ТӘРБИЕ

"Өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла": Кенесары ұлын қалай сынады?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақ халқы бала тәрбиесіне аса мән берген. Әсіресе, жаугершілік заманда ұлға берілетін тәрбие ерекше болған. Оны көптеген әдеби, тарихи шығармадан байқай аламыз. Bugin.kz порталы Кенесары ханның ұлы Сыздықты қалай сынағаны туралы дерек ұсынады.

Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да, беліндегі күміс кездігін суырып:

- Ұшын жоғары қаратып, мынаны ана жерге көм, - деді.

Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді.

Кенесары енді баласына бұрылып:

- Батыр болғың келе ме, Сыздық? - деді.

Баланың жүзі жайнап кетті.

- Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.

- Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң, батыр боласың.

Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.

- Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?

- Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?

Сыздық теріс бұрылды да, жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. "Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?… Жоқ, баланың көңілі дауаламас!"

Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана "үф" деп демін алды. "Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен…"

- Жетеді, Сыздық, - деді дауыстап Кенесары. - Кәне, жүгір!

Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып, сәл жұмылып кетті де, өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:

- Апаңа бара ғой, - деді.

Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:

- Нағыз көкжал болады! - деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап.

Ақпарат Ілияс Есенберлиннің "Қаһар" кітабынан алынды.