ТӘРБИЕ

Теріс батадан құтылуға бола ма: қазақтар адам артынан неліктен топырақ шашқан?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz/ Айгерім ӘДІЛХАНОВА

Өмір – жақсылық пен жамандықтың таласы. Сөзді кие десек, бата – сөздің төресі. Дегенмен бата тек жақсы мақсатта беріле бермеген. Теріс бата адамның жолын жауып, тағдыр жолына күрмеуі шешілместей із қалдырған. Bugin.kz тілшісі теріс батаның салмағы туралы материалды назарларыңызға ұсынады.

Бата туралы зерттеу жасап жүрген Сағынбек Аханов бізге теріс батаның не екенін түсіндірді.

"Теріс бата – қарғысқа тең. Қазақтың сүйегіне таңба. Теріс бата алған адам жүзін тік көтеріп жүре алмайтын болған. Теріс батаны қазақ разылықсыз тұрмыс құрған қызына, ұры-қарыға, жанын қатты жаралаған адамға айтатын болған",-деді ол.

 

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Қайыржан қажы Макин "Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте" кітабында:

"Бата – ізгі ниет, барлық наным-сенімнің бірлігі. Ата-тегін масқаралайтын ауыр қылмыс жасағанда теріс бата берген. Ол ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып келген. Теріс бата алған адамды халық жек көріп, қонаққа шақырмаған, қыз алысып, дос болмаған.

Теріс батаны қайтару үшін жұртты жинап, Алладан сұрап, жалбарыну рәсімін жасаған. Тірі болса, теріс батамды қайтып алдым деп айтқан. Сондықтан қанша жерден ашу қысқанмен, теріс бата беруге асықпаған", - деп жазған.

"Құдай сені қор қылсын,

Дұшпаныңды зор қылсын!

Жетпейін дегенде жер қылсын,

Еңбегіңді сор қылсын!

Көз жасыңды көл қылсын!

Қайғың қалың шемен болсын,

 Шыға алмайтын терең болсын!" – деп теріс бата берген.

Теріс бата берген адам мерт болса да, теріс бата арқалаған адам көптің басын қосып, "жалбарыну" рәсімін жасайтын болған.

Қарғыс пен теріс батада айырмашылық бар. Этнограф Болат Бопайұлы қарғысты ыза болған адам жануарға, табиғатқа, ауа райына, адамға айтылатынын жеткізді. Ал, теріс батаны назалы кісі тек адамға қаратып айтатын болған.

Этнограф Сейіт Кенжеахметұлы “Жеті Қазына” кітабының 2-бөлімінде теріс батаға байланысты қазақтың екі ғұрпын жазған. Олар – "қасқа" жазасы мен адам артынан топырақ шашу дәстүрі.

"Қасқа" жазасы        

Қасқа – ғұрып, заң. Қазақтың "Жеті жарғы" және билік, әділет заңдарында қылмысына қарай жаза түрлері де әртүрлі болған. Соның ішінде ауыр жазалардың бірі "қасқа" деп аталады. Бұл жазаға ұшыраған адамға өшпес таңба салынып әрі елден қуылған. Мұндай ауыр дәстүрді қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлы былайша көрсеткен:

"Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Содан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайынан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады.

– Енді қайда барсаң, онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық, – деп теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыстың ауыры "теріс бата", жазаның үлкені –  "қасқа" етіп әйгілеп, елден қуып қаңғыртып жіберу болыпты ғой", - деп келтірген "Ұшқан ұя" кітабында.

Мұндай өте ауыр жазаға ұшырағандарға жұрт "қараң батсын", "келмеске кет" деп қарғыс айтып, артынан топырақ шашқан. Жазаның мұнан басқа да мынадай ауыр түрлері болған:

- Қолын артына байлап, қара есекке немесе сиырға теріс мінгізу;

- Арақ ішіп өлгендерге немесе өзін-өзі өлтіргендерге намаз шығарылмайды, бөлек жерленеді;

- Ат құйрығына байлап өлтіру;

- Әйелдің шашын кесіп, талақ ету;

- Мал-мүлкін талауға салу;

- Үйін ауылдан бөлек тігу;

- Мал сияқты көгендеп қою;

- Тас атып өлтіру, т.б.

Бұл заңдар қанша ауыр болғанымен, ұлт намысын сақтауға, телі-тентектерді тыюға әсер еткен.

          Артынан топырақ шашу дәстүрі

Халықта ел қатты жек көрген қылмыскерлер мен опасыздарға, қарғыс алғандарға немесе өзі кінәлі бола тұра, ел-жұртты кінәлап, ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқандарға әбден көңілі қалып, қаны қарайған кезде көпшілік олардың артынан топырақ шашатын әдет бар. Бұл – әрі жаза, әрі "қараң батсын" деген қарғыстың "енді көзге көрінбе" деген аса қатты айыптаудың ауыр сабағы. Мұндай адамдардың атын елі атамаған, есімін еске алмаған.

P.S. Теріс бата беру – өте салмақты дүние. Жақында жарық көрген "Дәстүр" фильмінде теріс бата беретін сахна бар. Теріс бата алған адам бақыт жолын таба алмайды. Дегенмен жүйелі айтылса ғана, теріс батадан қорқуға болады. Адамның жеке шекарасын, тағдырын аяққа таптайтын шешімдерге қолдану үшін жасалатын манипуляция бұл ауқымға жатпайды. Алып қашқан қызды көндіру мақсатында қорқыта айтылған сөз осы қатарға жатады. Жәбірленген адамға жәбірлеген адамның туыстары айтқан қарғыс, теріс бата – қалт кететін дүние. Теріс бата мен қарғыс айту үшін нақты себеп болуы керек.