Bugin

Танымал боксшылар Бейбіт Шүменовке қатысты дауға пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Танымал боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты дау қоғамда қызу талқыға түсті.

Астанадағы сауда орталығында Шүменов белгісіз ер адаммен сөзге келісе алмай, артынша төбелесіп кетті. Оқиға видеоға түсіп қалған.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы Жанқош Тұраров бұл оқиғаға қатысты тергеу органдары тиісті баға беретінін айтады. 

"Бейбітті атақты боксшы, әлем чемпионы және Қазақстанның мақтанышы ретінде білеміз. Ол бұған дейін заңсыз дүниелер жасаған емес. Видеоға қарасақ6 олар сөзге келісе алмай, арты төбелеске ұласып кеткен секілді. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Тергеу органдары тиісті бағасын береді деп ойлаймын. Менің ойымша, кәсіби спортшы күшін қарапайым өмірде қолданбауы керек, мұны бізге бала күннен үйретеді. Тек өзіңді және отбасыңды қорға. Шүменовтің сөзінше, жанжал шешіліп, екі тарап татуласқан. Қазір тек қоғамның эмоциясын көріп отырмыз. Қателеспейтін адам жоқ деп ойлаймын және екі тарапқа бірдей қарау керек", - деді Тұраров. 

Кәсіпқой боксшы Еділ Қожамбердиев екі тарапта да кінә барын айтады. 

"Бейбіт - еліміздің мықты боксшыларының бірі. Көк туымызды әлемдік ареналарда көтеріп жүрген боксшы. Бейбіт қарапайым, сабырлы жігіт деп айта аламын. Болған оқиғаға қатысты тоқтала кететін болсақ, менің ойымша, екеуінің де кінәсі бар. Бейбітке қатысты айтар болсам, ол спортшы, боксшы ретінде, әрине, қол жұмсамауы керек еді. Оның үстіне, ол жігіттің қолында кішкентай сәбиі болды. Егер байқаусызда сәбиге тиіп кетсе... Өзім де боксшы болғандықтан, соққы қандай болатынын білемін. Сондықтан Бейбіт бауырымыз сабыр сақтап, сөзбен шешуге болар еді", - дейді боксшы. 

Қожамбердиевтің сөзінше, екінші жігіттің де кінәсі бар.

"Ұлы аутизммен ауыратын болса, әйелі секілді келіп, Бейбіттен кешірім сұрай салуы керек еді. Видеодан ол да Бейбітке агрессивті түрде жауап беріп жатқаны көрініп тұр. Бірақ біз ол жерде болған жоқпыз. Қандай жағдай болғанын, Бейбіт сондай реакция беретіндей ол жігіттің не айтқанын білмейміз. Сондықтан екеуінің де кінәсі бар деп ойлаймын. Бірақ Бейбіт кәсіби боксшы бола тұра соққы жұмсамауы керек еді", - дейді ол.