ТӘРБИЕ

"Ұру. Қызғаныш. Ақша": Танымал эксперт отбасыда көп кездесетін мәселелердің шешімін айтты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Отбасы – өмір жолы тоғысқан екі адамның одағы. Ол патшалыққа тек екі адамның ғана әмірі маңызды болып есептелуі керек. Bugin.kz тілшісі отбасыдағы ақша, мәміле, қызғаныш, жеке шекара, туыстармен қатынас мәселелерін негізге алып, отбасылық эксперт Ақан Мергембаймен сұхбаттасты. Бұл сұхбаттан жанұядағы түрлі ситуациялық мәселелеріңізге жауап таба аласыздар. Спикердің осы тақырыпқа қатысты түрлі курстары мен "Дайындықсыз үйленбе" деген кітабы бар.

Ақша

Отбасы құрғанға дейін жігіт қыздан қарыз сұрап, кредит алдыруына қалай қарайсыз?

– Отбасы құрғанға дейін қыз бен жігіт бір-біріне бөтен екенін жадында ұстаса екен. Яғни екеуінің арасында ешбір өзара міндет жоқ. Олар туыс емес, бауыр емес, былайша айтқанда заң тұрғысынан да, қан тұрғысынан да ештеңе байланыстырмайды. Ал байланысы жоқ, бір-біріне бөтен адамдар қалай ғана бір-біріне қарыз беріп, кредит алдырады?! Тәжірибеде қыздарға несие алдырып, кейін тастап кеткен қаншама жігіт бар. Кей жігіттер тойды өткізу үшін қыздан қарыз алатын да сорақы жағдайлар кездеседі. Осыған ұқсас оқиғалар әрдайым сәтсіз аяқталып жатады.

– Отбасы құрғаннан кейін отбасылық бюджетте ері мен әйелінің ақшасы қосып ұстаған тиімді ме, әлде әркім өз қаражатын жаратқаны әділетті ме?

 "Отбасылық бюджеттің" де зардабы орасан. Ұрыс-керіс пен келіспеушіліктің төркіні көбіне осыған байланысты болып жатады. Есептемеген күннің өзінде, ердің ақша табуға деген құлшынысын төмендететіні бар. Әркім өз қаражатын өзі ұстайды деген де жөн емес. Дұрысы – ер отбасындағы қаражаттың жүрісіне жауапкершілік алып, үй ішін қамтамасыз еткені. Әйелдің қаражатын бақылауда ұстап, бірақ тиіспегені абал.

– Қазақ отбасыларының кейбірінде отбасы құрған соң, келінінің бар ақшасын тиынына дейін санап алатын ата-енелер баршылық. Қыздар жігіт таңдағанда мұндай жағдайға кез келмесі үшін нені ескеруі шарт?

 Бұның барлығы келісімге байланысты. Егер қыз бала үшін маңызды болса, өзінің қаражатын ата-енесіне, тіпті күйеуіне бермейтінін ескертіп, астын сызып, алдын ала болашақ күйеуімен келісуі керек. Мәселе туындай қалса, жігіт қызды ыңғайсыз жағдайға қалдырмай, өзі шешкені дұрыс. 

Мәміле

– Қыз бен жігіт арасындағы проблеманы қалай шешкен дұрыс?

– Қыз бен жігіттің арасында проблема болғанының өзі олардың болашақта отбасы бола алмайтынының белгісі емес пе?! Олай болса, неге олар қыз бен жігіт ретінде қарым-қатынасын жалғастыруы керек?! Қызығы, қазіргі кездегі өкінішті жағдайлардың бірі қыз бен жігіт болып сөйлесіп жүргендер бір-бірімен ұрысып жүреді. Тіпті, бұл нормаға айналған. Сөйтіп ұрысып жүріп, үйленеді. Соңында ұрысып жүріп, ажырасады. Егер араларында келіспеушілік болса, бұл әу бастан-ақ қарым-қатынасты тоқтату керегін білдірмей ме?! Бұның барлығы – ақылмен емес, эмоцияның жетегінде отбасын құруға шешім қабылдағанның кесірінен.   

