ТӘРБИЕ

Қазақ балаға көз тигенде қалай ұшықтаған?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

Ұшықтау – қазақ халқында бұрыннан келе жатқан аластаудың түрі. Ата-бабамыз бала тамақтан секем алғанда, әлденеден қорықса немесе біреудің тіл-көзі тисе, ұшықтап емдеген. Bugin.kz порталы оқырман назарына баланы ұшықтаудың бірнеше түрін ұсынады.

Жерұшық

Бала ұшынса, әжесі: "Сәрсенбінің сәтті күні, сәтін бере гөр", - деп, таңертең ерте киіндіріп алып шығып, көк шөптің үстінде жүргізеді. Біраз жүргізген соң, жерге домалата аунатады. Құбылаға қарап, тізерлеп отырады. Маңдайды жерге тигізіп, екі жаққа қарап, "Мен ұшынған жоқпын, жер ұшынды", - деп, бірнеше рет қайталайды. Мұны жерұшық деп атаған.

Сумен ұшықтау

Кесеге су құйып, оның ішіне жеті дана қара бұрыш салады. Баланы айнала жүріп, бұрыш салынған суды ұрттап, бетіне бүркіп ұшықтайды.

Тұзбен ұшықтау

Қазақ арасында кең тараған емдеу рәсімінің бірі – тұзбен ұшықтау. Бұл кезде тұз, күл қосылған суық не ыстық суды "ұшық-ұшық" деп, адам бетіне бүркіген.

Балаға тіл-көз тисе, есіктің тұтқасын тұзды сумен сүртіп, бетін, алақанын, табанын жуады. 

Баланы кімдер ұшықтаған?

Ұшықтауды кез келген адам жасамаған. Ата тегінде емшілік қасиеті бар кісі ғана ұшықтайды. Қарт әжелердің айтуынша, егер кісі өз-өзіне сенімсіз қалыпта бала ұшықтаса, оның аяқ-қолы сырқырап, халі нашарлаған.

Ежелден бері келе жатқан ұшықтауды бақсы, сиқыршылар мен емшілер өз тәжірибесінде қолданған. Алайда мұндай ем түрі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, объективті түрде түсіндірілмеген. Ұшықтау, аластау сынды әдет-ғұрыптар мәдени шығу тегіне, сенім жүйесіне немесе дәстүрге байланысты әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін. 

                           Дереккөз: "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен

атауларының дәстүрлі жүйесі" энциклопедиясы

                                                            Бану Әбдіғалиева