ТӘРБИЕ

"Оянсам, пышақ тақап тұр": келіншек басынан кешкен сұмдықты айтты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

Былтыр елімізде 115 526 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Ол істе 70 мың жәбірленуші арыз жазудан бас тартқан, 47 мың әкімшілік іс сотқа жеткен, 20 мың істе тараптар татуласқан. Бұл деректі Human Rights Lawyers  қорының басшысы Ләззат Рақышева айтты. Еліміздегі әр қалада, аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары бар. Ол жерде әйелдер баспанамен, тамақпен, психолог және заңгер көмегімен қамтамасыз етіліп, қолдауға ие болады. Дағдарыс орталығының мамандары бала мен анаға тәуелсіз, қорқынышсыз өмір сүруге көмек береді. Қыз-келіншектерге жаңа мамандық игеріп, табыс табуына көмек береді.  "Жан-Сая" дағдарыс орталығындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанымен Bugin.kz тілшісі сөйлесіп қайтты. Кейіпкердің жан-сырын назарларыңызға ұсынамыз. 

Кейіпкеріміз 25 жаста. Нәбәрі 19 жасында отбасын құрған. Танып-білмеген адамымен отбасын құрады. Балалар үйінде өскен кейіпкеріміз әңгімені бүгінгі көңіл күйінен бастап айтты. 

"Бүгінгі көңіл күйім жақсы. Дағдарыс орталығына келгеніме 1 апта болған соң, психологтармен жұмыс істедім. Содан бастап, ішкі хәлім жақсарды. Жан дүниемде жаңа сезім патшалық құра бастады. Өзімде бұрын болмаған еркіндікті сезіндім. Бір жыл бойы құрсауға алып, еңсемді езетін қорқынышты ұмыттым. Қазір мен ешнәрсені уайымдамаймын. Бәрі жақсы", - деп сөзін бастады кейіпкер.

Күйеуімің әпкесі алдап апарды...

Кейіпкеріміздің көзі жанып тұр. Жылағысы келеді. Бірақ мықты болуға тырысып, салқынқанды, ол оқиғаға қатысы жоқ адамша бар ынтасымен оқиғаны баяндады. Бұл орталыққа өмірі бал болғандықтан келмегені белгілі. Орталыққа келу себебін ол былайша түсіндірді:

"Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандықтан келдім. Жолдасым теріс жолға түсіп кетті. Емдей алмадық. Оңалту қолдан келмеді. Есесіне, мені қорлап, ұрып-соғуы өршіп кетті. Оны тәрк етуге бір сәтте батылым жетпеді. Әбден күйзеліс, қорқыныш сезімі жиналып, жаныма маза бермеді. Кеттім...

Жолдасыммен 2018 жылы таныстым. Нақтырақ, таныспадық, тек сырттай бір-бірімізді таныдық деген дұрыс шығар. Ол мені алып қашты. Отбасы алдап, уәдені үйіп-төгіп, орамал тағып алып қалды.

Өзім балалар үйінде өстім. Мен күйеуімнің әпкесінің дүкенінде жұмыс істедім. Қонаққа барайық деп, әпкесі өз үйіне апарып жүрді. Үшінші рет "қонаққа барайықшы" деп апарып, үйлеріне келін етіп алып қалды. Ол кезде 18-ден 19 жасқа толатын шағым еді.

Қарсылық таныттым. Жыладым. Қалмайтынымды айттым. Күйеуім сонда үйіп-төгіп уәде беріп, жалынып алып қалды. Өзімде кішкене ұнату сезімі бар болған соң, сол шаңырақта қалуға келісімімді бердім. Тұрмыс құрған соң, оқуыма жібермей қойды. Полиграфия коледжіндегі оқуым қалып қойды, аяқтап, мамандық ала алмадым.

Ол бір күнде мінез көрсетіп кетпеді. Тек екінші балаға жүкті болған кезеңнен бастап ерсі мінездер көрсете бастады. Бастапқыда "шыдай алатындай" деңгейде бар отбасыда кездесетін ұрыс-керіс болатын.  Үшінші қызыма жүкті болған кезде оның наша шеге бастағанын білдім. Қол көтеріп жүрді. Ата-енеммен тұратынбыз, балаларға қол көтермеді", - деп отбасылық мәселенің ушығу себебін айтты.

