Bugin

Ирандық әйелдер хиджаб киюден бас тартса, 10 жылға бас бостандығынан айырылады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Иранда парламенттік комитет хиджаб заңын бұзғаны үшін жазаны күшейтпек. Заң жоғарғы көсем Әли Хаменеи тағайындаған ислам дінінің мүшелері мен заңгерлерден тұратын Конституцияны сақтау кеңесіне ұсынылмақ.

 

Заң жобасы хиджаб киюден бас тартқан әйелдерге әлдеқайда үлкен айыппұлдар мен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру шараларын енгізуді қарастыратын 70 баптан тұрады. Жаңа заңдар пакетіне сәйкес, бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жыл. Ал айыппұл мың есеге дейін – 360 миллион иран риалына (7 800 еуро) дейін өседі. Заң жобасы заң бұзған атақты адамдар мен компанияларға жазаны қатайтады және киім үлгісін бұзушыларды анықтау үшін жасанды интеллектті қолданады.

Қазір Иранда барлық әйелдерді шашы мен мойнын жабуға міндеттейтін заң бар. Оның сақталуын вице-полиция қадағалайды және тәртіп бұзушылар көше камераларының жазбалары арқылы анықталады.

Заңнаманың қатайтылуы Иран билігінің 22 жастағы Махса Амини қайтыс болғаннан кейін болған былтырғы наразылықтарға берген жауабы болды. Аминидің отбасы қызын тәртіп сақшылары ұрып өлтіргенін мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін болған шеруді Иран полициясы аяусыз басты. Осы әрекеттер кезінде кем дегенде 500 адам қаза тауып, ондаған мың адам ұсталды. Бірнеше наразылық білдіруші өлім жазасына кесілді. Алайда шерулер аяқталғаннан кейін де Ирандағы көптеген әйелдер хиджаб кию талабына қарсылық көрсетуді жалғастыруда.