Bugin

Ауғанстан-Иран қақтығысы: Су келісімінен су дауына дейін (видео)

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Жыл сайын шамамен 75 миллиард текше метр (BCM) суға иелік ететін Ауғанстан өзін қағаз жүзінде ғана сумен қамтамасыз етіп отырған ел. Дегенмен, бұл ел «әлемдегі су сақтау сыйымдылығы ең төмен деңгейлердің біріне ие». Оның Аму, Гильменд, Харируд-Мурғаб және Кабул сияқты ірі өзен бассейндеріндегі судың көп бөлігі көршілес елдерге, яғни Иранға, Пәкістанға, Өзбекстанға және Түркіменстанға қарай ағып өтеді. Су инфрақұрылымының жоқтығы, сондай-ақ климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы өніміне кері әсерін беруде. Соның салдарынан көптеген фермерлер тіршілігін қамтамасыз ету үшін қалалық жерлерге көшуге мәжбүр болуда. Осы орайда, Bugin.kz порталы екі ел арасында жүргізілген келісімге қарамастан, дау тудырып отырған су мәселесін зерттеп көрді. 

Кейбір ірі өзендерде, соның ішінде Иранға құятын Гильменд өзенінде Ауғанстан үкіметі жаңа бөгеттерді салуға кірісті. Гильменд Ауғанстанды сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі тіршілік көзі. Оның су жинау аумағы елдің шамамен 40%-ын алып жатыр.

Қазіргі таңда, Гильменд өзені, Ауғанстан мен Иран арасындағы суға иелік ету құқығы мен Камал Хан бөгетінің құрылысына қатысты даудың өршуіне себеп болуда. Иран үкіметі Гильменд бөгетінің құрылысы Ауғанстанмен шектесетін оңтүстік-шығыс аймақтың тіршілігіне зиян келтіреді деп мәлімдейді. Ал екінші тарап, яғни Ауғанстан үкіметі бөгет құрылысы 1973 жылы Иранмен жасалған су келісіміне сәйкес су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. 

Гильменд өзені туралы келісімге шолу

1973 жылы жүргізілген келісімге сәйкес, Ауғанстан Гильменд өзенінен Иранға жыл сайын секундына 22 текше метр суды жеткізіп, ал «ізгі ниет пен бауырластық қарым-қатынастары» үшін секундына қосымша төрт текше метр су жіберуі тиіс болған.

«Қалыпты жағдайда Иранға орташа есеппен 556 000 акр фут немесе жылына 820 миллион текше метр су береді. Бірақ келісім Иранның Гильменд өзеніне кіруіне кепілдік бергенімен, V бап Ауғанстанға қалған су көздеріне толықтай иелік етуіне мүмкіндік береді. V бапта Ауғанстанның «Гильменд өзенінің су балансына қатысты барлық құқықтары сақталады және суды өз қалауынша пайдалана алады немесе кәдеге жарата алады» делінген. Демек, Ауған тарапы өз қалауы бойынша ауыл шаруашылығы, су электр станциялары мен су қоймалары саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Бұл жерде, Ауғанстанның жалғыз міндеті – суды ластамау және Иранды су құқығынан толық немесе ішінара айыратын әрекетке бармау».

Алайда, шартқа қол қойылғаннан бері Ауғанстан түрлі қақтығыстарға тап болып, су туралы келісімнің сәтті орындалуын қадағалай алмады. Оның үстіне екі ел арасындағы байланыс келісімге қарамастан, су құқығы мәселесіне келгенде үнемі дау тудырып келеді. 

Иран Гильменд өзеніндегі су ағынын шектеу трансшекаралық Хамун сулы-батпақты алқаптарының одан әрі кеуіп кетуіне әкелетінін айтып отыр. Бірақ Ауғанстан шенеуніктері Иранның өзен ағынына қатысты шағымын жоққа шығаруда. 

«Екі ел су мәселесі бойынша қажетті ынтымақтастыққа бағытталған ашық және белсенді байланыс механизмін құруы керек».