– Қыздар қандай жігіттен сақ болуы керек?

– Қандай жігіттен сақ болу керегін қыздардың өздері де біледі деп ойлаймын. Бастысы, өз бетінше шешім шығара алмайтын, жауапкершілік ала алмайтын, жеке қара басын ғана ойлайтын эгоист адамнан сақ болғаны жөн.

– Жігіттер қандай қыздардан сақ болуы керек?

– Бірінші кезекте құндылықтары сай келмейтін қыздармен көңіл жарастырмағаны жөн. Иә, ол қыз сұлу болуы мүмкін, басқа да жақсы қасиеттері болуы мүмкін. Алайда егер жігіттің құндылықтарын таңдаған қызы құнсыз көрсе, тіл табысуы қиындай түседі. Бірге отбасын көтеруі оңай болмайды.

– Үйленуге шешім қабылдаған жастар нені ескеруі керек? Неке келісімінде нелер айтылуы шарт?

– Үйленуді қалаған жастар өздері нені құнды санаса соны ескеруі керек. Неке келісімін де сол негізде құрған жөн. Біз көрсететін қызметтің бірі – тойдан алдын қыз бен жігітке "отбасы жарғысын" жасауға көмектесу. Осы қызметті енгізу барысында неке жарғысын аз-маз зерттегеніміз бар. Сол кезде көз жеткізген дүние – шетелде неке келісімінің көпшілігі материалдық игіліктерді бөлісу мақсатында жасалады екен. Яғни үй менікі, көлік сенікі деген секілді. Бұл материалдық дүниені маңызды санағаннан болар. Сонымен қатар неке келісімінде моральды тұрғыдан құндырақ нәрселерді де алға тартқан жөн. Мәселен, келіспеушіліктерді қалай шешеміз, қалай тез татуласамыз, арадағы махаббатты сақтап қалу үшін қандай әрекет жасаймыз, үйді кім басқарады, соңғы нүктені кім қояды, қандай отбасылық модельмен өмір сүреміз деген сынды сұрақтардың жауабын іздегендері дұрыс. Бұл отбасылық өмірде болатын көп мәселенің алдын алады.  

Қызғаныш

– Сөз байласып жүргенде немесе отбасын құрған соң ерлі-зайыптылардың бірін-бірі қызғануы қалыпты ма?

 Қызғаныш – стресс. Қызғаныш негізінде жасалатын сенбеу, күдіктену, үнемі бақылау, тексеру, бұның барлығы адамға артық эмоциялық салмақ түсіреді. Бір реттік қызғану қалыпты әрі дұрыс болуы мүмкін. Бірақ әрдайым қызғану – үлкен мәселе. Қызғаныш мәселесін шешу үшін мына әдісті пайдаланасыз. Объектіні алып тастайсыз немесе субъектіні алып тастайсыз. Мысалы, баланы теледидардан қалай ажыратасыз? Баланы басқа бөлмеге алып барасыз немесе теледидарды алып тастайсыз. Қызғанышта да дәл солай. Қызғанатын адамыңызды алып тастайсыз немесе кімнен қызғансаңыз, соларды алып тастайсыз. Мысалы, жігіт әйелін жұмыстағы басқа ерлерден қызғанады. Онда әйелді жұмыстан шығарасыз немесе басқа ерлер жоқ жерге жұмысқа кіргізесіз.   

Қызғаныш – қалыпты, керек әрі жақсы нәрсе, егер тек орынды болса. Яғни қызғаныш орынды әрі орынсыз болады. Отбасын құрған соң ерлі-зайыптылардың бір-бірін орынды қызғануы – жақсы нәрсе. Бұл олардың арасында сезімнің барын білдіреді. Меніңше, тойға дейін қыз бен жігіттің бір-бірін қызғанғанын орынсыз деп айтар едім. Жігіт қызға хабарласып: "қайда жүрсің, қайда барасың?" деп, артынша "ол жаққа барма, жаныңда кім бар?" деп айтуы – орынсыз. Олай қызғануға қандай құқығы бар? Некелеп алған жары емес, не жауапкершілік алып үйленген жоқ, не той жасамаған... Қызғану, қадағалау құқығы жігітте үйленген соң ғана болады.

