Bugin

IITU Innovation инкубациялық бағдарламасының екінші легі “Demo Day 02/23” өтті

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: bugin.kz

27 қазанда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде IITU Innovation инкубациялық бағдарламасының екінші легі “Demo Day 02/23” өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Demo Day 02/23 - бұл стартап-кәсіпкерлерге өздерінің инновациялық жобаларын көпшілікке және инвесторларға ұсына алатын мүмкіндік. 

"QazInnovations Ұлттық инновациялық даму агенттігі" АҚ бизнес-инкубаторларды қолдау бағдарламасын іске асыру шеңберінде IITU Innovation орталығы 18 қыркүйек пен 27 қазан аралығында инновациялық идеяларды инкубациялау бағдарламасын жүргізді. Осыған орай Demo Day 02/23 ұйымдастырылып, шара барысында стартап-кәсіпкерлер жобаларын көпшілік алдында қорғады. Сонымен қатар бұл шара жас кәсіпкерлер арасында нетворкинг орнатуға да себеп болды.

“Demo Day 02/23”-ке келген әрбір стартап-кәсіпкердің жобасы жұмыс өнімділігін арттырып, процесс кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған. Сондай бір мақсатта жасалған жобаның бірі – Бегімбетов Рахаттың психолог-психотерапевт мамандарын таңдауға арналған READ онлайн-платформасы.

“Алдымен клиент платформадағы бірнеше сұраққа жауап береді. Кейін оның мазалаған сұрақтары мен талаптарына сай психолог не психотерапевт ұсынылады. Клиент маманның еңбек құнына немесе біліктілігіне, т.б. сәйкес өзі қалаған психолог не психотерапевті таңдай алады”, - дейді Рахат.

Фото: bugin.kz

Фото: bugin.kz

Дүкендердегі ұзын-сонар кезек мәселесін шешетін өнертапқыштардың жобасы да назардан тыс қалмады.

“Біздің жоба – cупермаркеттегі кезекті жоюға арналған, уақытты үнемдейтін, автоматтандырылған, өте жоғары технологиялық бағдарлама. Әр затқа жапсырылған заттаңба арқылы бірден төлем жасай аласыз. Яғни кассаға кезекке тұрып әуре болмайсыз”, - дейді жоба авторлары Маханбет Ерсерік пен Отарбай Шыңғысхан.

“Demo Day 02/23” барысында жобаларға қызығушылық танытып, белсенділік танытқандардың арасында ХАТУ ректоры Асқар Хикметов те бар. Ол мұндай жұмыстар жас кәсіпкерлердің ынтасын оятатынын жеткізді.

Фото: bugin.kz

Фото: bugin.kz

“Бізде мұндай іс-шаралар әр екі апта сайын ұйымдастырылып тұрады. Осының арқасында қаншама жас талант жұмыстарын көрсетеді. Өздерінің идеяларын шындыққа айналдырып, жобаларының дамуына жол ашады”, - деді Асқар Усупбекұлы.

Қазылар алқасының құрамында болған жазушы Садық Шерімбек жобасы қызықтырған жастардың көп екенін айтады.

“Әлемдік, қазақстандық нарықты жаулап жатқан жобалардың көбісі осындай студенттік хакатондардың ішінен шығады. ХАТУ инновациялық жобалардың ошағы деп есептеледі. Елдегі ауқымды ІТ, спорттық, қаржылық технология сынды жобалардың көбісіне осы университеттің түлектері белсенді қатысып келеді. Demo Day 02/23 -ге қатысып, жобаларын қорғаған әрбір жас кәсіпкерге сәттілік тілеймін!”- деді қазылар алқасының мүшесі.

Фото: bugin.kz

Фото: bugin.kz

Шара нәтижесінде Жайлаубайқызы Балнұрдың қыздарға арналған толық форматты курсы “JasGalym” жобасы “Best Social Impact” номинациясын иеленді. “The Most Innovating” номинациясын Ли Дананың Қазақстан тарихын пайымдайтын 3D ойын “Qaz RPG game” жобасы алды. Ал Ғазиз Қайсардың “ISTUDY” ҰБТ-ға дайындалуға арналған веб-платформасы “Exponential Growth” номинациясына, Маханбет Ерсеріктің “RFID Kassa” - RFID технологиясына негізделген инновациялық кассалық аппарат жобасы “Best Student Project” номинациясына ие болды. Сондай-ақ Байжұма Жандостың “Quantum ERP”- баспаханада сату процестерін оңтайландыру жобасы үздік атанған.