Bugin

"Су тасқынына кімдер кінәлі?": депутат Жер заңнамасына қатысты тексеру жүргізуді талап етті (ВИДЕО)

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Депутат Абзал Құспан. Мәжіліс трансляциясынан скриншот

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның Бас Прокурор Берік Асыловқа жер заңнамасын бұзу фактілері жөнінде депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат, заңгер Абзал Құспан:

“Биылғы су тасқыны – Қазақстан тәуелсіздігін алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады. Алайда, осы күнге дейін су тасқынынның алдын алмағаны немесе салғырттық танытып жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымы бар тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген. Бұл – үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы – әрқашан мемлекет мойнына артылады”,-деп мәселе көтерді.

Депутат Жем өзеніне жақын орналасқан үйлерге қатысты:

“Құрметті, Берік Ноғайұлы, өзіңіз жақсы білесіз. Қылмыстық кодекстің 3-бабында “аса ірі залалал” және “ауыр зардап” деген ұғымыдар бар. Биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтарымыз да аса ірі көлемді шығынға ұшырады. Өкінішке орай, адамдарымыздан да айырылдық. Президент су тасқынына байланысты сізге нақты тапсырма берді. Сондықтан бір топ депутат барып зерттеген 2 өңір Батыс Қазақстан облысы және Атырау облысының Құлсары қаласы мысалында тексеруді Бас прокуратура деңгейінде кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептеймін”,-деп айтты.

Депутат жергілікті атқарушы органдар тек қауіп жақындағанда ғана адамдарды эвакуациялап, республиканың түкпір-түкпірінен көмек алғанын, шетелден де көмек келгенін сынға алды. Батыста 2011 жылы болған су тасқынынан кейін жергілікті атқарушы орган зардап шеккендерге үй берген. Алайда суға кеткен жерлерді қарамағына алмағанын, содан кейін суға кететін жерлерге үй салынғанын айтты.

Абзал Құспан Жер заңнамасына қатысты кең көлемді кешенді тексеру Республикалық деңгейде ұйымдастырылуы керектігін айтты.

Депутат Абзал Құспан жолдаған сауалдың видеосын  мына сілтемеге өтіп көре аласыздар.