БІЛІМ

Асқар Жұмаділдаев: "Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады"

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

25 ақпан – академик, ғалым, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаевтың туған күні. Bugin.kz тілшісі математиктің туған күніне орай Асқар Жұмаділдаевпен сұхбаттасты. 

Физика-математика ғылымдарының докторы 1956 жылы Қызылорда облысындағы Шиелі қыстағында өмірге келген. Жастайынан есепке жүйрік болған азамат қазақ математикасынан бөлек, саясатына, ғылым-біліміне белсене араласып, өзіндік жолын қалыптастырды.

- Асқар аға, балалық шағыңыздан сыр шертсеңіз.

- Менің туған жерім – Қызылорда облысы Шиелі ауданы. Біздің туған жерді "Шанхай" деп атайтын. Шиелінің ортасынан теміржол өтеді. Бір жағы – сол Шанхай, ал біздің жақта қандастар тұратын. Менің атам Жұмаділдәнің әкесі үлкен болыс болған екен. Кеңес одағы кезінде "байдың балалары" деп бәрі қуғынға ұшыраған ғой. Содан біздің атамызға бір қайнысы: "Үкіметтің түрі жаман, бәрін тартып алады. Қашыңдар!"- деген. Атамыз менің әкемді, әкемнің қарындасын екі түйеге жегіп, бір күнде көшіп кеткен. Сталин қайтыс болғаннан кейін, ел тынышталған соң ғана қайтқан. Сол жылдары Шанхайда ештеңе жоқ, топырақ. Соған қарамастан, сол жерге үй салып, мектеп соғады. 4 жылдық бастауыш мектеп. Мен асарлатып салынған №299 темiржол төртжылдық бастауыш мектебi деп аталатын білім ордасында оқыдым. 

- Балалық шақтағы естелігіңізді айтып беріңізші?

- Өткен ғасырда патшаның бұйрығымен салынған вокзал әлі күнге дейін тұр. Сүйегі мықты, қабырғасы қалың. Бізге ол екі қабатты ғимарат үлкен әрі ертегі сияқты көрінетін. 4 жылдан соң мен орталыққа көштім. Себебі онда екі мектеп болды. Біреуі Ломоносов мектебі, біреуі №45 Октябрьдiң 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебi. Мен соған бардым. Барған себебім – Ломоносов атындағы мектеп тек бір қабатты екен. Ал жаңағы мектеп екі қабатты еді. Ол кезде ауылда көпқабатты үй көп емес қой. Соған қызығып бардым. Балалық шақ бәріне ыстық қой. Мен үшін ең тамаша сәт сол болды.

- Жадыңызда мәңгі сақталған сөз қандай?

- Қазір бәрі Кеңес одағын "қылышынан қам тамған уақыт" деп айтады. Ол бекер сөз. Әрине сұм замандар болды, оны жасыра алмаймыз. Бірақ менің атам да, әкем де Кеңес одағына риза болып өтті. Сталин қуған шығар. Бірақ сол кезде аман қалып, балаларын оқытқан. Менің әкем өмірінің соңына дейін айтып кеткен. "Дүние алма-кезек. Біз кезінде осы өзбектің арқасында аман қалдық. Қазір осы өзбектер жұмыс істеп жатыр. Сен олардың ақысын жеме. Келіскен бағасын төле, алдама!"-деп айтатын. Өйткені өзбектер біздің ақымызды жемей, алдамаған екен. Биліктен қашқанда өзбектерге жалданып жұмыс істеп, бала-шағасын тамақтандырып, аман қалған қазақ қаншама... 

Академик Асқар Жұмаділдаев өзін тіпті нәресте кезінде "ауыстырып алмаған ба" деген күдік болғанын да ашып айтты.  

- Елге келгенде мен өмірге келдім. Алдымда ағам да, әпкем де болған. Олар қайтыс болып кетіпті. Анам мені перзентханаға барып босаныпты. Ауылда екі перзентхана болыпты. Екі әйел қатар туған екен. Атам жарықтық білмейді ғой, бірақ ол кісі "мені ауыстырып алыпты" деп ойлаған. Сөйтіп жарты жылға жуық ойланып жүреді. Бір күні көршіге барса, менімен қатар туған баланы көріп, бірден үйге келіпті. Шешеме "баланы көршіге берме" деп айтыпты. Ол кезде мен ақ, екінші бала қара болатын, бет-әлпетке ұқсатыпты. Ең қызығы ол шатастырып жүрген бала қазіргі министр Ғани Бейсембаевтың ағасы еді. Сол кезде Ғанидың әкесі өз балаларына лақап ат қояды екен. Біреуінің аты – майор, біреуінің аты – министр. Ғанидың бала күнгі аты министр болған екен.

- Бала кезіңізде немен айналысқанды ұнаттыңыз? Хоббиіңіз не болды?

