Bugin

Заңсыз экскурсия кезінде 8 адам қаза тапты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

 Мәскеудің жерасты кәріз коллекторына қайғылы экскурсия ұйымдастырғандар кінәсін мойындамады. Бұл туралы Мәскеу прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Мәскеу прокуратурасының мәліметінше, "Спутник" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 35 жастағы бас директоры Александр Ким мен 31 жастағы Никита Дубас ұсталған.

"Оларға РФ Қылмыстық кодексінің 238-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды. Олар кінәсін мойындамады", - деді прокуратура.

Ресейдің тергеу комитетінің мәліметінше, 20 тамызда экскурсовод 7 адамнан тұратын топпен бірге Мәскеудегі Неглинка өзенінің жерасты коллекторына заңсыз экскурсия ұйымдастырып, салдарынан адамдар қаза тапқан.

Соның ішінде кәмелетке толмаған екі бала және гид бар. Тергеушілер осы экскурсияны ұйымдастыруға қатысы бар үш адамды анықтады.

Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қатарында ұсталғандардан бөлек, 21 тамызда Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кеткен "Авангард" экскурсиялық бюросының бас директоры Александр Лазовский де бар.

Ресейлік БАҚ хабарлағандай, Александр Ким - Қазақстан азаматы, 2006 жылы Ресейге кеткенге дейін Конаев қаласында тұрған.

Санкт-Петербургте ол бүкіл әлем бойынша экскурсия брондау үшін стартап жасаған. Қазір ол тергеуге байланысты Мәскеуде.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі жағдайдың бақылауда, консулдық қызметкерлері адвокаттармен байланыста екенін хабарлады.

Қажет болған жағдайда азаматымыздың заңды құқықтары мен мүддесін қорғау мақсатында консулдық қолдау көрсетеді.

Бұрын хабарланғандай, қатысушылары із-түзсіз жоғалған заңсыз экскурсия Мәскеуде 20 тамызда болған.

Қатты жаңбыр басталғанда су күрт көтеріліп, туристердің жер бетіне қашып шығуға мүмкіндігі болмады.

Сегіз адам қаза тапты, олардың денесі Неглинка өзенінен табылды. Мұндай нысандарға тек арнайы қызмет қызметкерлері ғана кіре алады.