ДАМУ

"Жалаң аяқ от басқан": 2023 жылы адамдарды өлімнен арашалаған қаһармандар

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Қаһарман болып батырлық жасау үшін супер күш қажет емес. Көмек сұраған адамға қол ұшын соза алсаң, сол да жеткілікті. Bugin.kz тілшісі 2023 жылы ерлік жасаған батырлар туралы топтама ұсынады.

Тұншыққан баланы құтқарған батыр

Нұрполат Нұргелді. Видеодан кадр: instagram.com/turkistan.time

Нұрполат Нұргелді. Видеодан кадр: instagram.com/turkistan.time

4 наурызда Түркістан облысы Жамбыл аулында мектеп оқушысы суға ағып бара жатқан сәбиді құтқарып, ерлік жасаған.    

1 жасар бала арыққа құлап, тұншығып қалады. Атпен шауып бара жатқан 8-сынып оқушысы Нұргелді Нұрполат баланы судан алып шыққан. Нұргелді ес-түссіз жатқан балаға жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен. 

Өзін де, өзгені де құтқарған кенші

Фото: Еркіннің жеке мұрағатынан

Фото: Еркіннің жеке мұрағатынан

28 қазанда Қарағанды маңындағы шахтада болған апат кезінде тірі қалған кенші Еркін Ахметов әріптесін ажалдан аман алып қалған. Жарылыс кезінде дүмпу болып, ұшып түседі. Шығар жолға қарай бара жатқанда бір адамды байқаған. Есінен танып жатқан адамды құтқару үшін дереу кеншілер тобынан көмек сұрайды. Оның арнайы қорғаныс жабдығы сынып, тек байлайтын белдіктері қалған екен. Кенші бірден ер адамға көмек қолын созуға ұмтылған. Кеншілер тобын көргенде, Еркін оларды да көмекке шақырған.

Құтқарылған Қайрат есімді кеншінің бригадасында 15 адам болған. Олардан тек 2 кенші ғана тірі қалған. Жарылыс кезінде есін жоғалтқан Қайрат ауруханада көзін ашқан.

Костенко шахтасындағы апаттан 46 жұмысшы мерт болған еді.

25 адамды құтқарған оқушы

Фотоколлаж: Qaz365.kz

Фотоколлаж: Qaz365.kz

Іле ауданының Ақжол Герой есімді тұрғыны – оқушы болса да, көптеген адамның өмірін құтқарып қалған бүгінгі күннің батыры.

22 қарашада автобус жүргізушісінің талмасы ұстап, көлік құралын басқара алмай қалады. Сол кезде бозбала тез арада тежегішті басып, автобусты тоқтатқан. Осылайша жолаушыларды бір апаттан құтқарып қалады. Ақжол – №24 лицейдің 8-"Е" сынып оқушысы. Куәгерлердің айтуынша, ол жылдам әрекет етпегенде, автобус жақын жердегі ғимаратқа соғылуы мүмкін еді.

Мұзда еңбектеген өлермен

ТЖМ

ТЖМ

Мереке Едресов құрылысшы болып жұмыс істейді. Ол 27 қарашада мұздың жарылғанынан Ақбұлақ өзеніне түсіп кеткен 17 жастағы жасөспірімді құтқарып қалды. Құрылыс көлігінде отырған ол адамның суға батып жатқанын естіген. Беліне қауіпсіздік жібін тағып, өзенге қарай жүгіреді. Бір жері қалың, бір жері жұқа мұзға қарамай, еңбектеп, әлі қалмаған жасөспірімге жеткен. Өз өмірін қатерге тіксе де, балаға жақындайды. Үлкен қиындықпен жасөспірімді жағаға жеткізіп, аман алып қалған.

Өзін құтқарған батыр қыз

Фото: бейнебақылау камерасынан алынған скрин. massaget.kz

Фото: бейнебақылау камерасынан алынған скрин. massaget.kz

Абай облысында 7 желтоқсанда мас ер адам үйіне бара жатқан 6-сынып оқушысын зорламақ болған. Батыр қызға ешкім көмек көрсетпесе де, 20 минут табанды қарсыласып, көмекке адамдар келгенше өзін қорғаған. 

31 жастағы ер адам сағат 08:49 шамасында өзімен-өзі кетіп бара жатқан қыздың артынан барып, оны сүйрелей жөнелген. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ол 6-сынып оқушысын бөтен үйдің подъезіне кіргізіп зорламақ болған. Күдікті 11 жастағы қызға: "Қазір менің бөлмемде екеуміз боламыз", - деп айтқан. Қыз арпалысқан 20 минутта үш ер адам өткенімен, біреуі де көмек көрсетпеген. Тек учаскелік полиция қызметкері келіп, қызды арашалап алған. Полицияны оқиға орнынан өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі шақырған.

Жалаң аяқ от басқан әйел

Отырар

Отырар

Шымкенттік Марина Гафарова 6 баланы құтқарып қалды.

Ол 16 желтоқсанда балаларын ұйықтатып, сыртқа шығады. Сол сәтте өртке оранған көрші үйге назары түседі. Жалын шарпыған үйге жалаң аяқ кірген Марина терезені сындырып, балаларды сыртқа алып шыққан. Әйел әрекеті өміріне қауіпті екенін білсе де, ата-ана қарауынсыз қалған балаларды құтқаруға жанын сала ұмтылған.

Жанкешті келіншек әуелі он айлық сәбиді көтеріп тұрған баланы құтқарады. Кейін газ баллонына өрт жақын қалғанда 4 баланы құтқарып үлгерген.

Бауырын құтқарған бала

Фото: Түркістан облысы ТЖД

Фото: Түркістан облысы ТЖД

Желтоқсан айында Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округі Жылыбұлақ елді мекенінде 10 жасар бала бауырын құтқарды.  

2022 жылы туған Нұрмұхаммед Өскенбай үйінің ауласында ойнап жүріп әжетхана ойығына түсіп кеткен. Болған жағдайды дер кезінде байқаған анасы Айзада Сарман 10 жасар ұлы Нұралиді көмекке шақырады. Ол беліне арқан жіп байлап, анасының демеуімен кішкентай бауырын құтқарып, өлімнен арашалап қалған.