ДЕНСАУЛЫҚ

"Жеңіл босанудың жолдары қандай?": акушер маман маңызды кеңестерді бөлісті

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

5 мамыр – халықаралық акушер күні. Ана мен сәби өмірінің арашасы болып жүрген мамандық иелерінің қоғам үшін пайдасы зор. Босану – табиғи әрі күрделі физиологиялық процесс. Әйелдер қауымы, әсіресе бірінші рет ана атанатын жас келіншектер босану және толғақ туралы көп ақпарат білмеуі мүмкін. Жүкті әйелдер босануға қалай дайындалу керек және нені білген жөн? Осы сауалдар бойынша Bugin.kz тілшісі "Maksat Med" клиникасының акушер маманы Кәлмен Бердігүл Кәлменқызынан сұхбат алды. 

Босанатын күні жақындаған жүкті келіншек қандай негізгі нәрселерді дайындауы керек? 

– Әрине, алдымен керек құжаттарды, яғни жеке куәлік пен ауысым картасын дайындап қою керек. 

Босанатын уақыт жақындағанда міндетті түрде перзентханаға арналған сөмкені жинап қойған жөн. Сөмкеде перзентханада қолданылатын керек заттар болады. Жүкті келіншек перзентаханаға өзіне және баласына арналған екі сөмке алып барады. Ішінде міндетті түрде ыңғайлы, ауыстыратын киім мен аяқ киім болуы керек. Сондай-ақ, гигиеналық заттарды да толықтырып алғаны жөн. Балаға алғашқы күндері аса қажет болатын заттарды тізім бойынша толықтырып, дайындап қойған дұрыс. 

Босанатын уақыты жақындаған аналарға алыс сапарға шықпауға кеңес береміз. Тіркелген мекен-жай бойынша үйлерінде болуы шарт. 

Толғақ басталған кезде жүкті әйел қандай әрекеттер жасау керек?

– Үйде босанып қалудың алдын алу үшін жүкті әйел толғақты сезгенде міндетті түрде аурухана бару керек. Толғақтың жақындағанын және жиілегенін сезсеңіз, жедел жәрдем шақырған дұрыс. 

 Жүкті әйелдердің жеңіл босануға арналған курсқа қатысқаны қаншалықты дұрыс? 

– Өте дұрыс. Әр клиникада “Жанұяны жоспарлауға арналған” кабинет болады. Сол бөлмеде жоспар бойынша әр ай немесе апта сайын түрлі сабақтар өтеді. Соған қатысып “босанатын кезде қалай дұрыс тыныс алу керек, қалай босану керек, егер жүктіліктен сақтану керек болса, оның қандай жолдары бар, жүктілік кезінде не істеу керек” деген сұрақтардың жауабын алуға болады.

⁠Босануға физикалық және психологиялық жағынан қалай дұрыс дайындалу керек?

"Әрине толғақ пен босану процесі әр әйелде әртүрлі болады. Сол себепті бәріне ортақ бір жауап айту мүмкін емес. Дегенмен, босанар сәтте, толғақ уақытында әйел адам барынша сабырлы, шыдамды болуы керек", - дейді акушер.

Жеңіл босанудың ең басты шарты  – психо-эмоциональды тыныштықты сақтау. Бұл дегеніміз – толғақ кезінде қатты ауырсыну болса да, өз-өзін ұстай білу. Күйзеліске қатты түсіп кетпеу. Себебі, қатты күйзеліс бала мен ананың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Сондай-ақ, шамадан тыс айқайлайтын беретін болса, әйел шаршап, күші қалмайды. 

Екінші: босанатын уақыт жақындаған кезде арнайы дайындық жүргізгені дұрыс. Неше түрлі жаттығулар мен тыныс алу жаттығуларын жасау керек. Әйел босанатын кезде қалай тыныс алу керегні білуі шарт. “Жүктілікті жоспарлау” бөлмесінде өтетін сабақтарға қатысып, дұрыс тыныс алу жолдарын меңгеріп алғаны жөн. 

Үшінші: терінің серпімділігі жақсы болу үшін денеге аллергия туғызбайтын майлар жаққаны дұрыс. Босанғаннан кейін де тез қалыпқа келуге көмектеседі. 

Төртінші: босану процесі кезінде қасыңыздағы акушер маманның сөзін тыңдап, айтқан нәрселерін мұқият орындау керек.

Сондай-ақ, жүктілік кезінде анасы анемия болатын болса, ертерек емделуі тиіс. Анемия болса, оттегінің жетіспеуінен бұлшықеттердің жиырылуы болмайды. Ал толғақ кезінде бұлшықеттер дұрыс қозғалмаса, денеде серпімділік болмай, туу қиын болады.  

P.S: Әйел бақыты – ана атану. Әр әйел босануға психологиялық және физикалық жағынан дайындалғаны дұрыс. Толғақ пен босану – табиғаттың заңы болса, сол заңдылықты дәрігерлердің көмегімен оңай сақтауға болады. Бастысы өзіңізді күтіңіз, сіздің және сәбиіңіздің денсаулығы бәрінен маңызды.