Bugin

Дүниеге доп ұстап келген футболшы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Джек Чан/Синьхуа

Килиан Мбаппе – әлемдегі ең үздік футболшылардың бірі. ПСЖ шабуылшысы жиырма бес жаста. Ол Әлем чемпионы атағына 19 жасында ие болған. Мбаппе 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында 3 гол соқты. Финальтилер сериясында қақпаға допты мүлт кетпей сала алды. Bugin.kz порталы жас шабуылшы туралы ең қызық деректерді назарларыңызға ұсынады.

Мбаппе 1998 жылы 20 желтоқсанда Парижге жақын орналасқан елу мың тұрғыны бар Бонди қаласында дүниеге келген. Бала футбол жаттықтырушысы мен гандболшының отбасында өскен. Ол допты ерте жастан жанына серік еткен. Небәрі 2 жасында әкесі жаттықтыратын команданың ойындарына барған. Бала күнінен құр доп қуалай бермей, футбол техникаларын үйренген.

Мбаппені вундеркинд деуге болады. Ол  алты жасында құрдастарынан озып, өзінен ересек балалармен футбол ойнаған. Сол кездің өзінде техникасы ерекше шабуылшы ретінде көзге түседі.

Ол жекелей командаларға емес, футболшыларға жанкүйер болады. Криштиану Роналдудың суреттерін бөлмесінің қабырғасына ілген. Кейіннен өзі пір тұтқан футболшыларын жасыл алаңда көріп, бірге доп тепкен соң, сол сезімі басылғанын айтады.

Футболшы қайырымдылыққа жиі қаражат бөледі. Килиан басқа да атақты футболшылармен (Джордж Веа және Дидье Дрогба) бірге  Африкадағы спорттың дамуына үлес қосып жүр. Ол Әлем чемпионатында жеңіске жеткені үшін берілген сыйақысын мүгедек балаларға қолдау көрсететін Premiers de Cordee ұйымына аударды.