ТӘРБИЕ

"Тышқаншық салу, белкөтерер": Асқа байланысты ерекше салт-дәстүрлер

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

"Ас – адамның арқауы" деген сөз бар. Қазақ халқы адал асты құрметтеп, оған қатысты ұғымдарды киелі санаған. Bugin.kz порталы асқа байланысты көнеріп бара жатқан әдет-ғұрыптарды назарларыңызға ұсынады.

Асату. Табақтағы ет тамақ желініп болғаннан кейін, ондағы қалған етті қарттар жас балаларға асатады. Балалар ет асаймыз деп күтіп тұрады.

Абысын асы. Ауылдағы қариялар мен ер азаматтар асқа, тойға кеткенде, ауылдың жас келіндері бір үйге жиналып, бас қосады. Ет асып, шай ішіп, сырласады, бой көтереді. Бұған үлкендер рұқсат береді, оларға тамағын, тағы басқа қажетін беріп кетеді.

Ақсарбас. Түрлі қауіп-қатерге ұшырағанда әр қазақ баласы: "Ақсарбас! Ақсарбас!" - деп, үш рет айқайлап, Алладан: "Жанымды аман қалдыра көр!" - деп, тілек тілейді. Аман қалғандар құдайыға мал шалады. Ақсарбастың үш түрі бар: егер көкқасқа десе - жылқы, қызылқасқа десе - сиыр, бозқасқа десе, қой сояды. 

Ақ алып шығу. Салт бойынша, егер тұсынан көш өтетін болса, ауыл адамдары олардың алдынан тағам, ақтан жасалған сусындар ұсынып, "Көш көлікті болсын!" - деп тілек айтады. 

Белкөтерер - қарт кісілерге, ауру адамдарға жақын туыстарының дәмді тағамдарды әдейі дайындап апарып, тілектестік білдіруі. 

Бүйрек соғым сойған үйдің туыстарының балаларына бүйрек косылған сыбаға жіберуі. Бұл сыйластықтың, баланы тәрбиелеудің, көңіл бөлудің бір жолы. 

Деңгене. Ертеде 3-4 жігіт бірігіп, дәулетті үйге келіп: "Деңгенеге келдік", - деген. Мұның мәнісі: жас етке тою әрі ойын ойнап, бәс тігу. Шарты мынадай: үй иесі әлгілерге бір семіз қойын сояды. Келген жігіттер оны түк қалдырмай жеп, сорпасына дейін түгел ішіп кетуі керек. Олар тауысса, иесі батасын беріп аттандырады. Егер етті тауыса алмаса, деңгенеге келген жігіттер ұтылғаны үшін әрқайсысы бір қойдан беріп кетеді. 

Ет қайтар соғымның соңғы етін асып шақыратын ежелгі дәстүр. Қап қағар деп те атайды.

Көген той. Алғашқы бис байлау, қозы көгендеу сәттерінде мал иелері желі басына барып, желіге, көгенге, төл басына ақ құйып, "Мал басы өссін!" - деп бата тілеп, ырым жасайды. Артынан дастарқан жайылады.

Күзем шай. Әрбір істің басталуы мен аяқталуын қазақ атаусыз қалдырмайды. Мысалы күзем алынып біткен соң, әр үй бір- бірін осындай шайға шақырып, дәм татырады.

Кеусен. Диқан қауымы күзгі егінін жинап алғаннан кейін, өзінің жақын адамдарына, туған-туыстарына егінінен үлес береді.

Сіргемөлдіретер. Бие ағытылардағы соңғы қымыз. Әдеттегідей ауыл үлкендеріне береді. Мұны сіргемөлдіретер, кей жерлерде сіргежияр деп атайды. 

Шүлен ас. Бұрынғы кезде ауқатты байлар мен белгілі адамдар кедей-кепшіктерді әдейі шақырып, мал сойып, тойғызған. Мұны шүлен ас деп атаған.

Шашыратқы. Күзде қойға қошқар қосқанда мал иелері ауылдастарына қонақасы берген. Шашыратқы дәстүріне қатынасқан адамдар: "Төл көп болсын! Малың аман болсын!" - деп, батасын берген.

Тоғыз. Бау-бақша өсіріп, мол өнім алғандар ағайын-туғандарына немесе көрші-қолаңға кауын-қарбыздан сый-сияпат апарады. Ол бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз болуы мүмкін. Әрқайсысы тоғыздан болатындықтан, тоғыз деп аталған. 

Тышқаншық салу. Жас баласы ауырып, төсектен тұрған кезде әке-шешесі немесе ата-әжесі оны жақын ағайын, нағашыларының үйіне ырым етіп алып келеді. Келген үй балаға әдейі арнап мал сояды немесе басқа тамақ істеп, "Жаман ауруды жақсы ас кетіреді", - деп, ырымдап, тілек айтып жегізеді. Мұндай ырымды тышқаншық салу дейді.

Тулақ шашу. Қазақ әйелдері жүн сабар алдында: "Ісіміз сәтті болсын!" - деп, тулақ шашу жасайды, яғни тамақ дайындап ішетін жақсы салт бар.

Дереккөз: Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті” кітабынан