БІЛІМ

Өз ісіңнен ләззат алудың жолы: мамандықты қалай таңдаймын?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: bugin.kz/ Айгерім Әділханова

Биыл Қазақстанда 188 900 оқушы мектеп бітіреді. Олардың көпшілігін "Қандай мамандық иесі атанамын? Грантқа қалай ілігемін?" деген сұрақтар алаңдататыны рас. Осы ретте профориентолог, грант эксперті сынды мамандардың ақыл-кеңесі қажет болады. Профориентолог – мамандық таңдауға, тіпті оны өзгертуге көмектесетін маман. Ал грант эксперті мамандықты ҰБТ нәтижесіне сай қалай таңдау керегі жайлы кеңестерін айтады. Bugin.kz тілшісінің осы мамандармен сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Журналистің жағдаяты: 2016 жылы мектеп бітірген сәтте өнерлі досым тамақ өнеркәсібі саласына оқуға түсті. Ол халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған күйші еді. Тағы бір суретші сыныптасым құрылыс мамандығы бойынша білім алды. Екеуінің де мамандығын мектептегі бір ағайымыз “міндетті түрде грантта оқисың” деп таңдап берген еді. Қазір екеуі де видеограф. Төрт жыл оқып, үздік диплом алған түлектер. Бірақ өзін басқа саладан тапқан мамандар...

Омарбек Көшкімбайұлы, грант эксперті: Көп түлек балы жеткен мамандығында оқиды

omarbek56 инстаграм парақшасынан

omarbek56 инстаграм парақшасынан

– Грант эксперті деген кім? Оның көмегіне кімдер жүгінеді?

– Грант эксперті – талапкердің грант негізінде оқуға түсу жолын егжей-тегжейлі білетін адам. Қазақстанда гранттың көп түрі бар. Ал ата-аналар мен талапкерлер тек мемлекеттік грантты ғана біледі. Мен өзімнің семинар, тренингімде мемлекеттік гранттың өзінің 5-6 түрі барын айтып жүрмін. Одан бөлек, фонд, мекеме гранты, ішкі грант, ректор гранты, әкім гранты секілді түрлерін талдап, жіктеп айтып беремін. Бұл қызметке грантқа оқуға қабылданғысы келетін талапкерлер жүгінеді. Кез келген түлек ата-анасына жүк болмай, қуантқысы келетіні сөзсіз. Сол үшін де менің қызметіме жүгінетіндер аз емес.

– Сіз консультация барысында қандай факторларға басымдық бересіз?

– Жеке консультация барысында, ең әуелі, баланың қабілетіне қараймын. Не қалайды? Қазірге дейін немен айналысты? Қандай жауапкершілік алды? Ата-анасының жағдайы, қазіргі көзқарасы, олардың балаға деген сенімі туралы сұраймын. Одан кейін бала міндетті түрде профдиогностикалық тест тапсырады. Соның нәтижесін алып, салыстырып, мамандық таңдаймыз. Содан кейін сол мамандыққа грантқа түсу жолын қарастырамыз.

Олай жасау себебім – қазір елімізде грантқа түсу үшін "мамандық таңдай салу" үрдіс алған. Өткенде ҰБТ сынағынан 133 бал алған грант иегері консультацияға келді. "Ағай, маған таңдаған мамандығым ұнамайды" деп шағым айтты. Біз бірге жұмыс істеген соң, бала 6 айдан бері өз болмысына сай емес мамандықта оқып жүргенін анықтадық. Бала басқа мамандыққа икемді және соны таңдағысы келеді. Қазір оқып жүрген мамандығына оқуға түсуге ата-анасы үгіттеген. Бала бірақ 6 айда ол саланың ұнамайтынын сезінген. Кейін басқа мамандыққа ауысқанда, ақылы негізде оқитын болды. Сонымен қатар осы 6 ай оқыған ақысын мемлекетке қайтарады.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген статистика бойынша, елімізде 61 пайыз Жоғары оқу орнын бітірген студенттер өз мамандығына сай жұмыс істегісі келмеген. Олар не үшін ұнамайтынын сұрағанда, "мама айтты", "папа айтты", "грант үшін" деген секілді жауап берген. Грант үшін ғана мамандық таңдау – еліміз үшін үлкен қауіп. Жақыныңыз, танысыңыз 4 жыл бойы бір мамандықты игереді. Оны бәрі мықты маман болады деп күтеді. Алайда ол тек диплом алған кезде ғана "бұл менікі емес" деген шешім қабылдайды.

