Bugin

Енді есірткі өндірісі үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілмек

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Нашақорлар. depositphotos.com

Бүгінгі мәжіліс отырысында есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қатысты мәселелер көтерілді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

Мәжілісте есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлданды.

Заң жобасында есірткіні заңсыз өндіру есірткі қылмыстарының аса қауіпті түріне теңестіріледі. Бұл қылмыс үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында есірткі заттарын өндіру үшін жауапкершілікті барынша күшейту жөнінде тапсырма берген еді.  

Есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева баяндама жасады.

Күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау қатаңдатылады. Есірткіге қарсы күрес туралы түзетулер аясында Қылмыстық кодекс күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікке тартумен (301-бап) толықтырылады. Сондай-ақ күшті әсер ететін заттар және прекурсорлармен жұмыс істеу қағидаларын сақтауға міндетті адамдардың осы қағидаларды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді өсіргені үшін де қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 300-бабын "қылмыстық топтың құрамында" және "аса ірі мөлшерде" секілді квалификациялық белгілермен толықтыру ұсынылады. Бұдан бөлек, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 174-бабына есірткі тұтынуына байланысты мәжбүрлі емдеуден өткен адамдарды клиникадан шыққаннан кейін динамикалық бақылауға алатын және онда міндетті қолдау бағытындағы емдеуден өтетін өзгерістер енгізіледі.