– Бірін-бірі қызғанып, әр қадамын аңдып отыратын адамдар арасында қандай диалог болуы керек?

– Әуелі, қызғаныш ердің де, әйелдің де тарапынан болатынын түсіну керек. Бұған бір жақты ғана қарауға болмайды. Ер әйелін қызғанады, әйелі ерін қызғанады. Екінші кезекте, қызғаныштың түрін анықтап алған жөн: "орынды ма, орынсыз ба?" деп. "Басқа біреуге неге қарайсың?", "қайда болдың?", "басқа біреуді ойлап жүрсің бе?", "басқа біреуден келдің бе?" дегендей қызғаныш шектен шығу, екінші тарапқа негізсіз жала жабу болып есептеледі. Бұл – орынсыз, дәйексіз, себепсіз қызғану. Орынды қызғаныш та болады. Мәселен, әйел бөтен ермен әлеуметтік желіде арсыз нәрселерді еркін жазып отыруы мүмкін. Кім ол десе, бұрынғы жігітім, бірге оқыған курстасым деп отырады. Осы кезде жігіттің қызғануы орынды. Сол секілді әйел де күйеуінің басқа әйелдермен қылмыңдап (флирт) сөйлегенін көрсе, қызғанышы орынды. Яғни, ерлі-зайыптылар қызғаныштың шекарасын айыра білгені дұрыс. Орынсызға жол бермей, орынды қызғанышты қалт жібермегені жөн. Егер осы нәрсені ерлі-зайыптылар өзара талқылай алса, біраз нәрсе түсінікті болады деген ойдамын.

– Бір сөзіңізде ер адам әйелдің мықтылығын басу үшін ұрады депсіз. Ал "қызғандым" деп, қол көтеретін азаматтар жайлы не айтасыз?

– Ұру – бұл әлсіздіктің белгісі. Жігіттің қол көтергені мәселені басқаша шеше алмағанын көрсетеді. Сондықтан қандай мәселе болса да, қол көтеру – ақталмайтын дүние.

Жеке шекара

– Ерлі-зайыптылар бір-бірінің телефонындағы жеке хабарламаларды оқуға құқылы ма?

– Бұл тікелей ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сеніміне байланысты. Қалай болғанда да жұбайлар "сенім департаментінен" шығып кетпегені жөн. Бірі екіншісінің телефонын тексеруге итермелейтін де нәрсе сол – сенімнің жоқтығы. Телефон тексеру жеке мәдениет тұрғысынан қарап тұрсақ та, құрметсіздікті білдіреді. Сенбеушілік пайда болған сәтте осындай қадамдарға барып жататынымыз өкінішті.

– Отбасы құрған ер мен әйел бір-бірінің суреті, видеосы бар дүниелерді екінші тараптың рұқсатынсыз желілерге жүктеуіне бола ма?

– Ерлі-зайыптылар арасында бұған байланысты алдын ала ескерту және келісім болғаны жөн. Бірде бейтаныс жігіт маған: "Бірге селфиге түссек бола ма?" - деді. Мені әлеуметтік желіден танитын көрінеді. Мен ол кісіге: "Бұл жеке өзіңізге ме, әлде әлеуметтік желіде жариялайсыз ба? Егер өзіңізде қалдыратын болсаңыз – рұқсат, ал егер жариялаймын десеңіз, қиындау", - дедім. Ол жариялағысы келетінін әрі "Онда тұрған не бар?! Мен де блогермін", - дегенге салды. Мен белгілі себептермен келіспедім. Себебі бұл – менің ұстанымым. Сол секілді ерлі-зайыптылар да өзара келісіп алса болады. Естелікке суретке түсеміз, сақтап қоямыз, бірақ жарияламаймыз деп, өара мәмілеге келу керек. Жеке өз басым отбасымның суре-видеоларын әлеуметтік желіге жарияламаймын. Сол себепті де әлеуметтік желі заман талабы, маркетинг талабы десе де, ол нәрседен бас тартамын. Мұны өз жақындарымнан да талап етемін. Бұл қадамға бармас бұрын адамның жеке құндылығы, ұстанымы ескерілген жөн.

