Bugin

Бүгін – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бүгін барша мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбай айт мерекесі басталды.

Құрбан айттың бірінші күні 28 маусымға түсіп тұр. Айта кетейік, үшкүндік мерекенің алғашқы күні елімізде демалыс саналады. Бұл күндері құрбандыққа мал шалып, азығы жоқ, мұқтаж жандарға таратып береді. Ислам түсінігі бойынша жоқ-жітік жандарға көмектесу сауапты іс. Сондай-ақ, мұсылмандар құлшылық етіп, көбірек жақсы амалдар жасауға тырысқаны жөн.

Атап айтқанда, мереке кезінде Құрбан айт намазы оқылады. Айта кетейік, әр өңірде намаз оқудың бекітілген уақыты бар. Аталған мерекеге тән міндет – Құрбан шалу. Еске сала кетейік, құрбандыққа шалатын малға және союға қатысты қойылатын арнайы талаптар бар.

"27 маусым – Арапа болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталған уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Астана қаласында таңғы 6.00-де басталады. Өзге қалалар бойынша ақпаратты muftiyat.kz сайтынан қарап алсаңыздар болады", - деді бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет. Шариғат бойынша «бай» деп мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Мал-дүниесі нысап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.