ҚОҒАМ

“Тасқыннан тауқымет көргендер”: кімге қандай көмек көрсетіледі - заңгер кеңесі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Қазақстанда әр жылдың көктемінде қар еріп, су тасиды. Қауіптің келерінен құлағдар болса да, билік алдын ала сақтық шараларын жасамайды. Өкінішке қарай бюджеттен бөлінген ақша апаттың алдын алуға емес, салдарымен күресуге жұмсалып жатыр. Биыл да ел өңірлерінде су тасыды. Тұрғындардың баспанасын су басты, төрт түлігінен түгел дерлік айырылды. Осы орайда Bugin.kz тілшісі су тасқыны болған аймақта жүрген заңгер Орынбеков Нұрсұлтанмен сұхбаттасты. Мақсат — үйі мен мал-мүлкін су шайып кеткен адамдарға заң тұрғысынан керек ақпарат беру.

Тасқын судың астында қалған үй мен қырылған төрт-түліктің иелеріне мемлекеттен қандай көмек көрсетіледі? Мал мен мүліктің өтемақысы толық қайтарыла ма?

"Мал иесіне әлеуметтік көмек ретінде қаржылай көмек беріледі. Қазіргі таңда аталған сома, қателеспесем, 180 мың теңгені құрайды. Одан кейін мал шығындары болса, арнайы облыстық, аудандық деңгейде комиссия құрылады. Комиссия құрамына әкімдік өкілдерінен бөлек қоғамнан қосылған адамдар болады. Солармен бірлесе отырып, әр өңірдегі тіркелген және тіркелмеген малдарға байланысты жеке шешім шығарылады. Егер үкімет тарапынан көмекке ілінбесе, еріктілердің, әртүрлі қайырымдылық ұйымдардың есебінен азаматтардың дүниелері өндіріліп берілуі керек. Төтенше жағдай уақытында әлеуметтік көмек беріледі. Үйіне зақым келген әр азаматқа баспанасын қалпына келтіру үшін 22 млн теңге беріледі дейді. Ол азаматтардың қолына берілмеуі мүмкін. Белгіленген жерде әкімдіктер мен арнайы құрылыс компаниялары үй салып, көмек солай беріледі", - дейді заңгер.

Соңғы ақпаратқа сүйенсек, ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов: "Су басқан үйлердің барлығы құжатының бар-жоғына қарамастан, қалпына келтіріледі. Мемлекет ешкімді баспанасыз далада қалдырмайды", -деп уәде берді. 

Нұрсұлтан Орынбеков

Нұрсұлтан Орынбеков

- Үйінен қашып, жұмыссыз қалған халықтың мына жағдайда несие туралы ойлауының өзі де қиын шығар. Су басқан аймақ тұрғындарына несие тарапынан қандай жеңілдік беріледі?

- Несиені кешіру немесе шегеру орта деңгейлі, екінші деңгейлі банктердің өз қарауында. Егер келісімшартта форс-можор жағдайы анық көрсетілген болса, несиені шегеруі керек. Премьер-министр Олжас Бектенов: Су тасқынынан зардап шеккен деп әкімдіктің тізімінде тұрғандардың несиелері автоматты түрде 3 айға кейін шегеріледі, - деді. Кейінге шегеру кезінде ешқандай үстемақы, пайыз қосылмайды (соңғы ақпаратқа сәйкес).

- Заңды түрде тіркелмеген малдардың хәлі не болады? Ол үшін қазір не істеуі керек, нені тіркеп үлгеруі керек? 

- Біз қазір Ойыл ауданында жүрміз. Қазір жағдай қиын боп тұр. Заңды түрде тіркелмеген малдар деп жатырмыз, оның ішінде жаңа туған төлдер есепке алынбаған, оларды дәлелдеу үшін фото-видео дәлел болуы керек.

Нұрсұлтан мырзаның түсіріп алған бейнежазбасында тасқыннан зардап шеккен азаматтың мұңын естуге болады. Мейірбек мырза малдарын құтқара алмағанын, бәрінің көз алдында ағып кеткенін айты. 

“Көз алдымызда малдар ағып жатты. Қысы-жазы бағып, асыраған 40 шақты қойымды қораға тастап кетуге көзім қимады. Сосын бірдеңеге болсын ілігер деп қорадан шығардым. Бірақ су төбеден келген соң, не шара? Еш көмектесе алмадық. Кетті, ағып кетті көз алдымызда. Мұзға шығардық. Мұздан тайып, құлап кетеді. Көз алдымызда бәрі қиналып жатты. Ауылдың бүкіл малы қырылды. Өліп жатқан малдарды көзімізбен көрдік. Көз алдымызда суға батып шығып, тұмсықтары көрінбей скете берді", - дейді зардап шегуші.

Фото: Нұрсұлтан Орынбеков

Фото: Нұрсұлтан Орынбеков

Заңгердің айтуынша, төтенше жағдайға жыл сайын мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Десе де, бармақ басты, көз қыстымен ақшаның көрінгеннің қалтасында кететінін де айтты.  

"Біздің елде жыл сайын бюджеттен 150 млрд теңге осындай төтенше жағдайға бөлінеді, одан бөлек 100 млрд-қа жуық президент резервінен бөлінеді. Одан бөлек "Қазақстан халқына" ұсынатын қаражат бар, егер нақты жететін жеріне жетсе, бұл жағдайды оңай еңсеруге болады", - дейді заңгер.

Дегенмен шешімін таппаған түйткілді мәселелер көп. Төтенше жағдайға деп мол қаражат бөлінсе де, халыққа көмекті кәсіпкерлер мен блогерлер ұсынып жатқан секілді. Ал қараша халық су тасқынын өткерген ағайынға жылу жинап жатқанын жатқанын көріп отырмыз. 

Фото: Нұрсұлтан Орынбеков

Фото: Нұрсұлтан Орынбеков

Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға 3 жақтан көмек көрсетіледі. 

1. Жергілікті әкімшіліктен;

2. “Қазақстан халқына” қорынан көмек;

3. Жеке азаматтардан волонтерлық көмек.

Еске сала кетейік, 31 наурызда “Қазақстан халқына” Қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен премьер-министр Олжас Бектенов кездескен. Кездесуде қор су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға қаржы бөлетінін хабарлаған. 

Дегенмен Батыс Қазақстан облысында жүрген еріктілер су тасқыны болған жерден “Қазақстан халқына” қорының бірде-бір өкілін көрмегенін айтты. 

Үйіңізді су басқан жағдайда не істеу керек және қайда бару керек? Бұл туралы заңгер zangerler.kz парақшасындағы ақпаратты ұсынамыз.

Өтініш беру. Материалдық шығынға ұшыраған зардап шеккендер төтенше жағдай болған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде әкімдікке материалдық шығынды өтеу туралы өтініш береді.

Келтірілген зиянды өтеу туралы өтінішке мыналар қоса берілуге тиіс:

1. Зардап шеккен адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (табиғи төтенше жағдай салдарынан мұндай құжат жоғалған немесе жойылған немесе төтенше жағдайды жою кезінде – ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәлік);

2. Табиғи төтенше жағдай басталған кезден бастап немесе төтенше жағдайды жою кезінде зардап шегушінің жоғалған және/немесе бүлінген мүлкінің тізімі.

Өтініштерді тіркеу. Әкімдік қызметкерлері сіздің құжаттарыңызды материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді тіркеу журналына тіркеуге міндетті.

Қолхат. Әкімдіктен құжаттарыңыздың қабылданғаны туралы қолхат алуды ұмытпаңыз.