Bugin

6 мұғалімнен зорлық көрген мүгедек оқушылардың оқиғасы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Dorama.land

Балаларды зорлау – ең ауыр қылмыс. Ол туралы ашық айту ата-ананың өзіне қиын. Bugin.kz тілшісі баяндайтын фильм сюжетінде сөйлеу және есту қабілеті дамымаған кейіпкерлердің басынан өткен қиындығы айтылады.

"Қатаң жаза" (2011) – жазушы  Кон Джи Ённың кітабына негізделген оңтүстік кореялық фильм. Оның сюжеті 2005 жылы саңырау балаларға арналған мектептердің бірінде болған шынайы оқиғаларға негізделген.

Канг Ин Хо Муджин қаласындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған мектептің бейнелеу пәнінің мұғалімі ретіне жұмысқа орналасады. Оның да өмірінде ауыр жүк бар. Әйелі бір жыл бұрын өз-өзіне қол жұмсаған, ал науқас қызы анасының қолында тәрбиеленіп жатады. Ол оқушыларға сабақ беретініне қатты қуанып, балалармен жақсы қарым-қатынас жасағысы келеді. Бірақ балалар онымен мүмкіндігінше сөйлеспеуге тырысады. Ин Хо бұл жағдайды түзеуге талпынып, балаларға шын жүректен қамқор екенін көрсетеді. Оқушылар онымен ашылып араласа бастағанда, Ин Хо мектеп туралы таңғаларлық әрі ақылға қонымсыз шындыққа тап болады. Мектептегі кей мұғалімдер оқушыларды физикалық және жыныстық түрде зорлап келе жатқанын біледі. Балалар үшін шын жанашыр мұғалім олардың құқықтары үшін күресуге және мектепте жасалған қылмыстарды әшкерелеуге шешім қабылдайды. Ин Хо құқық қорғаушы Со Ю Джинмен бірігеді. Шындықты жасыру үшін оларға мектеп директоры мен мұғалімдер, тіпті полиция, прокурорлар және шіркеу қызметкерлері кедергі болады.

Бұл фильмнен ерекше балалардың қорғансыз жағдайын пайдалану және парақорлық айқын байқалады. Сот әділетті шешім қабылдамайды.

2005 жылы Оңтүстік Корея Инхва мектебінің (Кванджу қаласындағы есту қабілеті дамымаған балаларға арналған мектеп) директорының, оның орынбасарының және бірнеше мұғалімнің оқушыларына жыныстық зорлық көрсетуге қатысы барын тексерді. Қылмыскерлер сот жүйесінің жетілмегенінің кесірінен қылмыстан оңай құтылады: айыппұлдар төлеп, аз уақытқа бас бостандығынан айырылады.

Ол кезде қылмыстардың ескіру мерзімі туралы заң бар еді. Оған сәйкес қылмыс жасағаннан кейін көп уақыт өтсе, қылмыскер жауапкершіліктен босатылады. Осыған байланысты бірнеше ұстаз жазаға тартылмай, басқа мектептерде жұмысын жалғастырды. Бұл жағдай жазушы Гонг Джи Ёнді қатты ашуландырды. 2009 жылы жарық көрген романында ол қоғамдағы мәселелер туралы хабардар ету мақсатында істің шындығын ашты.

Бұл романды актер Гонг Ю оқыған да, бірден ұнатқан. Фильмнің түсірілімі өте маңызды екенін әп-сәтте сезінген.

"Ли Донг Вук әңгімелескісі келеді" бағдарламасының екінші бөлімінде жүргізуші мен Гонг Ю арасында мынадай диалог болды:

Ли Донг Вук: Сіздің ойыңызша, өміріңіздегі бетбұрыс қашан болды?

Гонг Ю: 2011 жыл мен үшін бетбұрыс болды деп ойлаймын. Мен "Қатаң жаза" фильмінің түсіріліміне қатыстым. Үлкен жауапкершілікті сезіндім. Өкінішке қарай қоғамдағы кемшіліктерді түзеу үшін қолымыздан көп нәрсе келмейді.

Ли Донг Вук: Сіз тіпті продюсер болғыңыз келді, солай ма? Бұл туралы шешім қабылдау оңай болмаған шығар...

Гон Ю: Иә, мен көмектесуді ұсындым. Кітапты оқығанда ашуым келді. Мен бұл шынымен өмірде болғанына сене алмадым. Актер ретінде не істей аламын деген сұрақ туды әрі көп адам кітаптан гөрі фильмді көргісі келетін шығар деп ойладым. Көрермендер де мен сияқты "бірнәрсе жасау керек" деген сезімді бастан кешіреді деп үміттендім. Бақытымызға орай көбі менімен келісіп, инвестиция тауып, фильм түсірдік.

Фильм шыққаннан кейін 2 айдан соң Корея үкіметі "Догани" (бұл фильмнің бастапқы атауы) заң жобасын қабылдап, зорлық-зомбылық туралы заңға елеулі өзгерістер енгізді. 13 жасқа дейінгі балалар мен мүгедек әйелдерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың ескіру мерзімі жойылды. Ең жоғары жаза да өмір бойына бас бостандығынан айырылу деп бекітілді. Инхва мектебінің ісі қайта ашылғаннан кейін көптеген жаман оқиға анықталды. Арада ондаған жыл өтсе де, шындық ашылды. Сот қылмыскерлерді 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мектеп жабылды