ТӘРБИЕ

“Пойызға отырғанға дейін пәк едім”: пойызда зорлық көрген қыз-келіншектердің оқиғасы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова

2021 жыл. Алғаш рет елімізде қыз-келіншектерге пойызда өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік туды. Тек әйелдерге арналған вагоны бар пойыздар іске қосылды. Соңғы деректерде ел аумағында әйелдерге арналған вагоны бар 8 бағытта пойыз жүретіні айтылған. Бұл пойыздар жолға шыққанша қаншама әйелдер зорлыққа тап болды. Bugin.kz тілшісі пойызда зорланған немесе зорлыққа тап бола жаздаған қыз-келіншектердің басынан кешкен оқиғаларын назарларыңызға ұсынады.

Оқиғалар Human Right қорының төрайымы Ләззат Рақышеваның парақшасынан алынды.

Қанша жігіт зорлағанын білмеймін

Мен ауылыма кайтуға пойызға міндім. Билет болмаған соң, жолсерікпен келісіп отырдым. Олар өздері отыратын жерге жайғасатынымызды айтты. Себебі басқа орын болмады. Үш қыз бірге шыққан соң, келісім бердік. Олар тек кіріп-шығып қана жүрді. Біздің қасымызға отырмады. Әжетханаға барған сайын әскерден қайтқан жігіттер ортаңғы вагонға жайғасып, тиісті. Жанымдағы қыз тамбурға мені ертіп барып, темекі шегіп жүрді. Әскерден қайтқан жігіттер де онымен бірге темекі шегіп жүрген. Мен құрбымды уайымдап, жанынан бір елі ұзамай жүрдім.

Бір кезде ұйықтап кеткен екенмін. Бетіме біреудің қарап отырғанын сезіп ояндым. Жолсерік бетіме тесірейіп қарап отыр екен. Құрбыларымды сұрап едім, әскерден қайтқан жігіттермен танысып жатыр деді. Сосын 2 жолсерік келіп, менімен әңгімелескісі келді. Бірақ құрбыларымды іздегім келді. Ол кісілер: “Басыңа бәле тілемей, отырсаңшы”, - деді.

Олар еш жерде жоқ екен. Таба алмадым. Әскерден қайтқан бір жігіт көмектескісі келетінін айтты. Вагондағы әскерден қайтқандардың бәрінің мас екенін айтып, өзіне сендірді. Тамбурға дейін апарды. Ешкім жоқ екен. “Қыздар қайда?”- деген едім. Көрші вагонда екенін айтып, тамбурды құлыптап тастады. “Келші, қандай сұлусың”, - деп маған тисе бастады. Қолын кеудем мен жыныс мүшеме дейін сипалап, сүйе берді. Мен жиіркеніп қашсам да, шамам келмеді. Барынша қарсыласып бақтым. Жыладым. Жұлқынып жатып, басым темірге тисе керек, көзім қарауытып кетті. Алысып жүріп жерге құлағанымды білемін. Өзі зорлап болған соң, купесіне апарды. Қанша жігіт зорлағанын білмеймін. Есімді жисам, басқа купеде жатырмын. Құрбы қыздар мені іздегендерін айтты. Сол кезде қауіпті инфекция жұқты. Жүре алмай қиналдым. Гинеколог қыз емес екенімді айтты. Мен мұны естіп шок болдым. Іздегенмен, оларды таппадым. Әрі қарай өмір сүруді жалғастырдым. Досты да дұрыс таңдамаппын. Қасымда бірге жүрген қыздар жатақханадағы 4-курс қыздары еді. Жолсеріктердің бәрі бірдей емес. Олар қайта маған ескертті. "Құрбыларыңның сенімен ісі жоқ, әр жігітпен жырпылдасып отырқайтесің",деп айтқан еді. Мен сол пойызға мінгенге дейін пәк қыз болған едім. Әке-шешеме қарауға бет жоқауылға көп бармадым содан кейін...

Инфекциядан жанымда болған екі қыз емдетті. Бәрін айтқанда: “Қоя берші қазір қыздық мода емес", - деді түк қиналмай.

Күйеуімді кезіктіріп, бар шындықты айтқанда: “Сенің кінәң жоқ қой мен үшін қыздық маңызды емес", - дедіҚыз болмадың деп, бетіме басқан емес. Ол кезде 17 жастағы бірінші курс студенті едім. Қазір бақыттымын: күйеуім, ұлдарым бар.