- Біздің кезде "хобби" деген сөз де болмады. Бала күнімізде қатты таңдау бола да қойған жоқ. Ауылда ештеңе жоқ. Тек кітап оқимыз. Үзіліс болса, кітап дүкеніне баратынмын. Дүкеннің, кітаптардың иісі әдемі болатын. Ол заманда кітап та арзан болатын. Қастек Баянбайдың кітабы 3 тиын тұратын. "Правда" газеті 2 тиын, балмұздақ 5 тиын тұратын. Киноға барсаң, 10 тиын еді. Мен кітапты көп алатынмын. Өзім білім мен ғылымға құмар болып өстім. Әкем де, шешем де, ата-әже де оқымаған еді. Мен кітапты дауыстап оқысам, атам мен әжем тыңдап отыратын. Әжемнің мұрны пұшық еді. Бір кезде "Апырай" деп қоятын. Сол кезде менің оқығаным қызық екенін түсіндім. Оқу деген үлкен қайрат, мықты қару екенін білдім. Атам беделді болатын. Мал базарда мал танығанының арқасында сөйлесіп, есептесетін. Кейін келе ауылда жүргенде "үздік" болғанмын. Математиканы да қызық екен деп жүрдік.

- Мектепте оқыған кезіңізде қандай қызықтар болды?

- 6-сыныпта Қызылордаға олимпиадаға бардым. Мұғалімім мені ұстап алып, квадрат теңдеу есепті берді. Мен оны шығардым. Сосын бірден ол кісі: "Мынау есепті шығарды ғой, 7-сыныптың сабағын біледі екен. Осыны жіберейік",-деді. Мені солай олимпиадаға жіберген. Кейін Киевке бардық. Кеңес одағын біз жамандаймыз. Шын мәнінде, Кеңес одағы кезінде көп жақсылық болған. Олимпиада орын алсаң, бірден астанаға баратынсың. Ол кезде алғаш рет бір апта пойызбен жүрдім. Келе жатқанымда бетіме шиқан шығып, ол ісіп кетті. Шиқанды кесіп, бетімді орап берген. Сол кезде партизан сияқты сабаққа барғанмын. Содан кейін сабаққа бардық. Сол заманда Украинада мектептер бізді қонаққа шақырды. Украин қыздар менімен билеп, шиқанға қарамай қызық көрдік.

- Екі рет депутат болғансыз. Биліктегі жылдар қалай болды?

- Мен 1990 жылы билікке сайландым, екі рет депутат болдым. Сонда 12-шақырылымында қазақтың белді, сүбелі заңдарын қабылдауға қатыстым. Мені санақ комиссиясының төрағасы ретінде сайлаған. Ол кезде компьютер жоқ. Менің қарамағымда 10 шақты адам болды. Алғашқы заңдардың бәрі менің есептеуімнен өткен. Алғашқы президенттің де санағын мен есептегенмін, алғашқы Декларацияны да мен есептегенмін. Тәуелсіздік туралы заңды қабылдаған кезде бірінші компьютер пайда болған. Одан кейін мен бәрін қолмен есептеп жүрмедім. Кейін Депутаттық кеңес тарқаған соң, саясат менікі емесін түсіндім. Қолымды бір сілтеп, Германияға кетіп қалдым. Кейін Еуропада 10 жылдай жүрдім. Мен елден магнитофон алып кеткенмін. Қазақ радиосында Маржан деген журналист болған. Соған қазақтың әндерін жазып беруін сұрадым. Мадина Ералиева, Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, бәрінің әндері болатын. Бәріміз Роза Рымбаеваға ғашық болатынбыз.

- Сіздің "Төрткен" және "Төртқара" алгебраларыңыздың барын білеміз. Есепке мұндай атау беру қалай ойға келді?

- Бірде есеп шығара отырып, алгебраны ойлап таптым. Теңдеудің дәрежесі төртке тең болды. Қарасаң, қиын есеп, бірақ симметриясы күшті екен. Соған қарап отырып, Кенен атамыздың әнін тыңдадым. Есепке де ат қою керек екенін білдім. Жұрттың бәрі латынша ат қойғыш еді сол кезде. Осы бір Төрткен деген апамыз болатын. Ол кісі Кенен атаның қызы болатын. Соның атын бере салдым.

- "Төртқараның" шығу тарихы қандай?

- Бірінші "Төрткен" шықты. Дәл соған ұқсас теңдеу интегралмен шығады екен. "Төрткенге жақын ғой, төртқара деп қоя салайын" дедім. "Төртқара" деген Кіші жүзде ру бар. Ондай ру найманда да бар екен. Көптің айтуынша, Жалаңтөс Баһадүр сол Кіші жүзден шыққан екен. Жалаңтөс Баһадүр – Регистанды құрған ұлы адам ғой. Сонымен "Төртқара" деп қойғаным дұрыс болыпты дедім. Қазір "Төртқара" бойынша төрт адам диссертация қорғады. Кейін маған біраз адам хабарласты. "Сен біздің атамыздың атын есепке қойыпсың",-деп айтты. Енді бір қызығы, екі шал келді. "Сен қай наймансың?",-дейді. Найманның түрлері бар екен. Екеуіне де екі түрлі найман екенімді айттым. Кейін: "Шыныңды айт, қай наймансың?"- деп сұрады. "Көке, қазақпын. Мен кез келген руға кіре беремін. Қазақ руға бөлінбейді, ол рудан құралады",-дедім. Сөйтсем, ол кісілер шежіре жасап отыр екен. Мені қай шежіреге қосарын білмей жүрген аталар болып шықты.

P.S. Асқар Жұмаділдаевпен сұхбаттың жалғасы сайтқа алдағы уақытта жарияланады.