Мен 11-сыныппен ғана емес, 9,10-сыныптармен де жұмыс істеймін. Маман ретінде олардың мамандығын дұрыс таңдауына басымдық беріп, қабілеттеріне қарап шешім қабылдаймыз. Бір талапкер өзі қалаған мамандыққа оқуға түсе алса, мен бақыттымын!

– ҰБТ нәтижесі бойынша балы жеткен мамандықты грантта оқыған тиімді ме, әлде 1 жыл күтіп, ҰБТ-ны қайта тапсырған дұрыс па?

– Көп түлек қалаған саласында емес, балы жеткен мамандығында оқиды. Біріншіден, баланың қабілетіне, не нәрсеге қызығатынына қарай әрекет жасау керек. Екіншіден, грантқа түсудің 7 жолы бар. Қосымша грант, әкім гранты секілді де нұсқалар бар. Ең болмағанда, 1 семестр оқып, босаған гранттарды иеленуге болады. Егер бір жылымды жоғалтқым келмейді десе, ата-анасымен келісіп, өзіне ұнаған мамандықта ақылы негізде оқыса болады.

11 жыл оқып, грантқа түсе алмаған балалардың екінші ретте оқу грантын жеңіп алуы екіталай. Олай оқуға грантқа түскендер аз. Екі рет тегін оқуға түсе алмаған балада стресс басымырақ болады. Қазақ минталитетінде 5-6 жыл оқуға түспеу деген жоқ. Көбінесе ҰБТ жоқ елдерге оқуға кетеді. Мен өзіңе ұнаған мамандықты ақылы болса да оқып ал деп айтар едім. Оған "Ата-ана гранты" деп ат қойғанмын. Бұл жерде бала ата-анасымен келісімге келеді. Түлек өзі таңдаған мамандықты игеру үшін ата-анасынан 10 жылға оқу ақысын қарызға алса болады. Қайтару мерзімін айтып келісімге келеді. Мысалы сіз журналист болғыңыз келді. Дегенмен грант ұтуға балыңыз жетпеді. Қабілетіңіз жетпейтінін біле тұра, физика-математика бағытына оқуға түспейсіз ғой. Сондықтан бала ата-анамен келісімге келуі керек. Өзі де біліміне сенімді болады. Кез келген ата-ана баласының нақты мақсаты болса, қолдайды. Әр баланың мақсаты айқын болуы керек. Олай болмаса, тізгінді ата-ана қолына алып, өз қалауын іске асырады.

Динара Төлеуқызы, профориентолог: Кез келген уақытта мамандық ауыстыруға болады

proforientolog2022 - Динара Төлеуқызының жеке парақшасы. Ол жерден профориентациялық талдаулар көре аласыздар

proforientolog2022 - Динара Төлеуқызының жеке парақшасы. Ол жерден профориентациялық талдаулар көре аласыздар

– Мамандық таңдау тек мектеп бітірген сәтте жүзеге аса ма, әлде өмірдің кез келген кезеңінде оны ауыстырып отыруға бола ма?

– Мамандық таңдау – тек мектеп бітірер кезде емес, мектеп оқып жүргенде жүзеге асуы керек. Негізі оқушылар 6-сыныптан бастап мамандық таңдауға байланысты бағыт-бағдар алған дұрыс. Одан кейін күрделі физика, химия, биология, тарих, шет тілі терең оқытылып, құқық негіздері, сызу секілді пәндер оқытылады. Осы кезеңде балалар мықты тұсын сезініп, сол арқылы өз мамандығына жол таба бастайды. Тек мектеп бітірер кезеңде мамандық таңдауға мән беру – үлкен қателік.

Мамандық таңдауға ешқашан кеш емес. Адамдар 25, 30, 45, 50 жасында да қайта ойланып, мамандығын өзгерте береді. Бұған басты себеп – ата-ана. Олар өздері қалаған мамандыққа балаларын оқуға түсіріп алады да, олардың ойына мән бермейді. Мамандық таңдау – кез келген уақытта іске асатын процесс.

– ҰБТ нәтижесіне сай грант болатын мамандықты таңдау адамға қаншалықты әсер етеді?

