Bugin

Шымкентте пара алған полицей жиырма бес еселенген мөлшерде айыппұл төлейді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: depositphotos.com/ru

Шымкентте пара алған полиция қызметкері жиырма бес еселенген мөлшерде айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында пара алған полиция қызметкеріне қатысты ҚК-нің 366-бабының 1-1-бөлігімен (құқық қорғау органының қызметкерімен пара алу) қозғалған қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, адамдардың жалдамалы пәтерде заңмен тыйым салынған қызмет түрін көрсетуге жол беріп, оған ықпал жасап келген. Қамқорлығы үшін жалпы 120 000 теңге көлемінде пара алған.

Соттың шешімімен сотталушы ҚК-нің 366-бабы 1-1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Аталған баппен оған параның жиырма бес еселенген мөлшерінде, яғни 3 000 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Сот үкімімен сотталушы өмір бойына мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан және полиция майоры арнаулы шенінен айырылды.

"Сот үкімі заңды күшіне енген. Жаза тағайындағанда, сот сотталушының жасаған әрекеттері үшін шын ниетпен өкінгенін, асырауында жас балаларының болуын, алдын сотты болмағанын және қылмыстық құқық бұзушылықты кәсіби антын бұза отырып жасауын ескерді", - делінген Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.