МӘДЕНИЕТ

"Шәкен Айманов таңдап алған": қазақтың тұңғыш дикторын білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Бүгін – қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматованың туған күні. Осы орайда Bugin.kz порталы 103 жасқа аяқ басқан журналист жайлы деректер ұсынады.

“Қазақ дикторларының анасы” атанған Зұлқия Мұқанқызы 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1958 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде хабар таратты. Жұматова алдымен балалар бағдарламасына редактор болуға барады. Сол жерде режиссер Шәкен Айманов оның сөйлеу мәнері мен даусының ерекшелігін байқап, конкурсқа қатысып жатқан 750 үміткердің ішінен таңдап алған. Осылайша ойламаған жерден 37 жасында диктор қызметіне кіріседі.

1958 жылдың 8 наурызынан бастап қазақ тілінде Зұлқия Жұматова, орыс тілінде Нелли Омарова эфирге шығып, түрлі бағдарламалар жүргізді. Теледидарға телмірген қазақ аудиториясы дикторларды ұйып тыңдады. 

Зұлқия Жұматова Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқты Одаққа әйгілі дикторлармен тәжірибе алмасты. Жұматова сол қара шаңырақта 1970 жылға дейін қызмет етті. 

Зұлқия Мұқанқызы жастайынан тағдыр теперішін көрді. Ата-анасынан ерте айырылып, бауырларының өмірі үшін жауапкершілік алды. Соғыс жылдарында тылда еңбек етті. Зауытта да жұмыс істеді. Зұлқия диктор болмастан бұрын өлең жазып, аудармамен айналысқан. 

2023 жылы Зұлқия Жұматованың өмірі мен шығармашылығы жайлы “Өмір өтіп барады көрген түстей…” атты кітап жарыққа шықты. 

Дара тұлғаның өмірі мен еңбегі бүтін ұрпаққа үлгі-өнеге. “Қазақ дикторларының анасы” адамдықтан асқан атақ жоқ дейді. 

Материалды дайындаған: Ғайнижамал Арыстанбек

Дереккөз: egemen.kz, kazgazeta.kz, abai.kz