– ҰБТ нәтижесі бойынша грантқа түсу мәселесі екінші орында қаралуға тиіс. Ата-анаға, балаға айтарым, грант мәселесіне аса қатты назар аудармау қажет. Бірінші кезекте – менің сүйікті мамандығым деп әр бала өзі қалаған саласын таңдауы қажет. "Мен бұл мамандықта оқысам, дұрыс жұмыс істей аламын ба? Маған ұнай ма? Бұл саланы алып кете аламын ба? Қолымнан келе ме?" деген сауалдарға жауап іздеуі керек. Адам мамандығын эксперт деңгейінде меңгере алса, жақсы жұмыс істе кете алады.

Өзім университетте сабақ беремін. Студенттер оқуға қабылданғанына 2-ай болған кезде өтініш жазып, оқудан шығып жатады. Мен ондай кезде баладан "Онда неге оқуға түстің?" деп сұраймын. Жауаптарын тыңдай келе, бірнеше түйін жасадым. Біріншіден, балалар грант көп мамандыққа ата-анасына жүк салмау үшін оқуға түседі. Екіншіден, ата-ана "Барлығымыз экономиспіз, сен де осы саланы таңда" деп, баланың таңдауын есмермей жатады. Ал негізінде балалар өзінің жақсы көретін мамандығы бар екенін, арманы басқа екенін айтады. Үшіншіден, біздің оқушылар мектепте сыныптастарымен бір мамандықта оқуға уәде беріп, солай ойланбастан мамандық таңдап кетеді. Барлығы бір ЖОО-ға, бір топқа оқуға түскісі келеді. Бірақ бір мамандықта оқитын 5 студент 5 түрлі тұлға екеніне мән бермейді.

– Адам мамандық таңдағанда неге мән беруі керек?

– Ең әуелі, қалауын ескеруі керек. "Мен бұл мамандықта жұмыс істей аламын, бұл мамандық ұнайды" деп сенім ді болса ғана таңдау жасауы керек. Өзі ұнамайтын мамандықта оқыған адам не оқуын тастап кетеді, не ол салада жұмыс істей алмай қиналады.

Медицина ғылымдарының профессорлары мен психологтардың зерттеуі бойынша, сүйікті мамандығы бойынша жұмыс істемейтін адамдар көптеген психологиялық ауруға шалдығады екен.

Мамандығын жақсы көретін кез келген адам өз ісінен ләззат алады, жұмысын тамаша, керемет етіп істейді. Уақыттың қалай өткенін де білмейді. Мысалы мен өзім таңдаған мамандық бойынша жұмыс істеймін. Адамдарға кез келген уақытта керек ақпаратын беруге тырысамын. Шаршадым деп айта алмаймын. Адам өз мамандығын дұрыс таңдаса, өмірге деген құштарлығы артады.

– Профориентологтан неше жастан бастап кеңес алған дұрыс?

– Профориентолог маманға баланы 6-сынып оқып жүргенінен бастап апарған жөн. Оқушы ол кезде нақты мамандық таңдамайды. Өзіне ұнайтын бағыттарды нақтылап, сол бойынша ізденеді. Ұнайтын істеріне қарай қосымша сабаққа, үйірмелерге барып жүреді.

Профориентация отбасынан басталады. Балабақшада, мектепте, университетте бұл бағыт дами береді.

Менен ата-аналар: "Профориентация университетке түскеннен кейін қажет пе?"- деп сұрайды. Әрине, бұл мамандардың осы кезде де қажеті бар. Мысалы бала психология мамандығында білім алады. Бірақ оның ішінде көптеген тармақ бар. Бір психолог криминалистикалық бағытты, енді бірі педогогикалық бағытты, ал тағы бірі бизнес психологиясын таңдайды. Студент кафедраға келіп, мамандығының сан түрлі бағытын көрген кезде, профориентологтар жол көрсетеді.

– Бала мамандық таңдағанда, ата-ана қандай көмек көрсете алады?

– Таңдауды бала жасауы керек. Ата-ана ақпарат беруші қызметін атқарғаны абзал. Профориентологтың қызметі де – нақты ақпарат беру. Кеңеске келген әр оқушы өзін тануы керек. Өзін танитын адам сенімді түрде ұнатқан саласын айта алады.

