айтапады», «Директор ескертпеді» деп күтудің керегі жоқ. Талаптанған адам, керекті ақпаратты өзі іздеп тауып, бәрін назарда ұстайды. ҰБТ қашан басталады, тест туралы қандай жағдай болып жатқанын өзі қарап отырса, бәріне үлгереді. Яғни, баланың өзі жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Ата-ана да осы мәселеде қырағы болып, кімнің кінәлі екенін емес, мәселенің шешімін іздесе нұр үстіне нұр.

Негізгі ҰБТ-дан төмен балл алса ше?

Мұндай жағдайда, асықпай отырып, бір шешімге келу керек. Балаға нағыз қолдау осы сәтте қажет. Сөйлесіп, келесі қадамды ойлау керек. Басқа да амалдарын қарастырып, салқын қандылық танытқан жөн. Баланың қасынан міндетті түрде мұғалім мен ата-ана немесе жақын адамдары табылған дұрыс. Бәлкім тағы бір жыл дайындалып, мақсатын айқындап, білімін жетілдіруге болатынын айтса, бала жеңілдеп қалады. Әр нәрсенің қайыры бар екенін де түсіндірген абзал.

Ал емтиханнан аз балл алған оқушыларға қандай кеңес бересіз?

Қазіргі заманда жастарға арналған мүмкіндік өте көп. Түрлі бағдарламалар да жетіп артылады. Егер оқушы бұл туралы білмеген болса, іздену керек.

Сұхбат бергеніңізге рақмет!