МӘДЕНИЕТ

"2 ғасыр өмір сүрген": қызыл жолбарыс қорғаған ақынның тағдыры

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: egemen.kz

Бүгін,  28 ақпан – Жамбыл Жабаевтың туған күні. Айтыскер ақын туралы деректерді Bugin.kz тілшісі назарларыңызға ұсынады.

- Ақын 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысында дүниеге келген. Облыс атауы Жамбыл Жабаевтың құрметіне қойылған. Оның арғы ата-бабалары бай болғанымен, әкесі Жапа шаруа адамы болған екен.

- Бала кезінен домбыра шертіп, қабілетін шыңдаған Жамбыл Сүйінбай ақынды пір тұтқан.

- 1936 жылы Жамбыл Жабаев Кремльде, Сталиннің алдында намаз оқыған. Бұл туралы журналист Марфуға Шапиян жазған. Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне барған делегация мүшелері Жамбылды іздейді. Сөйтсе ақын мәрмарға шапанын жазып, намаз оқып отырған екен. Намазын оқып болғанда, ту сыртынан қарап тұрған Сталинмен амандасқан екен.

- Жамбылдың ел арасында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқаны кеңінен таралған. Қыз бен жігіт айтысында  Айкүміспен айтысы даңқа ие болған. 

- Жамбылды қорғаған "қызыл жолбарыс" туралы аңыз бар. Жамбылдың қызыл жолбарысы жанына келіп жантайса, ақынның шабыты оянады екен. Бұл туралы Шерхан Мұртаза "Бір кем дүние" кітабында:

"Жарықтық Жамбыл – Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:

– Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, – деп еді-ау.

Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.

Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. “Күндіз бар да, түнде жоқ” күн де орнында. “Түнде бар да күндіз жоқ” ай да баяғыдай.

Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.

Бір кем емес, орасан кем дүние",-деп жазған еді.

- Жамбыл – 85 жыл ақын болып, 2 ғасырдың куәсі болған ақын. Ол өмір сүрген жылдарда Қазақстан тарихында недәуір оқиғалар болған. Мысалы ол  дүниеге келген уақыт 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс кезіне тура келеді. Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жырларына арқау етті. Екінші дүниежүзілік соғыс та Жамбыл жырларында біршама тақырыптың негізін қалады.

- Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.