Көптеген ата-ана әліге дейін бір нәрсені үйрене алмай жүр. Консультация кезінде де осыған байланысты конфликт болып қалады. Олар: "Менің балам әлі шешім қабылдай алмайды",- деп айтады. Бала өз ойын айтып жатқанда, жанындағы ата-анасы "Ол экономист болады, мұнайшы болады" деп түзетіп отырады. Бірақ бала бұл салаларды қаламаса да, ата-анасы үшін грантта оқып, дипломды алып береді. Алайда дипломды ата-анасына беріп, өзіне ұнайтын екінші мамандығын қайта оқитын жағдайлар көп.

Студенттер "Ата-анама ауыртпалық салғым келмейді", "Ата-анам осы оқуды қалады, солар үшін осы оқуға түстім", "Мен міндетімді атқардым" дегенді жиі айтады. Соңына дейін 4 жыл оқиды. Оқу орнына ата-анасы көлікпен алып келетін студенттер бар. Олар корпустан қайта шығып кетіп, қалаған ісін жасайды. Ал ата-анасы баласын университетте деп ойлайды. Университет қызметкерлері бала үйінде деп ойлайды. Бала ата-ана мен оқу орнының екі ортасында өзін таппай қиналады.

– Ата-анасының қалауымен мамандық таңдаған балалар кейін рухани дағдарысқа тап болса, қайтадан өзін іздеуге мүмкіндігі бар ма? Ондай адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ата-анасының нұсқауымен өмір сүріп жатқан адамдар уақыт өте келе дағдарысқа ұшырайды. Менің жеке тәжірибеме сүйенсем, 30-дан асқан кезде өзіне мамандық іздеп, ата-анасының таңдауы ұнамайтынын айтқан адамдар болған. Олар жылап отырып жағдайын айтты. Онлайн кеңес өткізсем де, ата-аналары қарап отыратын. Олар да жылап қалады. Балама емес, маған кеңес керек екен ғой деп айтатындар бар. "Ата-анамның арманы болған мамандығына түстім, бірақ мен өзіімді әл іздеумен келемін" деп шағымданатындар көп. Ондай рухан дағдарысқа ұшырамас үшін ата-аналар баласын тыңдауы керек. Өйткені бала өзі шешім қабылдай алады. Оларға тек қолдау керек.

Қызық оқиға айтып берейін. Осыдан 3 жыл бұрын Стамбул әуежайында қазақша сөйлеген дауыс естідім. Жалт қарасам, егде қария екен. Телефон арқылы немерелерімен сөйлесіп отыр. Екеуіміз әңгімелесе кеттік. Сенесіз бе, ол Түркия университетінің 1-курс студенті екен. Сессиясын тапсырып жүр екен. Таң қалдым. Нақтылап сұрағанымда, осы жылы өзі армандаған іспен айналысуы үшін оқуға түскенін айтты. Қандай тамаша! Біз ғалым екенімізді, тағылымдамадан өтуге келгенімізді жеткіздік. Ол кісі білім алу керегін айтып, бата берді.

Ол кісі:  "Кез келген уақытта өмірді түрлендіруге, жаңа мамандық үшін қайта оқуға болады. Тірі адам үшін кез келген уақыт кеш емес. Сүйікті іспен айналысыңыздар", - деп сөзін қорытындылады.

Ата айтқан сөзге қосарым, кез келген  уақытта өз бағытыңмен жүруге болады. Адам жаны сонда тыныштық табады. Ләззат алады. Кез келген уақытта мамандықты да, кәсіпті де ауыстыруға болады. Өмір – қозғалыс. Тоқтамау керек!

P.S. Америкалық ғалым, инженер Барбара Оакли Вашингтон университетінің "Славян тілдері мен әдебиеті" мамандығында білім алады. Оқуды аяқтағаннан кейін төрт жыл бойы Германияда офицер қызметін атқарып, капитан шенін алады. 1995 жылы электротехника мамандығының магистр дәрежесін, ал 1998 жылы инженер ғылымдарының докторы дәрежесін иеленеді. Ол қазір "үйренуді үйрену" өнерімен шұғылданып, өзгелерге де осыны үйретіп жүр. Мамандық өзгертудің еш әбестігі жоқ екеніне осы тұлғалардың мысалдары дәлел.