Сот оның нашақор екенін ескерген жоқ

Есірткі қабылдаған адамның мінез-құлығы өзгереді, айналасындағылар үшін қауіпті. Кейіпкер күйеуінің есірткі шегіп бастаған соң қалай өзгергені туралы былайша баяндады: 

"Наша қолданған соң, көзіне түрлі нәрсе елестейтін. Бірнеше ай басқа нәрселерді айтып жүрді. Ол нашасын қоймай, ары қарай маған тисетінді шығарды. Тек балаларды сабағына таситынмын. Соның өзінде мені қызғанып, түрлі жала жабатын. Арнайы наркодиспансерлерге ақылы түрде жатқыздық. Нәтиже жоқ. Ол қызғанатындай себеп жоқ. Баланы балабақшаға апарсам, дүкенге барсам, "біреумен кездесуге барып келдің" деп жанжал шығаратын.

Мені арашалап, сөзімді сөйлейтін әке-шешем жоқ. Барар жер, басар тауым жоқ екені мені тұсап ұстады. Менің осы орталыққа кеткенімді қайын атамның өзі құптап отыр. Өз көзімен көріп жүр ғой қалай жапа шегіп жүргенімді. Маған тек қолдау білдірді.

Енем "жалғыз ұлым" деп, баласының ғана сөзін сөйлейді. Таяқ жеп жәбір көрсем де мені кінәлайды", - дейді күйеуінен зәбір көрген келіншек.

Кейіпкердің күйеуінен заңды ажырасқанына 1 жылдан асқан. Басында екі ай бөлек тұрып көреді. Үшінші перзенті ғана өзінде, екі үлкен баласын сот әкесіне қалдырған.

"Сотта оның нашақор екенін ескерген жоқ. Мен айттым, сот-медициналық сараптама тағайындамады. Балаларға ата-әжесі қарап отыр. Олардың әкесімен қалғаны да дұрыс болған шығар. Мен коледжді де аяқтай алмағандықтан, үш баламен қиналатын едім.

Біраз қиналдым. Ол "өзіме қол жұмсаймын" деп қорқытып, соңымнан қалмай қойды. Балаларымды сағынғандықтан, мен қайта қосылуға келісім бердім. Жылап тұрып берген уәделеріне сендім. Ол 1 апта ғана шыдады. Одан кейін қайта баяғы қалпына түсті. Шыдадым. Тамағын тасып, диспансерге жатқыздық. Бір ай емделіп шықты. Екі аптадан соң қайта наша қабылдай бастады. Ол наша қабылдағанда, 2-3 күн ұйықтамай жүретін. Ұйықтап жатсам, ол сыртымнан видеоға түсіріп, өзіме көрсететін. "Міне, сен көрдің бе, қасыңда адам жатыр. Сендер олай жатырсыңдар, бұлай жатырсыңдар" деп ұратын. Оның көзіне көрінген нәрсе үшін мен талай рет таяқ жедім", - деді кейіпкер.

Оянсам, пышақ тақап тұр...

Күйеуін қанша айықтырғысы келсе де, нәтиже болмайды. Тәуелділігінен арыла алмайды. Кейіпкер шыдап, балаларымен бірге өмір сүргісі келеді. Бір күні бұлай жалғаса берсе, өлетінін, күйеуі өлтіріп тынатынын түсінеді. Кейіпкеріміз өміріне әсер еткен сол сәтті дауысы құбылып, көзіне жас толып баяндады:

"Мен нақты кетемін деп шешім қабылдаған жағдай өте күрделі болды. Таңертең сегізде оянсам, маған пышақ тақап тұр. Сол сәтте кетуге тастай бекідім. Үйдегі сұр пышақты ұстап тұр екен. Балаларым жанымда жатты. "Тез тұр, қазір дауысың шықса, сені пышақтап тастаймын", - деді. Мен қорыққанымнан тез-тез киініп шықтым. Далаға алып шыққан сәтте енеме айтып үлгердім. Енем: "Өзің кінәлісің", - деді. Бұл оқиғадан 2 күн бұрын туған әпкемнің үйіне бала-шағаммен барып қайтқан едім. "Сенің кеткенің үшін балам шегіп келді", - деп, енем өзімді жазғырды. Енемнің тарапынан көмек болмады. Таяқ жедім..." - деп ауыр күнді қынжыла есіне алды.

