МӘДЕНИЕТ

"20 наурыз – Ұлттық спорт күні": Қазақ халқының ойын түрлері

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, бүгін, 20 наурыз ұлттық спорт түрлері насихатталатын күн, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Ұлттық спорт түрлері — рухты көтеретін ойындар. Ежелден келе жатқан салт-дәстүр мен ойын түрлерін ұлықтап, болашаққа үлгі еткеніміз жөн. Бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңгеге ілу, құсбегілік және тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту сынды түрлі ойындар бар. Бұл ойындар әсіресе, Наурыз мерекесінде кеңінен насихатталады.

Төменде бірнеше ұлттық ойын туралы мәлімет ұсынамыз:

Теңге ілу — ержігіт сайысына ұқсас қазақтың ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Желіп келе жатқан аттың үстіне отырып желісін баяулатпастан төменге тез иіліп сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныстың артына айыптық уақыт белгіленеді. Теңгені көп ілген салт атты жеңімпаз аталады.

Аударыспақ – спорттың ұлттық түрлерінің ішіндегі ең бір қызықтысы. Ол жарысқа қатынасушыдан күшті, самдағайлықты, төзімділікті, батылдықты, тапқырлықты, ат үстінде өзін жақсы ұстай білуді талап етеді. Аударыспақ, атқа мінген екі жігіттің бірін-бірі аударып тастап не ерден жұлып алу үшін шайқасатын ойын.

Бәйге – қазақтың ат спорты ішіндегі ел арасына ең көп тараған түрі. Бәйге ұзаққа шабатын – аламан бәйге және жақын жерге шабатын бәйге болып бөлінеді. Бәйгенің бір ерекшелігі қырлы дөңесі бар табиғи кедергілер арқылы өткізілетіндігінде. Бұл спортшыларға талапты күшейте түседі. Атқа шабушы тек күшті болып қана қоймай, атқа жақсы шаба және өз атының күшін дәл бағалай білуі керек. 

Қазақша күрес – қазақтың ұлттық спортының тамаша түрлерінің бірі. Қазақша күрестен жарыс Октябрь революциясына дейін және революциядан кейін біраз жылдар салмақтық топтарға бөлінбей өткізіліп жүрді. Бұл оған қатынасушылардың арасында теңсіздік тудырды.

Қыз қуу — қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ол Қазақстан Республикасы халықтарының арасында кеңінен тараған қазақтың ұлттық ат ойыны тобына жатады. Қыз қуу сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны. Ертеде "Қыз қашар", "Қыз қуалар" деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін оншама өзгеріссіз жеткен.  Бағзы заманда жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты, ақтай алмағаны үшін қызбен некелесу құқынан айырылған. Бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды. Қазіргі қыз қуу өзінің идеялық мазмұны жағынан одақтағы ұлт республикаларының мәдениетіне енген халықтық спорттардың қай-қайсысынан болса да кем түспейді.

Дереккөз: М. Тәнікеев "Қазақтың ұлт-спорт ойындары" еңбегі, e-history.kz.