– Жігіт отбасы құрғанға дейін интимді қатынас ұсынса, қыз бала келіспейтінін қалай жеткізе алады? Немесе жігіт қыздың келісімінсіз жыныстық қатынас жасаса, ол жігіт үйленген соң жақсы жар бола ала ма?

– Жалпы жігіттер тойға дейін жақын қатынасты түрлі мақсатта ұсынады. Соның бірі – қыз баланы тексеру. Егер қыз бас тартпаса, онда маған дейін де басқа жігіт қолқаласа, келісе береді екен ғой деген тоқтамға келеді. Дегеніне жеткен соң, қызды тастап кете береді. Егер қыздың бұрын да жігітпен болғанына көзі жетсе, онда ешқандай өзін кінәлі сезінбестен, оп-оңай кетіп қалады. Ал егер қыз бала арын сақтаймын, ондай қарым-қатынас тек тойдан кейін ғана десе, жігіттер қазына тапқандай қуанып, тойдың қамын тезірек жасауға тырысады. Ал қыздарды жай пайдаланып, уақыт өткізу үшін ғана жүрген біреу болса, бұл маған жарамайды екен деп кете барады. Қыздар осыны түсінсе екен деймін. Жігіттердің "дұрыс қыз ондай қадамдарға бармайды" деп ойлайды. Егер жігіт қыздың келісімінсіз жыныстық қатынасқа итермелесе, сотқа беру керек. Бұл жерде қыз бала өзіне мына сұрақты қойса: "Бұл жігіт осындай зорлыққа менен басқа қаншама қызды мәжбүрледі екен? Менен кейін де осындай қылмысқа итермелеп, қанша қызға қысым көрсетер екен?" Тойға дейін зорлық жасаған адам тойдан кейін жақсы жаққа өзгереді деп ойлау қауіпті...

– Қыздар ойынқұмар жігіттерді қалай тани алады? Лудоман жігітпен араласатын қыз нені ескеруі керек?

– Қыз жігітті тойға дейін барынша тануға, зерттеуге күш салғаны жөн. Егер жақсылап зерттесе, жігіттің ойынханада ойнағанын, ондай іске құмарлығы бар-жоғын анықтауға болады. Тек ол үшін тану жолында бар күш-жігерін салса болғаны. Егер қыз баланың туысқан ер қамқоршысы болса, тез анықтай алады. Ер адам жігіттер арқылы "қандай жігіт", "бәс тіккен бе, жоқ па" деп сұрастыра келе, тез әшкерелейді. Егер қыз лудоманға тұрмысқа шығатын болса, өмірінің соңына дейін өзгермейтінін білсін. Иә, кейбір қыздардың біле тұра, "үйленген соң бұл ісін тастайды", "ол негізі жақсы адам", "тек уақытша осылай болып жүр" дегені – қисынсыз, өз-өзін алдау ғана. Таңдаған ер адамының өмір бойы ойынхананы торуылдап жүретініне дайын болсын. Өзгермейді деп қабылдаса, ертеңгі күні жақсылық болады деп күтіп жүрмейді, көңілі қалмайды.   

Туыстарымен қатынас

– Отбасы құрған соң, жігіт қалада жұмыс істеп, жаңа келінді "тірлікке ысылсын" деп ауылда алып қалып жатады. Ауылда осылай 5-6 жыл күйеуінен бөлек тұрған келіндер бар. Ері мен әйелі үшін өзгелердің шешім қабылдауы дұрыс па?

