МӘДЕНИЕТ

“Әз-Наурыз” сөзінің мағынасы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек 

22 наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазақ үшін ұлыстың ұлы күні саналған атаулы дата  – әрқашан қасиетті, киелі. Ұлы мерекенің тарихын білу үшін Bugin.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасты. 

- Наурыз мерекесі қай ұлттан, қай ғасырдан бастау алған?

- Наурыз Иран жақтан бастау алды ғой. Негізінен бұл Адам ата мен Хауа анадан кейінгі Нұқ Пайғамбардың заманында басталды деп айтады. Қырық күн, қырық түн кеме суда жүзіп жүрген. Қазіргі Шида қаласы, сол кездегі Шида тауына кеме барып тоқтап, наурыздың 9-ы күні амал күн болған. Топан судан қалған жерден бұлақ көзін ашқан дейді. Кемеде қалған дәннен Тілеу көже жасап, ішіп жатқанда қайтадан жаңбыр жауып, кемеге мінген. Кемемен жүзіп Қазақстанның Қазығұрт тауына кеме тоқтады деп айтады. Сол жерге келгеннен кейін жаңағы амалын жасай бастаған. Батыстың 14 наурыз күні өткізіп жүрген мерекесі – сол Амал мерекесі. 19 наурыз күні Әз амалы кірген. Тарихта сол уақыттан бері мереке тойланады делінген.

- Неге "Әз-Наурыз" деп аталады?

- Наурызды түріктер, әзербайжандар, қырғыздар, ұйғырлар, өзбектер, қазақтар, барлық түркі тілдес ұлттар Жаңа жыл есебінде тойлайтын болған. "Әз" деген сөз бағалы, керемет, қымбат деген ұғымды береді. Одан бөлек ол – амал. Әз-амалы кіргенде күн мен түн теңеледі. 

- Наурыз күні келетін "Қыдыр атаның" мағынасы қандай? Кешегі Наурыз бен бүгінгі мерекенің нендей айырмашылығы бар?

- Ертеде наурыз айында ерекше дауыс естіледі делінген. Оны мыңда бірде адам да естиді, мал да естиді. Соны естігендер жеті атасына дейін бақытты болады деген де ұғым бар.

Күн мен түн теңелгенде даланы аралап, бақыт әкелетін мифологиялық кейіпкер бар. Ол даланы араласа, бақ қонады, үйге кірсе, құт қонады деп бекер айтпаған. Осы тұста мерекеде есікті ілмей, отты сөндірмей, "отағасы мен отанасы аман болсын" деген ниетпен Қыдырды күткен. Қыдыр келіп, бата береді деп те айтады. "Үйіңе Қыдыр келіп, бақ қонсын" деген баталар содан қалған. Оның жанында бақ бала деген болған. Ол – ұрпақтың символы болса, ақпан-тоқпан болған. Ол – қыс пен аяздың белгісі. Осы сынды кейіпкерлер Наурыздың басты кейіпкерлері болған. Бізде 31 желтоқсанда күтетін Аяз ата мен Ақша қар секілді кейіпкер. Наурызда Қыдыр ата мен жанындағы кейіпкерлеріне сенген. Бүгінгінің балалары  Аяз атадан сыйлық алып үйренген. Қазір бұрынғы Наурыздың брендіне айналған кейіпкерлеріміз жоқ. Қазір сондай кейіпкерді жасап, балаларға сыйлық таратып, ортаға алып шығып, бата беріп, көпке таныстыру керек. Осыған орай мемлекеттен арнайы бағдарламалар жасалуы керек деп ойлаймын.

- Наурыз мерекесінде адамдар қандай әрекеттер жасауы керек?

- Наурызда ақсақалдарға сәлем беріп, төс қағыстырып, бата алу, амандасу, қырық үйге кіру дейтін әрекеттер, спорт ойындары, тілеу көже ішу, ақтан дәм тату, дәстүрлі Наурыздың жұмбақтары болады. Бие көже, Наурыз көже, Тілеу көже деген көженің түрлі аты болады. Жеті дәм қосып, "жеті ел ұрпағы аман жүрейік" деп, бас, бидай, кәрі жілікті қосып, дәнді-дақылдан Наурыз көже жасалатын. Жеті дәм – ізгіліктің, батырлықтың, мейірімнің, қайырымдылықтың белгісі. Қазір оны да әртүрлі дайындайды. Жеті дәмді көбейте береді. Қазір көже ішіп, әртістерді шақырып, жұрт көрермен болады. Осындай айырмашылықтары бар.  Үйдің құты – қазанда. Қыздың жасауына да қазан қоспаған. Сол себепті Наурыз көжені тайқазанға дайындап, көпке дәм татқызған. 

- Қай ұлттың Наурыз тойын тойлауын ерекше бағалайсыз?

- Наурызды ерекше тойлайтын қазақ деп санаймын. Түрлі ұлттың тойын көрдім. Олар палау, самса, түрлі көже жасайды. Иран жақ та жақсы дайындалады. Олар жылда наурыз келген сайын кітап жазады екен. Ал қалғанын да жаман дей алмаймын. Әтеш таластыру, ит қызығы деген шаралары өтеді екен. Ал бізде қазақта мәдениет саласы, спорт, ұйымдастыру жағынан болсын жоғары деңгейде тойлайды екенбіз. Наурыз деген ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі мереке болған соң басқа ұлттармен, ұлыстармен, барыс-керісті, мәдениетті, тарихты, мифологияны тұтастай ашып, ұрпаққа дәріптейтін жаңа жыл. Ұлыс күні – хан мен қара, ер мен әйел, уақыт, бай мен кедей, күн мен түн теңелетін мереке. Бұл – қазақ дүниетанымындағы барыс-келісті күшейтетін, мәдениетті көрсететін ұлы мереке. Бұрынғы заманда араздасқан ауылдар мен адамдардың татуласатын мерекесі.