"Менімен жатпасаң, пойыздан түсіріп кетемін"

2019 жылы Қарағанды медициналық университетін бітіріп, Алматыға үйіме қайтпақшы болдым. Пойызға билет табылмады. Бәрі сатылып кеткенДенсаулық жағдайыма байланысты автобуспен қайта алмадым, таксимен қайтуға қорықтым. Пойызға билетті ертерек ала алмадым. Сессияның қай уақытта аяқталатынын, құжаттарымызды қашан беретінін білмедім. Жолсерікке 10 мың теңге беріп, пойызға "келісіп" міндім. Қостанай-Алматы бағытындағы пойыз еді. Жолсерік — семіз, қарны шыққан, бойы кішкентай, Қостанайдың баласы. Өзім жас қызбын, ол кезде күйеуіммен қыз бен жігіт болып сөйлесіп жүрдік. Жаңағы жолсерік мені қайта-қайта сөзге тартып, қолымнан, арқамнан ұстамақшы болды. "Мен, ондай жеңіл жүрісті қыз емеспін. Өзім енді оқу бітірген дәрігермін, ағаларымның бәрі жоғары қызметте. Өз-өзіңізді ұстаңыз", - дедім. Сонымен түсінгендей болып кетіп қалды.

Біраз уақыттан соң қайтып келді. "Белімді босатуым керек. Менімен жатпасаң, жолдың бойынан тастап кетемін. Бәріне жем боласың", - деді. Жылап жібердім. Жасы үлкен әріптесі: "Қызға тисе берме", - деді. Сөйтіп, өзінің туған қызын жаныма әкеліп отырғызып кетті.   Аман-есен туған қалама жеттім. Пойыздан түсер сәтте әлгі жолсерік келіп, кешірім сұрады. Үлкен жолсерікке әлі күнге дейін алғысым шексіз.

Ет салынған сөмке

Ол жағдай 2009 жылдың күзінде болды. Қолымда билетім бола тұра, осындай сұмдыққа тап болдым. Сол кезде әке-шешем бір қойдың етін беріп жіберген еді. Ет салынған сөмкені нағашы ағаларым орныма дейін апарып берді. Олар – үлкен кісілер. Сол кезде етті ала кетпеуім керек еді немесе үлкендермен сөйлесуі керек еді. Пойыз жүргеннен бастап, жолсерік маған келіп, етті кіргізгені үшін "бірдеңе бересің" деді. Мен ақша деп ойладым. Қанша екенін сұрағанымда, "Ақша емес", - деді. Шын мәнінде сол кезден бастап ұйқым қашты. Таңға жуық ұйықтап кетіп едім, аяғымды түртті. "Келіп кет", - деді. Бардым. Сол кезде өздері жататын жердің есігін іліп алды. Сосын маған, "фигураң ұнайды" деп жабысты. Қойыңыз дегем, "етіңмен қосып осы жерге қалдырам" деді. Қолын төмен жағыма тығып жатыр. Мен қарсылық көрсеттім. "Ештеңе істемеймін, мені сүйші, бір жерімді соршы", - деді. Сол кездегі шокты айта алмаймын. Қашып шықтым. Шыққаннан кейін 1-2 сағаттай орнымда отырдым. Түсер кезде сол бір қойдың етін зорға көтеріп түсірдім. Ешкім көмектеспеді. Шығып бара жатқанда есікте тұрды. Мәз, бірдеңе айтып жатты. Сол кездегі жек көрінішті сезімімді айта алмаймын. Тез кетуге тырыстым. Маған өзгелер шақырғанға неге барады деп ақыл айтуы мүмкін, сол кезде, заң білмегеннен, жас болғаннан не істеу керек екенін білмегенмін.

P.S. Елімізде пойыздағы зорлыққа байланысты даулы соттар сирек орын алады. Жәбірленушілер арыздануға ұялады. Біздің қоғамда зорлау емес, зорлану – ұят. Мысалы, 2019 жылы ҚТЖ-ның люкс орнында 2 жолсерік тарапынан зорлық көрген жәбірленуші 10 ай соттасқан. Ол сот пен тергеушілердің, күдіктінің адвокаты тарапынан қысым көрген. Амалсыз БАҚ көмегіне жүгініп, резонанс тудырды. Қылмыскерлердің кінәсі расталғанымен, 2 жыл 6 айға ғана бас бостандығынан айырылған.