Bugin

Ерлер ауруы: міндетті түрде өтуге тиіс 7 тексеріс

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Адамдар ауырғанда ертерек дәрігерге қаралса, аурудың алдын алады немесе дертінен толықтай айыға алады. Ол үшін денсаулықты жүйелі түрде тексеру керек. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Bugin.kz тілшісі ер адамдар жыл сайын өтуі керек 7 тексерісті ұсынады.

Кешенді физикалық тексеріс
Физикалық тексеріс ағзамыздың қаншалықты жұмыс істеп тұрғанын білуге мүмкіндік береді. Оның ішінде жүрек-тамыр, тыныс алу, тірек-қимыл аппараты және асқазан-ішек жолдары бар. Скрининг әдетте қан қысымы, жүрек соғысының жиілігі және дене салмағының индексі сияқты өмірлік маңызды белгілерді өлшейді.

Қан қысымын өлшеу
Жоғары қан қысымы (гипертония) бүкіл әлем бойынша миллиондаған ер адамның қас жауы десек те болады. Гипертонияның кесірінен инсульт, жүрек, бүйрек дерті одан әрі өрши түседі .

Ауруды асқындырмас үшін өмір салтын өзгерту керек, сонымен қатар дәрі-дәрмектерді уақытылы ішкен жөн. Ерлер қауымы қан қысымын жиі бақылап тұруға тиіс. Өйткені гипертонияның қаупі адамның жасы ұлғайған сайын арта түседі.

Простата 

Ер-азаматтарда қуық асты безімен байланысты проблемалар өте көп. Соның ішінде ерлер қартайған сайын қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы және простата обыры жиі кездеседі. Бұл дерттердің бар-жоғын білу үшін жыл сайын простата-спецификалық антиген қан сынағы және сандық ректалды тексеру қажет. Осы сынақтар простата безіндегі кез келген өзгерісті анықтауға көмектеседі.

Холестерин деңгейін бағалау
Жоғары немесе төмен холестериннен атеросклероз асқынады. Сондай-ақ жүрек ауруы мен инсульт те холестериннің тұрақсыздығынан пайда болуы мүмкін. Жыл сайын жалпы холестеринді, LDL холестеринін, жоғары тығыздықтағы липопротеинді (HDL) холестеринді және триглицеридтерді өлшеу арқылы жүрек-қан тамырлары денсаулығын бақылауға болады.

Теріні тексеру
Тері қатерлі ісігі де ерлер арасында кең таралған. Егер ерте анықталмаса өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Ерлер теріні үнемі тексеріп, меңдердегі, сепкілдердегі немесе басқа да  өзгерістерді біліп отыруы керек.

Дерматологтың жыл сайынғы толық тексерісінің арқасында кез келген зақым мен ісіктерді анықтай аласыз. Мәселен, тері обырын ерте анықтаса, ауру асқынбайды әрі алып жатқан емнің әсері болады.

Венерологиялық аурулар

Жыныстық қатынаста болған ерлер жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бар-жоғын (гонорея, хламидиоз, жыныстық герпес, адам папилломавирусы, гепатит, АИТВ) тексеруі керек.

В және С гепатиті

Бұл аурулар қорғанбай жыныстық қатынасқа түскенде, тамыр ішіне есірткіні теріс пайдаланғанда, ерлермен жыныстық қатынас болғанда өрши түседі. Сонымен қатар адам қанымен тұрақты жұмыс істегенде (мысалы, медицина қызметкерлері) және созылмалы ауру В гепатитімен ауыратын науқаспен бірге тұрғанда да дерт асқынады.