ҚОҒАМ

"Салғырттықтың салдары": Эколог маман су тасқыны туралы не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

27 наурыз күні елдің бірнеше өңірінен тұрғындар төтенше жағдайлар министрлігіне су тасқынына байланысты хабарласа бастады. Салдарынан еліміздің 9 аймағында төтенше жағдай жарияланған. Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Құтқарушылар халықты эвакуациялап, қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Ал бұл апатты Президент "ең ірі табиғат апат" деп бағалады.

"Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады", – деді Президент.

Осы орайда білікті эколог маман Лаура Маликова су тасқынына қатысты пікір білдірді.

- Бізде әр жылы су тасқыны болады. Оның бірнеше себебі бар. Мысалы Талапкер сияқты ауылдарда қардың уақытылы тазаланбауы сияқты мәселелер бар. Басқа өңірлерді алатын болсақ, ол жақта климаттың өзгеру факторы бар. Осы жылы ҚазГидрометтің айтуынша, "климат өзгеріп, мына Ақтөбе, Батыс Қазақстан жақта қар көп түскен" деп айтқан. Бірақ біздің жергілікті шенеуніктер тиісті шешім қабылдамаған. Содан қазір еріп жатқан - қардың суы. Алдағы уақытта 15-26 сәуірге дейін Ресейдің өзендерімен тағы да су келеді. Қазір ол үлкен көлемде келуі мүмкін екені болжанып жатыр. Шенеуніктер дұрыс басқара алса, Каспийдің солтүстік бөлігінің тартылуы ақпараттық, әлеуметтік кеңістікте таралып жатыр. Ақтауда қазір мысалы "Крышаға" кіріп қарасаңыз, көбісі үйлерін сатып жатыр. Себебі теңіз тартылып кеткен. Мынадай судың үлкен көлемі сол Каспийдің солтүстік бөлігін кішкене болса да қалпына келтіруге көмектеседі деп ойлаймыз.

- Бұл су тасқынын жауапты мамандар білді ме? Алдын ала ақпарат тарап, болжам жасалды ма?

- 2024 жылғы 4 наурызда Қазгидромет көктемгі су тасқынының болжамы бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, көктемгі су тасқыны болжамын жариялады және еліміздің батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде су тасқынының қаупі туралы ескертті. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысында қардың көп жауғаны айтылды. Алайда, "Қазгидрометтің" болжамы мен ескертуіне қарамастан, Үкімет пен әкімдіктердің су тасқынына дайындық шараларын қолданбай, конференцияларға қатысуы жауапсыздық пен салғырттықты көрсетеді. Ал осы уақытта олар "Қазгидрометтің" кемшіліктері туралы ақпарат таратып жатыр, бұл - жалған ақпарат.

"Қазгидромет" алдын ала болжам жасап, баспасөз мәслихатын өткізіп, мемлекеттік органдарға ескерту жасады. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар елді мекендер бойынша Төтенше жағдайлар министрлігіне ақпарат дайындады.

Сондай-ақ эколог маман шенділердің бұл салғырттығы ескерусіз қалмауы керегін де атап өтті. 

"Сәйкесінше, қазіргі төтенше жағдай - Үкімет пен Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Қостанай облысы, Атырау облысы әкімдіктерінің қылмыстық салғырттығының салдары.
Ал Су ресурстары министрі, Экология министрі, облыс әкімдері халыққа, елге миллиардтаған доллар шығын әкелген қылмыстық салғырттық үшін нақты жазаға тартылуы керек", - деді Лаура Маликова.

Су тасқыны салдарынан адам шығынынан бөлек, мал басының да қырылу деректері тіркелуде. Бүгінге дейін 8 мыңнан астам мал шығыны анықталған.

- Су тасқынынан өлген малдардың өлекселерінен төнер қауіп көп пе?

- Су басқан аймақтарда экологиялық жағдай нашарлауы мүмкін. Жағдай тұрақталғаннан кейін аумақты және теңізді қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізу қажет. Ал Қазақстанның Экологиялық кодексіне сәйкес өлген жануарлардың өлекселері биологиялық қалдықтар деп есептеледі. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы N 7-1/587 бұйрығына сәйкес "Ветеринария (ветеринариялық-санитариялық) ережелері" бойынша өлген жануарларды көметін жер болуы керек.

Сонымен қатар өтемақы мөлшері ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша анықтамаға қарап айқындалмақ.