САЯСАТ

Қазақстан қай елдерге қайырымдылық жасады?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz

15 наурыз - Халықаралық қайырымды іс жасау күні. Осыған орай Bugin.kz порталы еліміздің қай елдерге қайырымдылық жасағаны туралы деректерді ұсынады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан басқа елдерге 5 миллион долларға гуманитарлық көмек жіберген.

finprom.kz сайтының дерегінше, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан алты елге гуманитарлық көмек жіберді. Гуманитарлық көмектің жартысынан астамы Ауғанстанға жіберілді. Онда 2,6 миллион долларға гуманитарлық көмек жіберілді. Оның 2,5 миллионы азық-түлік тауарлары болды. Одан кейін Тәжікстан (1,8 миллион доллар) мен Түркия (338,6 мың доллар) тұр. Сондай-ақ гуманитарлық көмек Украинаға (140,3 мың доллар), Египетке (59,8 мың доллар) және Сирияға (11,5 мың доллар) жіберілді.

Сирия

Өткен жылдың басында Үкіметте жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді.

Палестина

Президент Газа секторындағы жағдайды ескеріп, алғашында 1 млн АҚШ доллар көмек көрсетті. Алайда, еліміз тек қаржымен шектелмеді. Жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар қарастырылған гуманитарлық көмек берді.

Түркия

Жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға Қазақстан Үкіметі лезде гуманитарлық көмек жіберді. Гуманитарлық көмекте жалпы салмағы шамамен 55 тонна болатын киім-кешек (жылы күртешелер мен шалбарлар), қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және басқа да күнделікті қолданысқа қажетті заттар қарастырды.

Қазақстандық еріктілер де көмекке ұмтылып, әртүрлі қалаларда 150 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Ел тұрғындары AFAD қорына арнайы қайырымдылық жасап, ақша аударған.

Апатқа ұшыраған Түркияға еліміз 338,6 мың доллар көмек көрсеткен. Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінді астынан 88 адамның денесін шығарды және 7 адамды құтқарды.

Тәжікстан

Қазақстан бтыл Тәжікстанға 15 мың тонна мазутқа сертификат тапсырды. Қазақстан Елшісі Уәлихан Төреханов Президенттің Тәжікстанға 2 млрд 542 млн теңге (шамамен 5,65 млн АҚШ доллары) сомасына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Былтыр еліміз Тәжікстанға 5 мың тонна мазут берген болатын. Ал мазуттың бағасы оның маркасына байланысты болады. 

Ауғанстан

Өткен жылы еліміз Ауғанстанға 81 вагон көмек берді. Оның ішіндегі сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық секілді өнімдер теміржол арқылы жеткізілді. Ал дәрі-дәрмектер ұшақ арқылы жөнелтілді.

Ауғанстандағы табиғи апат кезнде Герат провинциясына еліміз салмағы 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық көмек берді. Қазақстан тек жүк жіберумен шектелмей, Ауғанстанға құтқарушыларды да көмекке жіберген еді.