Халықаралық әдет-ғұрып құқығы бойынша бөгеттерді немесе каналдарды игеруге рұқсат етілген бе?

Гильменд өзені туралы келісім Ауғанстанның суды дамыту жобаларын жүзеге асыруына көп мүмкіндік берері сөзсіз. Алайда,  халықаралық әдет-ғұрып құқығы бойынша бөгеттерді немесе каналдарды игеруге рұқсат етілген бе деген сұрақ туындайды.

Гильменд өзені халықаралық немесе трансшекаралық су ағыны. Сондықтан екі көрші заң бойынша өзен суын ортақ пайдалануға міндетті. Әділ және орынды пайдалану қағидасы және зиян келтірмеу ережесі халықаралық су құқығының негізі ретінде қарастырылған. Бұл ереже 1997 жылы БҰҰ-ның су ағыны туралы конвенциясына енгізілген.

Әділ және ақылға қонымды пайдалану принципіне сәйкес, барлық мемлекеттер «халықаралық су ағынын бөлісуге келгенде басқа мемлекеттерге қатысты әділ және ақылға қонымды саясат жүргізуге» міндетті. 

Әділ және орынды пайдалану принципін нақты түсінбей кез келген әрекет құқықбұзушылық болып есептеледі. Мұндай қатаң түсіндіруді мемлекеттік тәжірибе де, сот тәжірибесі де қолдамайды.

Қорытындылай келе, Гильменд өзенінің келісімі де, әдеттегі халықаралық құқық та Ауғанстанның Камал Хан бөгетін салу құқығын жоққа шығармайды. Бұл халықаралық құқықтың жоғарыда аталған екі құрамдас бөлігін бұзу болып табылмайды. Оның орнына екі ел арасындағы келісім Ауғанстанға Гильменд өзенінің қалған суын өз қалауынша пайдалануға абсолютті құқық береді.

Екі ел арасындағы мәселені қалай шешу керек?

1973 жылы Гильменд өзені туралы келісімнің қабылдануы Иран мен Ауғанстанды ортақ шешімге әкелмегені анық. Тегеранның пікірінше, келісім шарт бірнеше рет бұзылған. Бірақ Кабул бұл мәлімдемелердің негізсіз екенін үнемі айтып келеді.

Иран бұған дейін судың дұрыс бөлінбегеніне шағымданған. Бірақ бұл шағымдар Гильменд өзенінің су жинау алабы қуаңшылыққа ұшырап, өзеннің су ағынын айтарлықтай төмендеткен кезде жасалды. 

Екі ел арасындағы шиеленіскен жағдайды шешу үшін Ауғанстан мен Иран: жеткізу орындарын бірлесіп анықтауы және шарттың III-бабына сәйкес бірлескен гидрометриялық бекеттер салуы қажет. Біріккен гидрометриялық бекеттер Иранға жеткізілуі тиіс су көлемі мәселесін шешеді. 

Иран әрқашан бірлескен гидрометриялық станцияларды салуға қарсы болды. Себебі, Иран жыл сайын келісілген су мөлшерінен көбірек су алатын. Бірлескен гидрометриялық станцияларды салу олардың су үлесін қатаң түрде реттейтін еді.

Гильменд өзені комиссарларының біріккен комитетінің 21-ші отырысында бірлескен гидрометриялық станцияларды салу туралы келісімге қол жеткізілді. Алайда ол қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Сол сияқты, 2022 жылдың тамызында Ауғанстан мен Иран тағы да бірлескен гидрометриялық станцияларды салу уақытын келісті. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, оны аяқтау үшін жылдар қажет.

P. S: Екі ел су мәселесі бойынша қажетті ынтымақтастыққа бағытталған ашық және белсенді байланыс механизмін құруы керек. Халықаралық су заңына сүйене отырып, Ауғанстан ирандықтарды суға қолжетімділіктен айырмауы тиіс. Өз кезегінде Иран тұрақты бейбітшілік пен әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосу арқылы Ауғанстанға көмек қолын соза алады.