Bugin

"Артында кәмелетке толмаған 7 баласы қалды": көмек жіберуге атсалысып жүрген азамат қайтыс болды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Диас Нұрақын парақшасынан алынды

Су тасқынынан зардарп шеккен өңірге бармақ болған азамат қайтыс болды. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын парақшасында жариялады.

Журналист өзіне марқұмның туыстары хабарласқанын айтып, олардың хатын қаз-қалпында жариялаған. Хатта:

"13.04 күні Атырауға көмекке аттанғалы жатқан бауырымыз Хово жүк көлігін вагонға артып жатқанда оқыстан көлік доңғалағы вагоннан тайып кетіп, өз көлігінің астында қалып қойып қайтыс болған. Марқұм 37 жастағы  Қоспанов Қайырбек Әлімбекұлы 7 баланың әкесі болған. Бала күнімнен бірге өскен әрі көршім әрі досым еді. Өте мейірімді кімге көмек қажет болса қол ұшын созуға асығып тұратын азамат еді. Соңғы іс-әрекеті де елі үшін көмекке асығу болыпты. Көмекке аттанар алдын өте қуанышты халде болып жүр еді, жақсы тілектер айтып шығарып салып едік, амал нешік жете алмады",-деп қайғырған.

Оқиға Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінің темір жол станциясында орын алған. Досы марқұм туралы:

"Елі үшін жанын берген азамат Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ынталы ауылының тұрғыны еді. Бүгін жаназасы шығарылып жер қойнына тапсырылды. Сізден өтінерім, елдің алдында жүрген азаматсыз ғой, осындай елі үшін жанын қиған азаматтарымызды ел танып, өз дәрежесінде есімі құрметтелуіне ықпал етсеңіз. Жаназа т.б шығындарын ауыл болып көтеріп өткізді. Ата анасы ерте өмірден өткен, өзінің 8 бала шағасы бар еді бірер ай алдын бір баласы шетінеп 7 еуі қалды. Бала шағасына обал болды. Өзінің басында баспанасы да жоқ, інісінің үйінде тұратын еді. Қолында мүгедек інісі бар. Өте ауыр болды отбасына. Осы туралы өзіңіз пост жазып ер есімін халыққа танытсаңыз",-деп еске алған.

Қазір марқұмның отбасына журналист Гүлмира Әбіқай жылу жинап жатыр. Отбасының жеке баспанасы болмаған. Үлкен баласы – 16 жаста. Кіші баласы – 2 жаста. Жеті баласы да кәмелет жасына жетпеген екен.