ТӘРБИЕ

"Әйелді бағалай білмейді": Қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі қандай?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні. Нәзік жандылардың мейрамы қарсаңында “Қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі қандай? Әйел бақыты деген не”? сұраққа жауап іздедік. Осы орайда Bugin.kz порталы әр түрлі сала өкілдері мен мамандардың пікірін білді.

Перизат Мырзахмет, сценарист, “Өмірдің аты М” кітабының авторы

Әйелдің рөлі - адамның рөлі. Өзінің дамуы арқылы қоғамды дамытатын кірпіш. Әйел бақыты - адамның бақыты. Жан тыныштығы, даму мүмкіндігі, миссиясын орындау мүмкіндігі, қауіпсіздігі, құқықтық теңдігі, өз тәні мен ойына қожа бола алу.

Динара Болат, психолог, саяхатшы, "Өмірге шексіз ғашық" кітабының авторы

Әйелдің рөлі - өзекті. Қазіргі қоғамдағы әйел бұрынғыдай отбасымен ғана шектелетін адам емес. Ол қызмет істеуі керек. Ол оқу керек. Ол даму керек. Ол өз алдына табыс табуы керек. Сондықтан әйел адамға жан-жақты қолдау керек. Әйелдің басты қолдаушылары: ата-анасы, ата-енесі, отбасы жұбайы, балалары. Демек, адамзат тарапынан түсіністік керек. Ішкі жан дүниесінде мұңы мен өкініші жоқ адамда арман бар ма? Ал сүйгеніне сүйікті, айналасына сыйлы, қадірлі, барлық арман мақсаты орындалған әйел - ең бақытты әйел.

Ержан Мырзабаев, Отбасылық психолог

Қазіргі қоғамда әйелдің рөлі өте маңызды. Ел болып даму үшін нәзік жандылардың қоғамдағы белсенділігін арттырғанымыз дұрыс. Өнеркәсіп, мемлекеттік қызмет, басқарушылық, IT, технология саласына әйелдерді көбірек тарту керек. Себебі: әйелдер өзіндік психологиясымен қоғамның кез келген саласына тың идеялар ұсынып, ғылымның дамуына үлкен үлес қосады. 

Біздің елде заң жүзінде еркек пен әйелдің теңдігі бар. Әйел адамға үлкен мүмкіндіктерге жол ашылған. Дегенмен, бұл көп жағдайларда іске аса бермейді. Жүзеге асуы қиын. Әйел адамды қолдап, кәсіби өсуіне жол ашу керек. Қазіргі әйелдерді бұрынғыдай бала қарасын, үй жинасын деген принциптермен шектемеу керек. Үйдегі шаруаны заманауи технологияларға тапсырып, әйелдер одан да маңызды жұмыстарды атқаруы керек. Төрт қабырғаның ішінде тығылып отырғаны қате. Әйел адам өзінің табиғатына байланысты, соның ішінде жүктілігіне, бала қарауы себепті қоғамда белсенділік таныта алмауы мүмкін. 

Декретте болған кезде ештеңе дей алмаймын. Ал қалған уақытта қоғамның белсенді бір мүшесі болғаны дұрыс. Әйел қоғамда болмаса, өкінішке орай қоғам әйелдің жағдайын жасамайды. 

Әйел бақыты: қасында сүйікті жарының болуы және жарының қолдауы мен махаббатында. Қасында қолдаушысы бар әйел кез келген жетістікке оңай жетеді. Жалпы әрбір адам үшін бұл өмірдегі ең ауыр нәрсе: жаныңды түсінетін жанның болмауы деп ойлаймын.

Ләззат Рақышева, заңгер, "Human Rights Lawyers" қорының директоры,  "Ләззәт - Тағдырымның бергенін қабылдаймын " кітабының авторы

Мен бақыт ерге, әйелге деп бөлінеді деп ойламаймын. Бақыт - бәріне ортақ ұғым. Әйел де, еркек те ұмтылатын бақыт деген түсінік бірдей. Бәрінің қалауы бір, мәселесі де ортақ. Тек әркім мәселеге әртүрлі көзқараспен қарайды. Қоғамда әйелдің рөлі аса жоғары, тек ол үнемі бағаланбай қалады. Қоғам әйелді бағалай білмейді, еңбегін құнсыздандырады, әр ісін түкке тұрғысыз етеді. Ол бәріне міндетті, бәрінің артын тазалап, жиыстырып, бәрін реттеп жүруі тиіс. Ал еркек өмірдің рахатын сезіну үшін жаралғандай. Негізгі жауапкершілік әрқашан әйелдің мойнында. Үйдің керек-жарағын, баланың жағдайы мен күйеудің  бабын табуды әйелге артып қойған. Бұл - менің жеке пікірім.

Лаззат ханымға  күніне 30-40 хат, ал жылына 5000 хат келеді екен. 10% еркек болса, 90% әйел.  Әр хатта әртүрлі жағдай, түрлі тағдыр. 

Маған келген әйелдердің мәселелері әртүрлі: Отбасын құрғандарына 10 жылдай болып қалған, 3 баласы бар ерлі-зайыптылар тырысып жүріп өте жақсы машина алады. Отбасында әйелі табыс тауып, отбасын алға сүйреу үшін қосымша  оқып жатыр. Әйелдің жазғаны: күйеуі жақсы машина алған соң “мен жас қыз алғым келеді” деп өзгерген. Сондағы ер азамат, бір отбасының отағасы өзінің нәпсісіне ие бола алмай, айрандай ұйып отырған отбасының берекесін қашырды. Сондағы әйелдің арманы: балаларының болашағының жарқын болуы, ал күйеуі ештеңеге қарамай жас қызға кеткен.

Түйін: Әйелдің бақыты қоғам құрып берген кестеде емес. Әйел адамға міндеттісің бәрін артып қоюдың қажет жоқ. Нәзік жандылардың жанын түсініп, қолдау керек. Әрбір әйел бақытты болуға лайықты!