ТӘРБИЕ

"Әділетсіздікті көп көрген": Олимпиадаға 2 күн қалғанда қатысқан қазақ

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Бүгін, 6 мамыр – грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіріовтың дүниеге келген күні. Әлем чемпионының өмір жолы туралы Bugin.kz тілшісі деректер ұсынады. 

Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы Жамбыл облысының Дихан ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейін толық оңала қоймаған, қиын кезеңде өтеді.

Үшкемпіров 1968 жылы Семейдегі мал дәрігерлік институтқа оқуға түседі. Ол күрес үйірмесіне институт оқып жүргенде ғана жазылған. Еркін күреске қатысқанына небәрі жарты жыл болғанда, республика чемпионы болады. Ол спортқа кеш келсе де, жетістікке тез жетеді.

Үшкемпіров  грек-рим күресінен 1976 жылы КСРО чемпионы атанады. Жеңімпаз ретінде Монреаль Олимпиадасына баруы керек еді. Қанша турнирде жеңіп жүрсе де байрақты бәсекеге бару Алексей Шумаковқа бұйырады. Алексей Олимпиада чемпионы атанып, жеңіс тұғырына шығады.

Әділетсіздікке жаны шыдамаған Үшкемпіров жарты жылдай жаттығуға бармай қояды. Оның көңілі қалған сәтте Дінмұхаммед Қонаев қолдау білдіріп, "келесі олимпиадаға қатысуға мүмкіндік жасаймын" деп үміт береді. Үшкемпіров осылайша бозкілемге қайта оралған.

Балуан даңқын асырған Мәскеу олимпиадасына тар жол, тайғақ кешуден өтіп қана жолдама ала алған. 1980 жылы КСРО чемпионатында жеңіске жетеді. Мәскеу бұл жеңісті місе тұтпайды. Құрлық чемпионатында Үшкемпіров күміс алып қалады. Осы үшін де оны Олимпиадаға жібермеуге тырысады. Алексей Шумаковта мүмкіндік көп болады. Екі рет халықаралық жарыста Шумаковты Үшкемпіров жеңіп тастайды. Бапкерлер сонда да Жақсылықты Олимпиадаға жібергісі келмейді. КСРО-ның ең мықты 6 спортшысының арасында жарыс ұйымдастырылады. 48 келіде Олимпиадаға бару – жеңімпазға бұйырады деп келіседі. Үшкемпіров тағы жеңіске жетеді. Осы жолғы бәсекеден соң, Шумаков "мен бармаймын" деген шешімін өзгелерге айтады. Құрама Алексейдің орнына грузин жігітін қатыстырғысы келеді. Осы сәтте іске Дінмұхаммед Қонаев араласып, Мәскеуге қоңырау шалады. Тек осы қоңыраудан кейін ғана Үшкемпіров Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады.

Үшкемпіровтың негізгі салмағы 70 келіге дейін барған. Ол жарыс сайын салмақ қуып, 48 келіге дейін салмақ түсіретін болған.

Жақсылық Үшкемпіров 1980 жылы Олимпиада, 1981 жылы Әлем чемпионы атанады. 1984 жылы 33 жасында Үлкен спортпен қоштасады. Ол Қазақстан мен Қытайда бапкер болып еңбек етті.

Үшкемпіров жеке кәсіпкер ретінде Алматы облысында балабақша, жаттығу залы сынды халық игілігіне қажет ғимараттар тұрғызып берген.

Жақсылық Үшкемпіров "Құрмет" орденімен марапатталған. 2017 жылы "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алған.

Күрестен олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 2020 жылы 69 жасында дүниеден өтті.