БІЛІМ

Қазақ ауа райын қалай болжаған?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп қолдана білген. Солардың бірі - ауа райын болжау тәсілдері. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгені сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тапқан. Құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған.

Bugin.kz порталы халқымыздың ауа райын болжау амалдарын ұсынады.

Амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен амал деп атаған. Яғни жылдың әр мезгіліндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін және оның бірнеше түрін айтқан.

Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар:

1. Күннің тоқырауы;

2.Қарашаның қайтуы;

3. Үркердің батуы;

4. Мұздың қатуы;

5. Киіктің матауы;

6. Қыс тоқсан;

7. Ай тоғамы.

Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап, амалға жатқызған.

Аласапыран. Көктемде, наурыз кейде сәуір (көкек) айында қар күрт еріп, жер лай болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді аласапыран дейді.

Бесқонақ. Бұл - жыл аяғында, яғни наурыз айының 21-і күндері аралығында болатын жауын-шашынды күндер. Бұл - әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған.

Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайдары күндері басталады. Осы кездегі найзағайдын жарқылын халық: "Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті", - деп есептейді.

Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.

Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала (су) құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде қызыл жұмыртқа деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.

Құралайдың салқыны. Бұл - мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайларын (баласын) аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті - оның енесі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім қалмауы осыдан.

Материал Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының

тұрмысы мен мәдениеті” кітабынан алынды