Bugin

"Көк мұхит стратегиясы": қоғамдық лекцияда жас кәсіпкерлерге кеңес берілді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Шараға қатысушылар. Сана қорынан алынды

Кеше, 3 мамырда "Сана" қорының ұйымдастыруымен қоғамдық лекция өтті. Рухани дамығысы келетіндерге арналған “Көк мұхит стратегиясы” тақырыбындағы лекцияда еліміздің үздік кәсіпкерлері дәріс өтті. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

“Сана” қоғамдық қоры бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Кездесуде “Көк мұхит стратегиясы” кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітап әлемде 4 миллион данамен тараған бестселлер. Осыған дейін 47 тілде жарық көрген.

 

Фото: Кітапқа қолтаңба беру сәті, "Сана" қоры
Фото: Кітапқа қолтаңба беру сәті, "Сана" қоры

Спикерлер кәсіп бастағысы келетіндер үшін өз салалары туралы сөз қозғады.

 “Easy Tap” бағдарламасының негізін қалаушысы, “Forbes 30 under 30” қатысушысы – Мағзұм Төлеш стартап пен бизнес туралы түсіндірді. Оның айтуынша, стартап – үлкен тәуекел.

Мағзұм Төлеш бизнесін Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына шығарған. Енді оның кәсібі Әзербайжанның нарығына да шығуы мүмкін. Ол кітаптың өміріне әсері туралы:

"Мен "Көк мұхит стартегиясы" кітабын  2018 жылы оқыдым. Кітапты оқығаннан кейін сол жылдың сәуір айынан бастап ойларым өзгере бастады. Оны желідегі жазбаларымнан байқасаңыздар да болады",-деп айтты.

Григорий Петровтың "Финляндия – ақ лала гүлдер мекені" кітабында Снелман есімді кейіпкердің лекциялары елді қалай өзгерткені сөз болады. Спикерлер Снелман секілді өз практикаларын жақсы айтып, жиындағылардың сауалдарына жауап берді. Снелман секілді тұлғалардың лекциясынан соң, Финляндия батпақтың үстінде тұрған елден әлемдегі ең бақытты адамдар өмір сүретін елге айналған. Қоғамдық лекцияның мақсаты – еліміздегі өмір сапасын, экономиканы жақсарту. Он жылдан бері жалғасып келе жатқан лекция кәсіпкерлік пен рухани дамуды трендке айналдырып, интелектуал орта қалыптастырған. 

Қазір "Сала таңдау" ютуб арнасы арқылы танылған кәсіпкер Ұлан Құрманғалиев те сөз сөйледі. Ол кәсіпкерлердің қателігі туралы айтып, кәсіпті қалай бастау керектігін баяндады.

"Кез келген кәсіпті бірден үлкен қаржымен бастауға болмайды. Кәсібіңізге қажет жер мен құрылғыларды бастапқыда жалға алыңыз. Сіз шынында сол салада жұмыс істей аласыз ба, тек қызығушылықпен нарыққа кіргіңіз келді ме бәрін түсінесіз. Егер, ол кәсіпті игере алмайтыныңызды түсінсеңіз, тек жалға алу ақысы ғана шығын болады",-деп ақыл айтты.

Ұлан кәсіп бастау тақырыбында контент жасағандықтан жиі тәуекелге толы шешім қабылдайды. Жиырма миллион тіпті одан да көп қаржы жоғалтқан шешімдері туралы айтып, жас кәсіпкерлерге ой салды.

⁠Urbo Coffee кофехана желісінің негізін қалаушысы Дәурен Мұратханұлы Алматы нарығын қалай жаулағаны туралы айтып берді. Қазір оның кофеханалары Алматыда ең көп филиалға ие. Ол бизнесте масштабқа шығу туралы лекция оқыды. 

"Мен кәсіп бастағанға дейін мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істедім. Кәсіп бастауға идея мен қалау бар, қаржы жоқ болып жүрдім. Бастапқыда франчиза алып, тек филиал ретінде кәсібімді бастадым. Қазір 7 жыл бұрын ашқан Smart Point-тағы алғашқы бизнесім әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Алматыда 40 кофехана аша алдым",-деп айтты.

Avataria балалар парктер желстартап ісінің негізін қалаушы, YPO мүшесі Алмаз Тультаев "Көк мұхит стратегиясы" кітабының қазақ тіліне аударылуына негіз болған. Кітап қазір Kitapal дүкендер желісінің сөрелеріне қойылып, сатылымға шыққан.