Bugin

Ақтөбеде қайырымдылық қордың былығы ашылды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Ақтөбе тұрғыны Назира Жауғаштың ұлына былтыр бағаналы жасушаларды трансплантациялау отасы қажет болған. Қымбат отаны қалтасы көтермеген келіншек Ақтөбе қаласының қайырымдылық қорларының бірінен көмек сұраған.

Қор аз уақытта Ілиястың еміне 11 миллион теңге жинап, баланы күрделі ота жасау үшін Стамбулға әкеткенімен кейін ешқандай операция қажет емес екеніне сендіріп Қазақстанға кері қайтарған. Ал мұнда үш аптадай амбулаторлық ем жүргізілгеннен кейін баланың жағдайы керісінше асқына түскен.

“Ільяс келген кезде өте нашар жағдайда келді. Басын ұстай алған жоқ. Отыра алған жоқ. Тек жатады. Аяқ-қолы өзімен өзі дірілдейді. Жүрген бала, өзі қолына кесесін ұстайтын бала еді. Ұлымның емін емес өз шаруаларын шешкен. Жолда чектер келді. Жұмсалған қаражат аз болып шықты. Оған тек физиотерапия жасалған”,- деді бүлдіршіннің анасы.

Назира кейін қайырымдылық қорының үстінен құзырлыларға арыз да жазған екен. Алайда айтуынша іс сол күйі сотқа жетпеген. Тіпті бұл "Морлайф" қорының бұл алғашқы құйтырқы әрекеті емес екен. Ұйымды өзге де ақтөбеліктер бірнеше рет сотқа беріпті. 

Алайда "More Life" қорының директоры Назираның таққан кінәсін жоққа шығарды.

“Дәрігерлер невропотолог рұқсат берсе, егер балаға ота керек болса онда ота жасаймыз деп айтты. Ал, керек болмаса жасамаймыз деді. Бізге негізі бұл ауруханада жатудың қажеті жоқ еді. Бірақ болмай тұрып алды. Сосын тағы ақша шығарып, баланы жатқыздық", – деді Бибігүл Жулина.

Заңгер Талғат Есімов елде көмекке мұқтаж жанды пайдаланып, ақшаға жымқырып отырған алаяқтар аз емес дейді. Айтуынша нақты келісімшарт толтырып, науқас қай аурумен ауыратынын және қай елде, нақты қай ем алатынын көрсету керек екен.

Қайырымдылық қорының директоры алдандым деген Назира Жауғаштың туған әпкесі болып шықты. Келіншек сол үшін де сенім артып баласын туғанымен шет елге жіберген. Ал, өзі Ақтөбеде тағы екінші науқас баласымен қалған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізілуде. 

“Аталған дерек бойынша Ақтөбе қаласы полиция басқармасының №1 полиция бөлімімен алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР ҚК 201 бабына сәйкес жария етуге жатпайды”, – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салайық, кеше Ақтөбеде 26 жасар қыз терезеден секіріп кеткенін хабарлаған едік.