– Қыз бен жігіттің шаңырақ көтергенін "жеке отау" деп атайды. Әр отау өз мәселесін өзі шешу керек. Әсіресе, бұған ер жігіт жауапты. Соңғы сөз, шешім соның қолында болуы керек.

– Қазақы менталитетті қонақасы немесе тағы мерекелік дастархан жайылса, келінді көмекке шақырады. Егер келін барғысы келмесе, ойын қалай жеткізе алады?

– Бұл жерде, керісінше, сұрақ қоюға болады. Егер дәл солай қыздың жақындары көмекке шақырса, барудан бас тартар ма еді? Қалай болғанда да оны әйел күйеуі арқылы шешкен жөн. Барғысы келмеу мотивін анықтау керек. Егер бармауға орынды: аяғы ауыр, ауырып жату немесе барса біреулер қысым көрсету, зұлымдық жасау деген секілді себеп болса, соның барлығын жігіт анықтап мәселені шеше алуы керек. 

– Баланың жөргекпұлы мен декреттік демалыстың ақшасын алғысы келетіндер көп болса, келін қалай бас тарта алады?

– Менің көзқарасымда бала туғанға дейінгі және кейінгі берілетін ақша – әйелдікі. Ал одан кейін ай сайын берілетін ақша баланың қажеттіліктеріне жұмсалуы керек. Мемлекет те бұл қаражатты өз тарапынан осындай мақсатта тағайындайды. Мұны да әйел адам күйеуі арқылы шешкен жөн.

– Жігіттің туыстарымен қыздың арасында проблема туындаса, мәселені қандай жолмен шешкен дұрыс?

– Күйеуі арқылы. Әйел күйеуіне арқа сүйеген жағдайда ғана мәселені оңды шешуге болады. Жалғыз өзі шешемін деп, жаман атты болып қалады. Қыз келін болып түссе, оны ол жерге күйеуі алып келгенін, сол таңдағаннан кейін жүргенін ұмытпаса екен. Қыз бала өзінің өмірін күйеуіне тапсырып келген. Осыдан-ақ қыз баланың жігітті дұрыс таңдауының, зерттеп-тануының қаншалықты маңызды екенін көреміз. Тойдан кейін дұрыс өмір сүру үшін, тойға дейін дұрыс жігітті таңдауға, оны тануға күш салғаны жөн.

– Сізге жүгінетін ер мен әйелдің топ-3 проблемасы қандай? Сіз оларға қандай кеңес бересіз?

– Бірінші, бір-бірін түсінбеу. Екінші, әйелге көңіл бөлмеу. Үшінші, қыздың төркініне жақын болуы, ал жігіттің өз анасына жақын болуы (маменькин сыночек). Бірінші мәселе бойынша сауаттануға, түсінуге шақырамыз. Екіншісі бойынша әйелге көңіл бөліңідер деп кеңес беремі. Үшінші мәселе бойынша жеке дербес отбасы болуға тырысу керек.

– Ерлі-зайыптылардың биологиялық баласын туысы асырап алуға сұраса, бала үшін қай шешім дұрыс?

– Әр бала қандай болмасын, өз ата-анасының қасында болу керегін құптаймын. Себебі бала үшін ата-анадан, ал ата-ана үшін баладан айырылу үлкен стресс тудырады. Бұған бір дәлел: Ресейде жертөледе жөргектегі баласымен тұрып жатқан ана мен баланы ажыратқан. Баланы балалар үйі қамқорлығына алған. Бірақ жертөледе, суық жерде тұрғанда ауырмаған бала жайлы әрі жылы жерге келгенде ауыра бастаған. Анасына да сол кезде оңай соқпағаны белгілі. Сондықтан да әр бала ата-анасы қандай болса да, қасында болғаны жөн деп санаймын.

– Уақытыңызды бөліп, жауап бергеніңіз үшін рақмет!