ДАМУ

Балаларды қорғау күні әр елде қалай тойланады?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz

1 маусым – балаларды қорғау күні. Жыл сайын жаздың алғашқы күнінде тойланатын мереке 1949 жылы қарашада Парижде Халықаралық Демократиялық әйелдер федерациясы конгресінің шешімімен бекітілген. Өзге елдерде бұл мереке қалай тойланатынын Bugin.kz тілшісі зерттеп көрді.

Дүниежүзілік балаларды қорғау күні – тек мереке ғана емес, сонымен қатар балаларды қорғау мен қолдаудың маңызын ұғындыратын айтулы күн. Елімізде бұл мереке 1997 жылдан бері тойланып келеді. 

1994 жылы Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы қабылданды. ҚР Конституциясында отбасы және балалар мемлекет қорғауында болатыны жазылған. "ҚР балалар құқығы туралы" Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алуы, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген.

Қазақстан Республикасы 2002 жылы 8 тамызда "ҚР Баланың құқықтары туралы" Заңды қабылдады. Құжат барлығы 53 баптан тұрады. Ал ҚР "Неке және отбасы туралы" кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. 

Немістерде балалар күні мерекесі ерекше деңгейде аталып өтіледі. Германияда 1 маусым күні Kindertag деп аталады. Елде мереке 1950 жылдан бастап тойланады. Маусымның алғашқы күнін неміс балалары асыға күтеді. Себебі олар ата-аналарынан құттықтау естіп, сыйлықтар алады.

Қытайда 1 маусымда балаларға арналған түрлі қойылым мен іс-шара ұйымдастырылады. Мерекеге орай ересектерге, соның ішінде үкіметтік мекемелерде жұмыс істейтіндерге балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін демалыс беріледі.

Польшада халықаралық балаларды қорғау күні ерекше күн болып саналады. Кішкентайларға көпшілік сүйікті тағамдарын дайындап, ойыншықтар мен тәттілер сыйлайды. Балалар күнінде поляк отбасылары табиғат аясында тамаша демалыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

Ал Испанияда Балаларды қорғау күні 1 маусым күні емес, 5 қаңтарда тойланады. Елдің барлық қаласында "Үш патша" атты балаларға тәттілер тарататын парадтық машиналар жүреді. .

Мерекені ерекше тойлайтын елдер қатарында Швеция да бар. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған мерекелер бөлек тойланады. Жыл сайын 7 тамызда Ұлдар күні атап өтілсе, 13 желтоқсанда Қыздар күні тойланады. 

Жапонияда Балаларды қорғау күні жылына үш рет тойланады. Мұнда 3 наурыз – қыздар күні. Бұл мереке қыз балаларға арнайы белгіленген. Ал Ұлдар күні 5 мамырда атап өтіледі. Одан бөлек, жапондықтар 15 қарашаны да қасиетті санайды. Себебі елде бұл күні ерекше атаумен бекітілген "Жеті-Бес-Үш" мерекесі тойланады. Жапон әдет-ғұрыптары бойынша үш, бес және жеті жас балалар үшін ең бақытты жас деп есептеледі. Сондықтан жыл сайын 15 қарашада осы жастағы балалар мерекелерін қуана атап өтеді.