Bugin

Елімізде студенттерінің шәкіртақысы мен мұғалімдердің жалақысы қаншаға өседі?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: pexels.com

2023 жылы 16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Президент тапсырмаларын орындау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны туралы баяндалды. Құжат аталған саланы өркендетудің стратегиялық міндеттері мен көрсеткіштерін айқындайды, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Министрдің айтуынша, биыл қыркүйек айынан бастап Қазақстанда бакалавриат бағдарламасы бойынша стипендия мөлшері 20 пайызға, магистратура мен докторантурада 15 пайызға көбейді. Жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 160 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде бұл көрсеткіш 228 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы үш есе, яғни 2022 жылғы 55 050-ден 2023 жылғы қазанда 17 488-ге дейін азайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары білім беру саласындағы инфрақұрылым мен цифрлық архитектураның дамуы, соның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кампустарының құрылысы туралы мәлімет берілді. Министрлік цифрлық университет моделін әзірлеп жатыр. Студенттер Coursera жаһандық онлайн білім беру платформасында оқу мүмкіндігіне ие болды. Қазірдің өзінде олардың 40 мыңы сертификат алды. Платформадағы 100 негізгі курсты қазақ тілінде оқуға болады.