БІЛІМ

Білім мен білік: педагогтерді аттестаттау қалай, қашан өтеді?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова

Аттестация – педагогтердің біліктілігін анықтайтын рәсім. Аттестаттауден өту арқылы мұғалім еңбекақысына үстемақы қосып, санатын жоғарылата алады. Еңбек өтілі 3 жылға толған жас мамандар айлығын бірден 25 пайызға арттыра алады. Мұғалімдердің биылғы аттестациясында қандай өзгерістер бар екенін Bugin.kz тілшісі зерттеп көрді.

Педагогтерді аттестаттауда не өзгерді?

Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мақұлдау сәтіне дейін оларды талқылау алаңы) порталында  Оқу-ағарту министрлігі бекіткен педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары жарияланды. Аттестаттау енді жыл сайын 1 рет өткізіледі. Осыған дейін қаңтар-мамыр, тамыз-желтоқсан айлары аралығында өтетін. "Педагог-тағылымдамашы", "педагог" санаттары алынып тасталды. Енді мұғалімдер эссе де жазбайды.

Аттестаттау біліктілік бағасы, педагог білімін бағалау (ПББ), қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау арқылы жүзеге асырылады.

Биыл педагогтердің білімін бағалауға өтініштер 17-20 сәуір аралығында қабылданды. Енді тестілеу 18 сәуір мен 13 мамыр аралығында өткізіледі. Санаты жоқ үміткерлер келесі жылғы аттестаттацияға өтініш бере алады.

Аттестаттауға кімдер қатысады?

Педагогтар,  әдіскерлер, білім беру ұйымдары басшысының орынбасарлары бес  жылда кемінде бір рет аттестациядан өтіп отырады. Білім беру ұйымдарының басшылары әр үш жылда бір рет аттестациядан өтеді.

Білім беру ұйымдары аттестаттауға жіберілетін педагогтің немесе ұйым қызметкерін біліктілікті бағалайтын портфолиосы арқылы іріктейді. Санатын арттырғысы келетін педагог 5 жыл күтпей 3 жыл аралықта өтініш бере алады. Ал сол санатта қалғысы келетін мұғалім арнайы тест байқауынан өтіп, межелі балл жинауға тиіс.

Тәртіп бұзған мұғалімдердің санаты ендігіде төмендетіледі. Аттестаттаудан өткен мерзімнен бастапқы аралық есептеледі. Аттестаттациядан өткен педагог 5 жылдан соң, қайта қатысуы шарт. 

Аттестаттауға әр педагог жылына 1 рет тегін, 1 рет ақылы қатыса алады.

Аттестациядан кімдер босатылады?

Мұғалімдік өтіліне 30 жыл болған санаты бар педагогтер біліктілік тестілеуден босатылады, алайда  портфолио тапсырады. Портфолио енді қағаз түрінде тапсырылмайды. Мұғалім егер санатын растағысы келсе, біліктілік тестін тапсырмайды. Ал санатын жоғарылатқысы келсе, міндетті түрде тест тапсырады. Зейнетке шығуына 4 жыл қалған педагогтар да осы ауқымды қамтиды. Санатын арттырғысы келсе ғана тест тапсырады.

Биылғы су тасқынының салдарынан баспанасыз қалған мұғалімдердің аттестациялау мерзімі 1 жылға шегерілді. Олар биыл аттестаттауға қатыспайды. Оқу-ағарту министрлігінің шешімі негізінде төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары) педагогтерін аттестаттаудан өткізу кейінге ауыстырылды.

Педагогтердің білімін бағалау тесті қалай өтеді?

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова

Педагогтердің білімін бағалау 2 бөліктен тұрады. Үміткер "Пәндік білім" бойынша 30, "Оқыту әдістемесі" бойынша 20 тест сұрағына жауап береді.

Тестілеудің жалпы уақыты педагогтер үшін – 1 сағат 20 минут (80 минут).  "Математика", "Физика", "Химия", "Информатика" пәндерінің мұғалімдері үшін 2 сағат 5 минутты (125 минут) құрайды.

Мүгедектігі бар азаматтарға қосымша 40 минут беріледі.  

Барлық  лауазымдағы педагогтер сынақтан:

- "педагог" біліктілік санаты  –  50%;

- "педагог-модератор" біліктілік санаты – 60%;

- "педагог-сарапшы" біліктілік санаты – 70%;

- "педагог-зерттеуші" біліктілік санаты – 80%;

- "педагог-шебер" біліктілік санаты – 90%;

- білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) бірінші басшылары, басшысының орынбасарлары үшін  – 70% балл жинау керек.

Әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері сынақтан:

- "педагог" біліктілік санаты  – 50%;

- "педагог-модератор" біліктілік санаты – 60%;

- "педагог-сарапшы" біліктілік санаты – 70%;

- "педагог-зерттеуші" біліктілік санаты – 80%;

- "педагог-шебер" біліктілік санаты – 90% балл жинауы керек.

Тестілеу тәртібін бұзған педагогтер не істейді?

Осыған дейін естілеу қағидасын бұзған педагог 5 жылға дейін тестке қатыса алмайтын. Биыл 9 сәуірде қолданысқа енген ереже бойынша, енді қағида бұзған педагог 1 жыл ғана тесттен шеттетіледі.

Егер педагог өз санатына сай  шекті балл жинамаса:

- аттестаттаудан өткен мұғалім 1 деңгей төмен; 

- біліктілік санатын алу жағдайында педагогтің білімін бағалау нәтижесіне сай санат беріледі.