Ешкім көмектеспеді

Қатты дауыс шығару, көмек сұрау – аман қалудың жалғыз жолы. Агрессор да құрбанының қалай аман қаларын біледі. Кейіпкердің бұрынғы күйеуі оны айдалаға апарады. Келіншек сол сәтті күрсініп отырып баяндады: 

"Менің жылған даусымнан көршім "милиция" шақырған еді. Ұрсам, "милиция" шақырады деп, таксимен мені басқа жерге алып кетті. Таксидегі ағайдан көмек сұрадым. Ол кісі көмектеспеді. Бір өзеннің жағасына бардық. Ешкім жүрмейді екен. Көпірдің жанына апарды. Алдымыздан бір аға шықты. Ол ағаға жылап жалындым. "Көмектесіңізші" дегенімді елемей кетіп қалды. Біраз таяқ жедім. Үсті-үстінен соққылап ұра берді. Арадан қанша уақыт өткенін білмеймін таяқ жеп жатқан жеріме  үш аға келді. Сол кісілер маған көмектесіп, аман алып қалды. Әдетте қайын атам араша түсетін. Сол кісінің арқасында мен осы күнге дейін тірі жеттім.

Үш аға полиция шақырды. Арыз жаздым. Маған бұл жерге учаскелік полициялар бар деді. Маңайдағы бір магазиндегі апай мені көлігіне отырғызып, үйге дейін апарды. Ол кісі полициямен үйге апарып, үш баламды алғызды. Осында орналастырды. Бұл орталыққа киімсіз, құжатсыз, телефонсыз келдім. Қайын сіңлім мен қайын әпкеме құжаттарды алу мәселесімен жаздым. Полициялар сот қағазын көрсетті. Солай екі баламды бергім келмеді. Екі аптадан соң балаларымды күйеуімнің отбасына беруге мәжбүр болдым. Қайын атам мен қайын әпкем 2-3 рет келіп жүріп, балаларымды алып кетті. "Балалар балабақшасы мен мектебіне баруы керек" деген сөзі үшін жібердім. Қанша дегенмен, өз туғандары ғой. Өзім де аяққа тұруым керек".

Қазір мен тек балаларым үшін тырысуым керек.

Кейіпкеріміз қазір өзін жақсы сезінеді. Орталыққа келгеніне 1 айдан енді асқан. Нәтижесі өте жақсы. Көз қуантып, көңіл тойдырады. 

"Қазір кіші қызым туған күнін тойлау үшін атасы мен әжесінің жанына уақытша кетті. Мен осы сәтті пайдаланып, түрлі жерді тазалап, жұмыс істеп жатырмын. Аздаған қаражат жинап алдым. Тұрақты жұмысым жоқ. Бұл орталыққа келген соң, күйзеліс ешнәрсеге мойын бұрғызбады. Басым қатты жарақаттанып келгендіктен, жиі басым ауырады. Маған психологтармен жұмыс істегенім көмектесіп жатыр. Ашық мінезді адам едім. Сосын тұйықталып кеттім. Қазір қайтадан емен-жарқын адамдармен араласа алатын деңгейге жеттім. Бізге "Бақытты отбасы" мамандары келіп, қандай оқуды тегін оқығымыз келетінін сұрады. Мен бірден шаштараз болғым келетінін айттым. Арада жұмыс істеп кеткендіктен, ол оқуға бара алмадым. Осындағы Рәзия апайдан тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп жүрмін. Ұлдархан деген кісіден бисерден әшекей жасауды үйреніп жүрмін. Қазір тұрақты жұмыс істеп, табыс тауып, қызымді қолыма алғым келеді. Бұл орталыққа келгеніме 1 айдан асты. Жолдасым бірнеше нөмірден хабарласып, жаман сөздер жазатын. Қазір мен оны елемеймін. Көңіл күйімді оған құртқым келмейді. Жазған нөмірін бұғаттап тастаймын. Қазір мен тек балаларым үшін тырысуым керек. Басқа өткінші нәрселерге басымды қатырғым келмейді", - деп кейіпкеріміз нақты жоспарын айтты.       

P.S. "Сен кімге керексің?" деп әр агрессор айта алады. Ал қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге "бізге керексің" деп айта алады. Айта алғандықтан да түрлі дағдарыс орталықтарын ашқан. Шешілмейтін мәселе жоқ, тек шешім іздеу керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар үшін әр қалада дағдарыс орталықтарының есігі ашық. Онда тек күйеуінен жапа шеккендер ғана емес, отбасынан қысым көргендер де бара алады.

Адам өмірі –  ең қымбат, ең маңызды дүние.